Бауыр еті баласынан бас тартып, оларды нәсібінен айыратын әкелер туралы көптен айтылып жүр. Ата-анасының дәм-тұзы жараспай екі жаққа кеткенде ортадағы баланың көзі жаутаңдап қалады. Тура мағынасында да солай. Өйткені елімізде алимент төлеуден жалтарып, әкелік құқығынан бас тартатындар да көбейіп келеді.
Былтыр елімізде алимент төлеуден жалтарған 316 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Көпшілігі жұмыс жоқтығын сылтау етеді. Тағы 8 мың қазақстандық осындай борышкер сапында. Жауапсыз ерлердің борышын төлетуге мемлекет қолданбаған шара қалмаған. Әйтсе де, ескертуді елемейтіндер көп жағдайда төлемнің уақытылы жасалмауына себеп ретінде жағдайының төмендігі мен жұмыссыздығы екенін айтып, ақталуға тырысады. Кейбірі жалақысын жасырып та қалады. Жеке сот орындаушы Несібелі Бәсенованың пікірінше, алиментті өндіру үрдісін қайта қарау қажет. Себебі жұмыссыз жүрген не табысы төмен азаматтар миллиондаған қарызын өтей алмайды. Сол үшін алимент төлеуді орташа есеппен емес, әр өңірге жекелей белгілеу керек.
– Алимент төлемейтін азаматтарды Әкімшілік құқықтық кодексте көрсетілген 5 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру аз. Көп жағдайда сот бес тәулікке қамамайды. Ұзаса 2 тәулік береді. Борышкер 2 күнде жауапкершілігін сезінбейді. Ал бас бостандығынан айырған күннің өзінде оның тамағы, киімі мемлекеттің мойнына артылады. Ендеше осы мәселені реттейтін басқа жол табу керек, – дейді Несібелі Бәсенова.
Сот орындаушылардың заңмен көзделген алиментті өндіру тетіктері әртүрлі. Соның бірінде, мәселен Ақтөбе облысының тұрғынына нотариус қызмет көрсетуден бас тартқан. Ер адам алимент бойынша борышкер болғандықтан, жеке сот орындаушысы оған нотариустың көмегіне жүгінуге тыйым салған. 2017 жылдан бері жиналып қалған қарызы 470 мың теңгені құраған ер адамның алимент төлеуден басқа амалы қалмапты. Тағы бір мысал, 2017 жылы Павлодар облысының бір тұрғыны өз балаларын балалар үйіне тапсырған екен. Бірақ сот үкімінде көрсетілгендей ай сайын алимент төлемеген. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде 3 миллион теңгеден астам қарыз жиналған. Атқарушылық іс жүргізу барысында жеке сот орындаушысы әйелдің Екібастұзда екі бөлмелі пәтері бар екенін анықтап, сотқа жылжымайтын мүлікті өндіріп алу туралы ұсыныс жолдайды. Салдарынан әйел пәтерді өз бетінше сатып, қарызын өтеген. Жалпы, тізе берсе мұндай мысалдар жетіп артылады. Ресейден келіп, сот орындаушыларға ұсталып қалған борышкерлер де бар екен. Шығыс Қазақстан облысында ер адам 2016 жылдан бері баласына 1 миллион 64 мың 695 теңге алимент қарыз болған. 2018 жылы ол Қазақстаннан Ресейге көшіп кетіпті. 2019 жылы атқарушылық құжат келіп түскен соң, жеке сот орындаушысы борышкердің елден шығуына тыйым салатын қаулы шығарған. Бірақ одан хабары жоқ әлгі ер адам былтыр наурыз айының басында Қазақстанға қонаққа келіп, кері қайтарда әуежайда ұсталып қалады. Осылайша, оның кері қайту үшін қарызын толығымен өтеуден басқа амалы қалмады.
Ал Италияда борышкер алимент төлемесе, оның қарыздарын ата-анасы төлеуге міндеттеледі. Яғни, судья: «Егер ата-анасы осындай жауапкершілігі төмен жігітті тәрбиелесе, онда олар баласы үшін алимент төлеуі тиіс» деген уәжді айтады. Немеренің ата-әжесі үшін бөтен еместігі назарға алынған. Үш жыл бұрын қоғам болып қызу талқылаған шетелдік тәжірибе, біздің заңға да қосылды. Қазір борышкердің алимент төлейтін ақшасы болмаса, оның ата-анасы алимент төлейді. «Балам балым, немерем жаным» дейтін біздің менталитет үшін ата-әжелердің бұл жауапкершіліктен қашпайтыны айдан анық. Дегенмен не жұмысы жоқ, зейнетақыға қарап отырған қарттарды заңмен қудалап, өзінің емес, баласының берешегін төлету қаншалықты дұрыс?
– Ата-әже өз баласын бағып-қағып, оқытып, міндетінен құтылды. Енді оған немеренің жауапкершілігін жүктегеніміз дұрыс емес. Бірақ біздің заңда еңбекке жарамды ата-әженің алимент төлеуі қарастырылған. Негізі, баланың әке-шешесі тірі болса, керісінше әке-шешесінің жауапкершілігін арттыру керек, – дейді заңгер Меруерт Қойайдарова.
Ата-әженің алимент төлеуі уақыт өте келе қоғамдағы екінші мәселенің туындауына әсер етеді. Яғни, не жұмыс істемейтін, әйтеуір үйлену керек деп, әйел алып, балалы болып, ажырасуға арланбай жүрген жауапкершілігі жоқ жігіттердің, ортадағы баланың тағдырын ойламастан, өзінің шешімімен өмір сүргісі келетін әйелдердің одан сайын көбеюі мүмкін. Меруерт Қойайдарованың айтуынша, борышкерлер заң бойынша қатаң жаза болмағаннан кейін алиментті төлемей кейінге қалдырады. Тіпті, төлегісі де келмейтіндер бар.
– Сот орындаушылар борышкер алимент төлемеген жағдайда оны қылмыстық жауапкершілікке тартуы керек. Бірақ бізде іс жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Себебі құзырлы органдар «таба алмадық» деп істі соңына дейін жеткізбейді. Сот орындаушылар да алимент бойынша жүргізілетін істен қашады. Өйткені алимент бойынша төленетін ақша аз. Сондықтан сот орындаушылардың да жұмысының есебін сұрап отыру керек, – дейді Меруерт Қойайдарова.
Заңгердің алдына «Алимент төлемеу үшін не істеуім керек?» деп келетін әкелер көп екен. Кей жағдайда олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалақысын ең төменгі жалақы деңгейінде көрсетіп, алименттен қашады. Тіпті, алимент төлемеу үшін әкелік құқығынан бас тартатындар да жоқ емес. Бірақ заң бойынша баласынан бас тартқанның өзінде олар алимент төлеуден босатылмайды. Адамнан айла артылған ба? Мұндай жағдайда ата-аналар екеуара келісімге, өзара шешімге келеді. Борышкер алиментті екі-үш жыл төлемесе, 2-3 миллионға қарыз болып шығады. Сондайда аналар «қарыздың бәрін кешіремін, алимент те талап етпеймін. Сен тек баладан бас тарт, өмірімізден біржола кетсең болды. Жалғызбасты ана ретінде өз күнімді өзім көремін» деп жатады. Міне, осындай жағдайда кей әке баласынан бас тартады. Ондайда амал жоқ, заң да қауқарсыз.
Алимент проблемасының отбасы құндылықтары тұрғысынан алғанда ұлт проблемасымен ұштасып кеткені анық. Өйткені бүгінгі ата-ана – тоқсаныншы жылдардың соңында, екі мыңыншы жылдардың басында дүниеге келген жастар. Олар – тоқырау кезеңінің ұрпақтары. Әкенің жауапкершілігін толыққанды түсініп үлгермеген. Салдарынан алименттік көмек алмаған, әке мейірімін көрмеген бала қатарластарымен бәрібір тең болып өспейді. Ендеше ұлт болашағы үшін мәселені шешуде кешенді шара қабылдау керек. Темір торға қамау да, қоғамдық жұмысқа тарту да «көкек» әкелердің жауапкершілігін оятуға жетпейді.