Нан бағасын 90 теңгеден асырмау міндеттелмек
Нан бағасын 90 теңгеден асырмау міндеттелмек
©gdepoest.kz
402
оқылды
Елімізде өңір әкімдіктерімен әлеуметтік нан бағасын 90 теңгеден асырмау жөнінде меморандум жасалып жатыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова айтты. «Өздеріңіз білетіндей, нанның бірнеше түрі бар. Соның ішінде министрлік әлеуметтік нан бағасын ғана бақылай алады. Қазір азық-түлік корпорациясында бар бидаймен ішкі нарық қамтылып жатыр. Бидай тоннасының орташа бағасы – 150-160 мың теңге, ал корпорация бағаны түсіріп, тоннасын 90 мың теңгеге сатып жатыр. Осылайша, өңірлерге арзан бағамен 36 мың тонна бидайды жеткізу жұмысы басталып кетті. Өңір әкімдіктерінен түскен өтініштерге сәйкес, қаңтардан қыркүйекке дейінгі арзан бидайға деген сұраныс – 275 мың тонна», – деді Назгүл Хатепова. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің айтуынша, нан бағасын белгіленген межеде ұстап тұру жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. «Өңір әкімдіктері азық-түлік түлік корпорациясынан бидайды арзан бағамен алып, жергілікті ұн өндіретін мекемелермен келісім жасасады. Аталған келісімнің негізінде әлеуметтік нанның бағасы 90 теңгеден аспауы тиіс. Осы орайда, қазір облыс әкімдіктерімен меморандум жасалып жатыр, яғни біз бидаймен қамтамасыз етсек, жергілікті атқарушы органдар нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге жауапты болады», – дейді ол.