Солтүстік Қазақстан облысында сотталған азамат мекеме қызметкерлеріне қатысты жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстың қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың мәліметінше, ер адам аса ауыр қылмысы үшін (кісі өлтіру, қарақшылық, ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және басқару, бопсалау) 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Сөйтіп, ол 7 жылдан бері абақтыда отыр.
"ЕС-164/1 мекемесіне (тергеу изоляторы) келген сәттен бастап сотталушы әртүрлі құқық қорғау органдарына мекеме қызметкерлері мен басшылығы дене жарақатын салды, адамның ар-намысын қорлайтын басқа да іс-әрекеттер жасайды және ақша талап етеді деп арыз бере бастады", – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Барлық арыз сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Мекеме қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды, бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Сотталушының арызында көрсетілген фактілер бейнебақылау камералары мен қызметкерлер камерасы арқылы расталмады. Видеолардан оның дене жарақатын өзіне-өзі салғаны анықталды.
Үкімдер жиынтығы бойынша жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы сотталушы мекемесінде 23 жылға бас бостандығынан айырылды.