Тосын оқиғаға кім кінәлі?
Тосын оқиғаға кім кінәлі?
333
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы кезде апат кө­бейді. Жыл басында қалалық мәдениет үйінің төбесі опы­рылып түссе, көп кешікпей жылу-электр орталығының алып мұржасы құлады. Күні кеше Тоқшын мектебінің тө­бесі ортасына түсті. Бұл апаттарға шенеуніктер табиғат құ­­былысын кінәлаудан әрі асар емес. Біресе жаңбыр мен ері­ген қар, біресе жел себеп болыпты-мыс. Аққайың ауданына қарасты Тоқшын орта мектебі 1965 жылы пайдалануға берілгеннен бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көр­мепті. Жыл сайын әр жері жамап-жасқалып келген. Мәжіліс за­лы­ның құлаған төбесінің де шұрық тесігі былтыр оқу жылының қар­саңында аз-мұз бекітіліпті. Бірақ ол дертке дауа болмаса ке­рек, көктем шығысымен еріген қардың салмағына шыдас бер­ме­ген төбеден қайтадан су аға бастаған. Соған қарамастан төбе опы­ры­лып ортасына түскен күнге дейін мәжіліс залында бала­лар­ға сабақ өт­кізіп келіпті. Тоқшын мектеп-гимназиясының ди­­рек­торы Күлшара Хамидуллинаның айтуынша, кабинет же­тіс­пегендіктен, сол күні 6-сыныптың 13 оқушысына ағылшын тілі сабағы акт залында өткен. Сабақ үстінде қабырғаның сылағы үгітіліп түске­нін балалар да, мұғалім де көрген. Директордың өзі де бір нәрсенің гүрс етіп құлағанын естіпті. Бірақ оған ешкім аса мән бермесе керек. Дегенмен директор сабақтан соң балалар шығарылып, зал жабылғанын айтады. Дәл осы сәттен бастап оқушыларды бір ауысымда ғана оқыту туралы шешім қабылданған. Абырой болғанда, кешке қарай болған апат кезінде мәжіліс залы бос еді. Дегенмен мектепте бұл уақытта бірен-саран мұғалімдер мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға келген балалар жүрген. Сөйтіп, олардың көз алдарында қас қағым сәтте 140 шаршы метр аумақ үйіндіге айналды. Бұл мектепте бүгінде білім алып жүрген 300 шақты баланың көрер жарығы бар екен. Оларды дәл осы сәтте Құдай қақты деген осы болар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», бұл апат сабақ кезінде болса, не боларын елестетудің өзі қиын. Сонда олардың обалы кімге болмақ? Мұндайға қалайша жол берілді? Жаңа оқу жылының қарсаңында мектептің дайындығы тексеріліп, қабылдау актісіне қол қойылмап па еді?

КОМИССИЯ ҚҰРАМЫНДА ТИІСТІ МАМАНДАР ЖОҚ

Облыстық Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, былтыр оқу жылының қарсаңында қабылдау актісіне қол қойылғанымен, комиссия құрамында құрылыс саласының мамандары болмаған. «Қабылдау актісіне жыл сайын қол қойылады. Оқулықтардың бар-жоғы, кабинеттердің дайындығы тексеріледі. Мектеп ғимаратының жай-күйі сырттай көзбен ғана тексеріледі. Ондай тексеріс барысында ешқандай ақау анықталған жоқ еді. Бірақ мектептерді қабылдаған кезде сараптама жүргізілмейді. Енді тиісті қорытынды шығарып, комиссия құрамына мектептердің жағдайы туралы айтып бере алатын тиісті құрылымдардың мамандарын енгізетін боламыз», – дейді Нәзір Азаматұлы. Әзірге мектептің іргетасы, қабырғасы, құбырларының жай-күйін тек мектеп директоры тексереді екен. Білім басқармасы басшысының айтуынша, Тоқшын мектебі апатты деп танылмаған. Білім ошағына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасардың алдында сараптама қорытындысы ғимараттың апатты жағдайда екенін көрсетпепті. Оның айтуынша, апатқа төбеден су аққаны және қабырғаның сөгілгені себеп болуы мүмкін. Қазір арнайы комиссия құрылып, апаттың себеп-салдарын анықтаумен айналысып жатыр. Комиссия мүшелері негізгі ғимараттың да жағдайын сараламақ. Олардың берген қорытындысы негізінде тиісті шешім қабылданбақ. Негізгі ғимарат қауіп төндірмейтін болса, қазір қашықтан оқуға жіберілген балалар мектепке қайтып оралады. Ата-аналар қашықтан оқудың өз қиындықтары бар екенін айтып шағымданып отыр. Себебі ауылдық аумақта байланыс пен интернет сапасы нашар. Оқушылар интернетке қосылу үшін жол жаққа немесе бау-бақшаға қарай шығуға мәжбүр. «Интернет болса ғана сабаққа дайындала аламыз», – дейді олар. Дегенмен ата-аналар үшін бауыр еті баласының өмірі қымбат. Олар тіпті мектептің маңайынан өтудің өзі қорқынышты екенін айтады. «Өмірі жөндеу көрмеген мектептің жағдайы адам шошырлық. Әсіресе, спортзалы мен үшінші қабаттың жағдайы тым мүшкіл. Сыртының сылағы үгітіліп жатыр. Маңайынан балалармен өтуге қорқамыз», – дейді олар.

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Былтыр дәл осы мектепті жөндеуге бөлінген 12 миллион теңгеге мәжіліс залы мен интернаттың төбесі жаңартылып, LTD Group ЖШС жүргізген жұмысты білім бөлімі мен әкімдік бірден қабылдап ала салған. Енді аудандық білім бөлімінің басшысы Рустем Исин қолын мезгілінен кеш сермеп, жұмыс сапасыз атқарылғанын айтып отыр. Биыл бұл мектепті күрделі жөндеу үшін 144 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға ғимараттың төбесі, едені мен ішкі бөлмелері жөнделмек. Жобалау-сметалық құжаттамасы да дайын, конкурс өткізіліп, жеңімпазы да анықталып үлгеріпті. Жұмыс мамыр айында басталады деп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметовтің айтуынша, былтыр дәл осы мектепті күрделі жөндеуге бөлінген қаржы қысқартылып тасталған. Биыл осы келеңсіздіктің нәтижесі апатқа әкеліп соқтырды. «Қаржы жетіспеушілігіне және аса мұқтаж мектептерге басымдық берілуіне байланысты қаржы қысқартылды. Мамандардан бұл мектептің апатты жағдайда екені туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Апаттан ешкім зардап шекпегеніне тәубе. Біздің міндетіміз – алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау», – деп жазды әлеуметтік желілерде облыс әкімінің орынбасары. Аудандық білім бөлімінің басшысы «Бұл төбеден бірнеше жыл бойы су ағып келген болатын» десе, облыстық білім бөлімінің басшысы күзде су ақпағанын айтады. Ал мектеп директоры болса, «бұл – жай кездейсоқтық, бұған дейін апаттың зәредей белгісі болған жоқ» деп отыр. Бұған дейін жылу-электр орталығының мұржасы құлаған кезде «Орталық Азия Электрэнергетикалық корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов та дәл осылай деп еді. Соған қарағанда, бұл сөз Солтүстік Қазақстан облысында сәнге айналып бара жатқандай. Жергілікті тұрғындар осындай бір-біріне кереғар деректер мен шенеуніктердің өтірігінен осындай апаттарға жол беріледі.

АДАМ ӨМІРІ ҚҰНСЫЗДАНҒАНЫ МА?

«Бұл бір сәттің, тіпті бір жылдың нәтижесі емес. Бірнеше жыл бойы ата-аналар балаларының өміріне қауіп төніп тұрғанынан бейхабар болып келген. Ең қорқыныштысы – барлық жерде осындай жағдай. Мектептердің жай-күйін білмейміз. Екі жыл бойы пандемияны сылтауратып, конституциялық құқығымызды бұза отыра, бізді мектепке кіргізген жоқ. Төтенше жағдай қызметі ай қарап отыр ма? Ауыл мектептері жөндеу көрмегелі қай заман? Қолда бардың өзін тиісінше жөндесе игі»,– дейді Шынар Смайылова. Петропавл тұрғыны Наталья Апретова ауыл түгіл, қала мектептерінің жағдайы мүшкіл екенін айтып дабыл қағып жүргелі бірнеше жылдың жүзі болды. «Қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінетіні, бірінші кезекте аудандардағы апаттық мектептерге бағытталатыны түсінікті. Дегенмен қала мектептеріне де назар аудару қажет. Қаржы қысқартылып, көптеген жобалау-сметалық құжаттаманың мерзімі аяқталуға таяп қалды, онда көрсетілген бағалар да қазіргіге сәйкес келмейді, ал жөндеу әлі жүргізілген жоқ. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі мәселесі қатты толғандырады. Электр сымдары, өрт кезінде пайдаланылатын баспалдақтар, жылу жүйесі қаусап тұр. Салынғанына 30 жылдан асқан мектептердің жылу жүйесі, құбырлары тым ескірген. Жылу-электр орталығындағы апат сабақ болмады ма?» деп жанайқайын жеткізді Наталья Апретова. «Мұның барлығы жауапсыздықтың, туындаған мәселелерді жасыру, үнсіздіктің салдары. Бұл – құлаған бірінші мектеп емес. 2019 жылы көктемде Тайынша мектебінің төбесі ортасына түскен еді. Сол кезде мектептің қосымша ғимараты түнделетіп сырылып тасталған болатын. Одан ешкім сабақ алып, қорытынды шығармағанға ұқсайды», – дейді Владимир Дудов. Биыл ақпан айының соңында 1935 жылы салынған қалалық мәдениет үйінің көрермендер залының төбесі де опырылып, ортасына түсті. Абырой болғанда, бұл апат та адам өмірін жалмаған жоқ. Ғимаратты төтенше жағдай қызметі уақытылы апатты деп танып, жауып үлгерген екен. Сөздің қысқасы, ата-аналарды облыс­тағы барлық мектептердің жағдайы алаңдатып отыр. «Адам өмірі соншалықты құнсызданғаны ма?» – деп налыған ата-аналар өңірдегі барлық білім ошақтарының жай-күйіне егжей-тегжейлі сараптама жүргізілгенін талап етіп отыр. Әзірге ресми мәліметтер бойынша, облыста апаттық жағдайдағы үш-ақ мектеп бар. Бірақ бұл сан қаншалықты шындыққа жанасатыны бір Аллаға аян.

Солтүстік Қазақстан облысы