Игерілмеген қаржының сұрауы жоқ па?
Игерілмеген қаржының сұрауы жоқ па?
416
оқылды
Қазақстанда ұлттық жобаларға бөлінген бюджет игерілмегені үшін жауапкершілікті алып тастау ұсынылды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бұл заңды басқаша өзгертуді қалайды екен. Ведомствоның бұл ұсынысын вице-министр Сенатта бюджеттік процестерді қайта жүктеу мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен өткен кеңесте айтты. «Ұлттық жобалар бізде индикаторларға байланысты, әрқайсысына лауазымды тұлға бекітілген. Егер индикатор бар болса, 3-5 жыл ішінде қаражат бөлінсе, нәтиже көрсетуі керек. Егер қаржыны игермесе, жауапкершілік туындайды. Ұлттық жобалар бөлігінде бюджеттің игерілмегені үшін жауапкершілікті, нәтижелерге қол жеткізбегені үшін жауапкершілікке ауыстыру ұсынылады», – деді Әмрин. Оның сөзіне сенсек, кез келген ұлттық жобаға ақша бөлінеді, тиісінше, орындалуы тиіс белгілі бір көрсеткіш бар. Егер жоба орындалмай қалса, ақшасын басқа жобаларға аударуға болады. Яғни, қаражат пайдалану бойынша еркіндік болады. Осы жайларды айтқан ол «қаржыны игермегені үшін жауапкершілікті алып тастаймыз», – деді. Вице-министрдің айтуынша, қазір Бюджет кодексінде бюджет қаржысын игермегені үшін бірінші басшы жауапты болып тұр. «Бізде 10 ұлттық жоба бар және бір ұлттық жоба аясында қаражатты облыстар бойынша қайта бөлу мүмкіндігі қарастырылатын болады. Мысалы, бір облыста игеру жүріп жатыр, екіншісінде игерілмеген. Біз бұл қаражатты бір облыстан екінші облысқа аудара аламыз. Бұл өзгерістерді біз дәл Ұлттық жобалар үшін енгізгіміз келеді», – деп түйіндеді Әмрин.