Мемлекеттік бағдарламаның машақаты
Мемлекеттік бағдарламаның машақаты
496
оқылды
«Қиярымыздан пиярымыз көп болып кетті» деп бір әкім айтпақшы, Шығыс Қазақстандағы ауызсумен қамту мәселесі де дәл осылай болып тұрған жайы бар. Әкімдіктегілер «барлық ауылдарда ауызсу бар» деп ауыз толтыра айтқанымен өңірде ауызсуға жарымай отырған ауылдар аз емес. Шығыс Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген деректеріне қарасаңыз, аймақ халқы ауызсудан таршылық көрмей, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырған секілді. Олардың айтуынша, облыс тұрғындарының 96,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген (қала тұрғындары 99,1 %, ауыл тұрғындары 91,8 %). Өкінішке қарай, құжаттағы деректер осылай сөйлегенімен шын мәнінде, мемлекеттік бағдарлама арқылы қаншама миллион қаражат бөлініп салынған құдықтардың бірқатары пайдалануға берілмеген көрінеді. Мәселен, шекара шебіндегі Күршім ауданының 17 ауылында (Шанағаты, Ақжайлау, Ұранхай, Қайнарлы, Жаңаауыл, Былғары Табыты, Жиделі, Бұғы-Мүйіз, Теріскей Бөкенбай, Күнгей Бөкенбай, Егіндібұлақ, Ақши, Үшбұлақ, Қыстау-Күршім, Қайнар, Топтерек, Бірлік) тұрғызылған блок-модульді стансаның жартысынан астамы жөнді жұмыс істемейді. Он жеті ауылға құдық орнатуға облыстық бюджеттен 130 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Онсыз да халық саны ат төбеліндей қалған ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламаның осынша машақатқа салғанына қапалы. «Бұл Егіндібұлақ ауылындағы 5 миллион, 600 мың теңгеге салынған құдық. Су сегіз минут қана ағады да таусылады. Ішуге келмейді. Сор. Су сап-сары. Қазғандары 37 метр, құжат бойынша 50 метр деп тұр» дейді Instagram-дағы kurchum_patrioty паблигіне видео салған ауыл тұрғыны. Аталған парақшада бұл видеоның бір жыл бұрын түсірілгенін, бірақ ешқандай өзгеріс жоқты­ғын да ескертеді. Ауданның белсенді азаматтары Ақши мен Қалжыр ауылдарына арнайы барып, құдықтарды видеоға түсіріпті. «Мына құдық Бірлік ауылында орнатылған. Ауылдан бірталай жерде орналасқан. «Топаздың» скважинасы ма әлде өздері қазған ба, оны құзыретті органдар білетін шығар. Бірнеше жыл болды осы құдық жасалғалы, тұрғындар бір тамшы су да алмаған. Біріншіден, құдық қосылмайды, су ақпайды. Осыған жауапты адамдардан қанша сұрасақ та, жауап ала алмадық. Ешкім жауап бермейді. Екіншіден, бұл ауылда су 3 метрден шығады, ауыл суға тапшы емес. Суға бай елді мекенге құдықтың не қажеті бар? Сонда қалай болғаны, ауылдың тұрғындарынан сұрамай ма, «су керек пе, жоқ па?» деп. Біздің мемлекетіміздің, біздің облысымыздың, біздің ауданымыз тұрмақ, әрбір тұрғынымыздың қалтасынан шыққан қаражатын қалай болса солай жұмсауға кім жауап береді?» – дейді Күршім ауылының тұрғыны Ерназ Айтмұханбетов. Белгілі болғандай, бұл ауылдарда скважиналарды бұрғылау және модульді орнату жұмыстарымен Күршім ауданы әкімдігіне қарасты «Теректі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны айналысқан екен. Кәсіпорын басшысы Амантай Иқамбаевтың сөзінше, құдықтардың барлығы бірдей жарамсыз емес. Жұмыс істеп тұрғандары да бар. «Жасыратыны жоқ, 9 құдықтың жермен байланысты мәселесі бар. Оның құжаттарымен аудандық әкімдік айналысып жатыр. Құжаттары реттелген соң электр энергиясына қосылады. Құдықтар тоққа қосылмаған соң ғана істемей тұр. Бұл жерде гәп неде? Гәп мынада. Күршім аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі құжаттарды дұрыс рәсімдемеген. Құжаттар дұрыс болмағандықтан «Алтайэнерго» мекемесі электр жүйесіне қоспай отыр. Мәселен, Марқакөл өңіріне қарасты Егіндібұлақ, Ақжайлау, Былғары-Табыты ауылдарына құжат дұрыс болмаса да, келісіп жүріп, қосып бердік. Қалған ауылдарға Тұр­ғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі рұқсат қағаздарын алатын шығар», – дейді Амантай Иқамбаев. Ал аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер не дейді? «17 құдықтың мән-жайына тоқталсақ, 10 құдық 2019 жылы, қалғаны 2020 жылы салынған. Соңғы тұрғызылған 7 құдық жұмыс істеп тұр. Сметалық-жобалық құжаттарға сай са­лын­ған құдықтарды сол кездегі бөлім басшысы қабылдап алған. Ол кезде заң да басқа болды. Қазір заң талаптары басқа. Біз қазіргі заң талаптарына сәйкес құжаттарды қайта қарап, қалпына келтіріп жатырмыз. Мердігер айтқандай, расында электрмен жабдықтауға байланысты олқы­лық­тар болған. Қазір сол ақауларға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мер­дігер ұйымның кепілдемесі бар. Жа­қында Өскеменнен «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері келіп, құдықтарды тексерді. Мердігер бір ай көлемінде олқылық­тарды қалпына келтіруге тиіс», – дейді Күршім аудандық Сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген Егіндібұлақ, Ақши, Топтерек, Бірлік ауылдарында болып, құдықтардың жағдайын өз көзімен көргенін айтады. «Комиссия мүшелері арнайы барып, құдықтардың жағдайымен таныстық. Мердігермен кездестік. Ақши ауылында аздаған мәселе бар екен. Екі колонканың біреуі істеп тұр, екіншісі істемейді. Ауыл тұрғындары су келіп тұрғанымен алыс орналасқанын айтты. Мердігер компания өкілі басқа жерден су шықпайтынын жеткізді. Қыстау Күршім ауылында да мәселе бар. Мердігерге 10 мамырға дейін уақыт бердік. Жөндеймін деп уәде берді», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы