Бұл мундиаль бұрынғыдан өзгерек
Бұл мундиаль бұрынғыдан өзгерек
365
оқылды
Футболдан Қатарда өтетін әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Бүгінге дейін төрткүл дүние көз тігетін дүбірлі доп додасында бақ сынайтын 29 ел белгілі болды. Қалған үш құрама маусым айында анықталады. Украина соғысқа байланысты іріктеу жарысын әлі өткізген жоқ. Алдағы уақытта олар Шотландиямен кездеседі. Бұл екі жұптың арасында жеңіске жеткен команда Уэльспен жолдаманы сарапқа салады. Украина/Шотландия/Аустрия арасындағы үштіктің жеңімпазы Англия, АҚШ, Иранмен В тобында ойнауға мүмкіндік алады. Тағы бір жолдама Коста-Рика мен Жаңа Зеландия арасында ойнатылады. Жеңіске жеткен құрама Е тобында Испания, Германия, Жапонияға қарсылас болады. Ал БАӘ мен Аустралия арасындағы матчтың жеңімпазы Перумен кездеседі. БАӘ/Аустралия/Перу үштігінің арасында жеңіске жеткені Франция, Дания, Туниспен D тобында ойнайды. Жеребе қорытындысы бойынша төмендегі құрамалар топтық кезеңдегі қарсыластарын анықтады: А тобы: Қатар, Эквадор, Сенегал, Нидерланд. В тобы: Англия, Иран, АҚШ, Уэльс/Украина/Шотландия. С тобы: Аргентина, Сауд Арабиясы, Мексика, Польша. D тобы: Франция, Перу/Аустралия/БАӘ, Дания, Тунис. E тобы: Испания, Коста-Рика/Жаңа Зеландия, Германия, Жапония. F тобы: Бельгия, Канада, Марокко, Хорватия. G тобы: Бразилия, Сербия, Швейцария, Камерун. H тобы: Португалия, Гана, Уругвай, Оңтүстік Корея.

Әлем чемпионаты қандай форматта өтеді?

Қатардағы әлем біріншілігі 20 қарашада басталып, 18 желтоқсанда аяқталады. Әдетте әлем чемпионаты жаз мезгілінде өтетіні баршаңызға белгілі. Бірақ Қатарда жаз мезгілі қатты ыстық болатындықтан, FIFA басшылары 2022 жылғы біріншілікті қыста өткізу туралы тоқтамға келді. Мундиальда 32 команда алдымен 8 топқа бөлініп, топтық кезеңде ойнайды. Әр топтан үздік шыққан екі команда 1/8 финалға өтеді. Одан әрі чемпионат олимпиадалық жүйе арқылы өрбиді. 1/8 финалда қарсыласын жеңген сегіз команда ширек финалға өтеді. Ширек финалда қарсыласын ұтқан төрт құрама жартылай финалда ойнайды. Жартылай финалда қарсыласынан басым түскен екі ел финалға шығады. Финал жеңімпазы әлем чемпионы атанады. Жартылай финалда жеңілген екі команда қола медальды сарапқа салады. 1/8 финалдың ойындары 3-6 желтоқсанда, ширек финал 9-10 желтоқсанда, жартылай финал 13-14 желтоқсанда, үш күннен кейін үшінші орын үшін матч болады, ал финал 18 желтоқсанға жоспарланып отыр.

Мундиальға қай елдер қатыспайды?

2020 жылғы Еуропа чемпионы атанған Италия Қатардағы әлем біріншілігіне жолдама иелене алмады. Еуропа аймағындағы іріктеудің топтық кезеңінде олар Швейцарияны алға жіберіп алды да, қосымша іріктеу жарысында Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды. Еуропадан Норвегия, Түркия, Венгрия және Грекия да жолдамаға қол жеткізе алған жоқ. FIFA Ресей құрамасын айтулы доп додасынан шеттетті. Негізі, олар әлем чемпионатына жолдама алу құқығы үшін Польша құрамасымен плей-офф ойынына қатысуы тиіс болатын. Сондай-ақ 2022 жылғы Африка кубогының финалисі Египет құрамасы да жолдамасыз қалды. Мысырлықтардан бөлек Қатардағы аладоп жарысына Нигерия, Алжир, Кот-д'Ивуар, Колумбия, Чили, Қытай құрамалары бармайды.

800 мыңнан астам билет сатылды

Қатардағы әлем чемпионатының ойындары 5 қаладағы 8 стадионда өтеді. Ашылу матчы жергілікті уақытпен түскі 13.00-де әл-Хавр қаласында орналасқан «Әл-Байт Аренада» ойналады. Бір уақытта 60 000 көрерменді сыйдыра алатын стадионда Сенегал мен Нидерланд құрамалары шеберлік байқасады. Кешкі сағат 19.00-де алаң қожайыны Қатар құрамасы Эквадормен үш ұпайға таласады. Ал турнирдің финалы 80 000 көрерменді қабылдайтын Лусаил қаласындағы Ұлттық стадионда өтеді. Сонымен қатар 2022 жылғы әлем чемпионатының үш аренасы Эр-Райянда орналасқан – бұл «Эдьюкейшн Сити» (45 350 көрермен орны), Ахмед бин Али (44 740) және Халифа (40 000) футбол турнирін өткізуге дайын. Дохадағы матчтар Рас Абу Абуд (40 000) және Эль-Тумама (40 000) стадиондарында және Эль-Вакра Эль-Джанубта (40 000) өтеді. Бүгінде әлем чемпионатының финалдық бөлігіндегі матчтарға 800 мыңнан астам билет сатылған. Билеттердің басым бөлігін Қатар, АҚШ, Англия, Мексика, БАӘ, Германия, Үндістан, Бразилия, Аргентина және Сауд Арабиясынан жанкүйерлер сатып алған. Әсіресе, турнирдің ашылуы мен финалдық ойынға қызығушылық жоғары. Топтық кезеңдегі ойындардың бағасы шетелдіктер үшін – 250-800 риал тұрса, (69$-220$ АҚШ доллары), жергілікті жанкүйерлер үшін – 40 риалға сатылды (11$). Финалдық кездесудің бағасы шетел азаматтарына – 220-5850 риалдан (604$-1600$), ал қатарлық жанкүйерлерге әлем чемпионатының финалы небәрі 750 риалға сатылды (206$).

Франция мен Португалия – фаворит

Қатар құрамасы әлем чемпионатында бірінші рет өнер көрсетеді, ал турнирдің өзі алғаш рет Таяу Шығыста өткелі тұр. Сондықтан қатарлықтар үшін қыс мезгілі айтулы футбол мерекесімен есте қалмақ. Алдағы доп додасында спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Иран құрамасына жақтасатынын, дегенмен турнирде Португалия құрамасының жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары екенін жеткізді. Ал спорт журналисі Табиғат Абаилдаев «32 құраманың ішіндегі ең мықтысы – Франция. Бірақ кубокты Бразилия алады» деген болжамын айтты. Футболдан биыл өтетін әлем чемпионатында 1 ғана жаңа (алаң қожайыны Қатар) команда өнер көрсетеді. Әлем чемпионатында бұған дейін жалпы 80 құрама бақ сынаған. Бразилия әлем чемпионатын жібермеген жалғыз ел болса, Канада құрамасы 1986 жылдан кейін мундиальға қайта қатысуға мүмкіндік алып отыр. Мундиаль тарихында тек сегіз ел әлем чемпионы атанған. Бразилия бес рет; Германия мен Италия төрт; Аргентина, Франция, Уругвай екі, Испания мен Англия бір рет жеңімпаз болған. Спорт мамандары Қатарда осы құрамалардың бірі қайта топ жаруы мүмкін екенін айтады. Бұл тізімдегілерден бөлек Португалия, Нидерланд, Бельгия құрамалары да чемпиондыққа басты үміткер саналады. Кей сарапшылар Дания мен Швейцария да турнирде ұзаққа баратынын болжапты. Расын айтқанда, алдағы әлем чемпионатының чемпиондығына қатысты айтылып жатқан болжам көп. Бірақ бәріне уақыт сарапшы. Ең бастысы, төрт жылда бір келетін теңбіл доп додасының тартысқа толы болғаны маңызды.