Ешбір рұқсаты жоқ құрылыс компаниясы әлі салынбаған үйдің пәтерлерін сатқан
Ешбір рұқсаты жоқ құрылыс компаниясы әлі салынбаған үйдің пәтерлерін сатқан
315
оқылды
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Министрдің айтуынша, жыл басынан бері құрылыс нысандарында жалпы сомасы 169 млн теңгеден астам 615 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Мәселен, Алматы қаласында тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат беретін құжаттарды учаскенің меншік иесі де, құрылыс салушы да ұсынбаған. Құрылыс салушы пәтерлерді сатып алу-сату шарттарын жасасу құқығы болмағанына қарамастан, аталған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер еркін саудаланған. Тіпті, құрылыс салушының үлескерлерден ақша тартуына рұқсат берілмеген. Осылайша, биыл 28 наурызда Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы кейбір ғимараттарда құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және анықталған кемшіліктерді түзету туралы ұсыныс берді. Қазір құрылыс жұмыстары тоқтатылып, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң нормаларын бұзғаны үшін құрылыс салушыға қатысты хаттама толтырылды. Қаңтар-наурыз айларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты комитеті 32 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 нұсқама берілген. Сондай-ақ 18 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.