Байқоңырдағы мектептер өзге идеологияны насихаттай ма?
Байқоңырдағы мектептер өзге идеологияны насихаттай ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
292
оқылды
Ғарыш айлағы арқылы әлемге танылған Бай­қоңырды солтүстіктегі көршіміз жалға алғанын бәрі біледі. Дегенмен қаланың жайы қазір оңып тұрған жоқ, назарға ілігетін әлеуметтік мәселесі жетерлік. Әсіресе, білім беруде проблема көп. Қалада ресей­лік стандартпен оқытатын мектеп­тердің басым еке­­нін меңзеп отырмыз. Елемеуге болар еді, бірақ өзге үйреткен білімнің өзімізге таяқ болып тиер тұс­тары шығып отырғандай.

Әуелдегі қадам – бүгінгі аран

Өткен айда солтүстіктегі көршімізге жалға берген Бай­қоңыр қаласында Ресейдің Украинаға қарсы агрессия­сын қолдау мақсатында акция өтті. Митингіге оқушылар да шық­қан. Ал оқушылардың ата-аналары бұл акциядан мүлде хабарсыз болған. Бұған қоса, жасөспірімдер акция кезінде қолдарына Ресейдің туын ұстап шығыпты. Оны­мен қоймай, шерушілер алаңда тізбектеліп тұрып, үлкен қоршау жасаған. Ал қоршау­дың ортасына көліктермен Z әрпін бейнелегендері байқалады. Бұл белгі Украина жеріне кірген Ресей әскерін қолдау екені айтпаса да түсінікті. Әкімдік акцияға оқушыларды неге тартқаны беймәлім, бірақ акцияға наразылар көп. Рас, ол жерде қазақстандықтар да болған, ал Конс­титуциясың 20-бабы, 3-тармағында соғысты насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейтіні анық көрсетілген. Тәртіпті бұзғандарға қыл­мыстық жауапкершілік қарастырылады. Енді ұйымдастырушылар неге жазасыз қалды? Кейін акцияны Байқоңыр қаласының әкімдігі мен Роскосмос ұйымдастырғаны белгілі болды. Ең қызығы, акцияға 10-11-сынып оқушылары қа­тысқан екен. Ата-аналардың айтуынша, оқу­шыларды орталық алаңда іс-шара болады деп алдап шақырған. Олар митинг ұйымдастырып жатқанын білмеген. Осылай оқушылар саяси акцияның «төрінен» бір-ақ шығыпты. Байқоңыр әкімдігі еш қысылмастан акция­ны ақтап алды. «9 наурызда қаланың қоғамдық ұйымдары Байқоңыр қаласында «Біз біргеміз» ұранымен Ресейді қолдау шарасын өткізді. Еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қатысу­шыларынан басқа флешмобқа Байқоңыр қаласының барлық тұрғыны қатыса алды. Өйткені дайындалып жатқан іс-шара туралы ақпарат әлеуметтік желі мен жабық чаттар арқылы таратылды» деген әкімдік. Осыдан кейін біздегі құзырлылар оқиғаны ұмыттырғысы, әлде жуып-шайғысы келді ме, әйтеуір Байқоңырдағы ресейлік стандартпен оқытатын мектептерге «Қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы» пәндерін енгізуді ұсын­ды. Әзірге ұсыныс, іске аса қоюы неғайбыл. Неге? Өйткені еліміз Байқоңырдағы 5 мектепті 20 жылдан астам уақыт жүріп, әрең алды. Талай әкім ес­керту айтып, шенділер күшін салғанда қала­дағы білім саласын толықтай өз еншімізге қайтара алмаған. Мысалы, 2014 жылы Қызыл­орда об­лысының әкімі болып тұрған шағында Қы­рымбек Көшербаев Байқоңыр мектептерін қазақстандық стандартқа көшіруге талпынып көрді. Талпынғанда да, Көшербаев өзге құзыр­лы органдардың өкілі ұқсамай, бар шындықты жайып салған. «Байқоңырда ресейлік білім беру стандартымен оқытатын 6 қазақ мектебі (сол кезде) бар. Қазақ мектебіндегі қазақ балалар «біздің президентіміз – Путин» дейді. Ол қандай азамат болады, қандай патриот болады?» деп біраз ашынған экс-шенеунік. Әйткенмен, мәселенің түйінін тарқату оның да тұсында қолдан келмеді. Тек былтыр желтоқсанда «Байқоңыр қаласындағы Ресей мектептерінің сабақ жоспарына Қазақстан тарихы және Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері енгізілді» деген ақпар тарады. Қазақстан–Ресей жетінші үкіметаралық комиссия отырысында келісім жасалды. Міне, осы кезеңде ғана Байқоңырдағы 12 мектептің 5-уін Қазақстан еншісіне алдық. Қалған жетеуі әлі де ресейлік стандартпен оқытады. «Шүкір» деуге болар еді, бірақ ондағы мектептерді, тұ­тастай айтқанда, қаланың білім беру саласын өзімізге қайтармасақ, мәселенің ушыға беріп, түбі сол жердегі азаматтарымызды болмысынан айырар түріміз бар. Бүгін өзге елдің туын ұстап, алаңға шыққан баланың санасында өз елі жайлы түсінік қалмаса да таңғалмаймыз. Бар айып әуелдегі қадамдардан болғаны анық.

Тізгінді өзгеге қалай ұстаттық?

Жалпы, білім саласындағы сарапшылар Байқоңырдағы мектептердің мәселесіне кел­генде түңіле қалады. Себебі ондағы оқушылар көштен бөлініп қалғандай басқа үрдіспен жү­реді. «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлес­ті­гінің жетекшісі Мейіржан Темірбек соңғы жылдары еліміздің білім саласы көршімізге көп жалтақтап кеткеніне қапалы. – Мысалы, бір мемлекеттің ішінен екінші мемлекет ашу тәрізді әрекетті қалай түсінуге бо­лады, айта алмаймыз. Білім саласын Ресейге жалтақтатуды көбейттік. Болашақ бағдарла­ма­сын көршімізге бағыттадық. Білім сапасына кү­мән көп Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақ­станнан филиалдарын ашатын болды. Дұ­рыс емес екені анық қой, басқа сөзім жоқ, – деді ол. Бар мәселе оқушылардың санасында болып тұр. Білім тек оқыту емес, белгілі бір елге, жерге көзқарас қалыптастырушы құрал. Ал өзге елдің танымын сіңірген балаға келешекті сеніп тапсыру қиын. – Байқоңыр бір төбе, Алматының өзінде балалардың басым бөлігі орыс тілінде білім алады. Аралас мектептерді көбейттік, салаға жауаптылар сұраныс бар деп сылтау айтады. Шынында, қазақ тілінде білім беретін мектеп­терде орын жоқ, ата-аналар өзге тілді сынып­тарға амалсыз береді. Ал Байқоңыр мәселесі бұрыннан кеткен қателік. Ғарыш айлағын ғана емес, ол жердегі адамдар мен олардың санасын да жалға беріп жібердік. Ондағы адамдар ра­сында Ресейге де қажет емес. Ертеңгі күні «жоғалған ұрпақтың» күйін кешеді. Шовинистік көзқарасын алға тартып, елді бүлдіреді. Бай­қоңырда оқушылардың Ресей акциясын қолдап жүргені – ресейлік оқулықтың жемісі, – дейді Қазақстан ұстаздарының тәуелсіз қауымдас­тығының мүшесі Дархан Ардақұлы. Иә, келіспеске амал жоқ. Байқоңыр мек­тептерінің басым бөлігі Ресей бағдарламасымен қазір де оқытып жатыр. Қателік әуел бастан-ақ кеткен екен. 1994 жылы Байқоңырды Ресейге берген кезде Қазақстан жағы қалай ағаттыққа барғаны беймәлім. Ресей жағы «мектептерді өздерің қаржыландырып, өз бағдарламаларың­мен оқыта беріңдер» дегендей ұсыныс айтқанда, Қазақстан Үкіметі қаржыны ойлады ма, «бұл бізге тиімсіз» деп мектептерді Ресей бағдарла­масымен оқыту құжатына қол қойып жіберген. Соның кесірінен қазір қаншама бала «Ресей тарихын» оқып жатыр, өзге елдің идеологиясына иланып жүр. Көпшілік «қазақ тілінде білім бе­ретін мектептер бар» дегенді алға тартады. Бар, алайда қараңыз, Байқоңырдағы қазақ тіліндегі білім беру мекемелері 2006 жылғы 21 қарашада Қазақстан мен Ресейдің Білім және ғылым министрліктері қол қойған келісім аясында жұ­мыс істеді. Келісім бойынша білім беру меке­мелерінің жұмыстары Ресей заңдарын басшы­лыққа алады және оқу бағдарламаларын Ресей стандарттарына сәйкес жүзеге асырады. Тек былтыр ғана 5 мектепті ол шырмаудан шығардық. Ресей жалға алды, бірақ барлық инфра­құ­ры­лымды қамтамасыз етіп отырмағаны бізді қай­ран қалдырады. Жалға алушы қаладағы ғи­ма­раттарды күтіп ұстауды ғана міндетіне ал­ған. Жаңадан құрылыс жүргізбейді, соның ке­сі­рінен қала әбден ескірген. Ал Қазақстан жыл сайын Байқоңырға ақша құяды. 2021 жылы қала үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген екен. Онда неге салаларды өз қарауымызға алмаймыз? Қысқасы, Қазақстан мен Ресейдің Білім министрлігі 1994 жылғы 30 тамызда білім беру процесі бойынша келісімге келген. Білім беру мекемелерінде сол келісім негізге алынған. Яғни, барлық мектеп Ресей стандартымен оқы­тады. 2006 жылы Қазақстан және Ресей Фе­дерациясының Білім және ғылым министірлігі қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін ұйымдарды Қазақстанның юрисдикциясына беру туралы келісімге келді. Сосын 2010 жыл­дан бастап тек қазақ мектептерінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті, география және Қазақстан та­рихы пәнін оқыта бастадық. Былтыр 5 мектепті еншімізге алдық. Болғаны сол. Дегенмен бұл қалада солтүстіктегі көршінің идеологиясына иланып өсіп жатқан жастар көп секілді.