Өскенбаев отандық автоөндірісті өкпелетпейді
Өскенбаев отандық автоөндірісті өкпелетпейді
© коллаж: Әсел Балтақызы
374
оқылды
Бұл күнде көлігін жаңалағысы келетін жұрттың көбі алғашқы жарнасыз жеңілдетілген автонесиеден дәмелі. Апта басында несиелендірудің шарттарын таныстырған министрліктің хабарламасы көлікке құмар көпшілікті қайта ынтықтырды. Енді бірінің меселін қайтарып, көңілін су сепкендей басты. Неге десеңіз, автосалондарда көлік тапшы. Оған қоса, қарастырылған қаржының да мөлшері шектеулі. Сонымен, екі аптадан соң өті­нім беру басталатын жеңілдетілген несиелендірудің шарттары нақты­ланды. Аталған тетік арқылы бе­рілетін несиенің сыйақы мөлшер­ле­месі бұған дейін уәде етілгендей, 4 пайыздан аспайды. Бір борыш­керге 10 миллион теңгеден артық қаржы берілмейді. Қаржыландыру мерзімі 7 жылды құрайды. Оған қоса, көліктің құны 15 миллион теңгеден аспауы керек деген де талап бар. Демек, бағасы 10 мил­лион теңгеден асатын көлік үшін борышкерлер қалған қаржыны өз қалтасынан шығаруы керек. Айт­пақшы, жағдайы жетіп, қарызын өтеуге шамасы келетін борыш­керлер екі жылдан кейін тағы да автонесиеге өтінім бере алады. Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеңілдетілген несие беру бағдарламасын қаржылан­дырудың жалпы сомасы шамамен 100 миллиард теңгені құрайтынын хабарлады. Мұның 30 миллиард теңгесі өңірлердегі автобус паркін жаңартуға бағытталады. Ведомство басшысы автосалондардың пар­кінде жаңа көліктердің жетіс­пеушілігі барын мойындағандай болды. Сәйкесінше, оны шешудің тетіктері де қарастырылып жат­қанға ұқсайды. «Мұнда әр модельге жеке қарау керек. Мәселені түсініп алайық. Егер қажет болса, машинаның құны неден құралатынын анықтау үшін мен өндірушілерден өздерінің барлық қаржылық моделін құруды сұрайын», – деді Қ. Өскенбаев. Сонымен қатар министр бүгін­де шетелде шығарылған жаңа кө­ліктерді сатып алу үшін айлап ке­зекке тұруға тура келетінін айтып, қазақстандықтардың отандық автомашиналарды көптеп алуы үшін шаралар қабылданатынын тілге тиек етті. Демек, жаңа көлік деп жұртты иландырған бағдарлама сайып келгенде отандық автоөндіру­ші­лердің көрігін қыздыратын секілді. Неге десеңіз, қазір елдегі автоса­лондардан танымал автомар­ка­ларды табу шөп арасынан ине із­дегенмен бірдей. Біз хабарласқан авто­салондардың көбі қалаған көлігімізді жеткізіп беруге дайын екенін жеткізді. Бірақ армандаған «ақ боз атыңызды» тақымға басу үшін бірер ай күте тұруға тура келеді. Шынында, жыл басынан бері автосалондарда көліктердің тап­шылығы сезіле бастады. Өз кезе­гінде бұл фактор елдегі автокөлік нарығындағы ахуалға да өз «сал­қынын» тигізді. Автобизнес қа­уым­дастығының мәліметінше, 2021 жылдың алғашқы 3 айында елде 24 мың 196 дана жаңа автокө­лік сатылған. Ал биылғы қаңтар-наурыз айларында 10 753 қазақ­стандық су жаңа темір тұлпар тіз­гіндеген екен. Сонда да болса жекелеген сарапшылар қазіргідей жағдайда 3 ай ішінде 10 мыңнан астам көлік сатылды деген ақпа­ратқа сенбейді. Рас, біздегі автосалондар толы­ғымен жұтап қалған жоқ. Олардан қазір де жаңа көліктердің кейбір маркасын табуға болады. Бірақ автосалон мен нарықтағы бағаның арасы жермен көктей. Елорда тұрғыны Жәнібек Әлішер көпші­лікке жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шартына сай автокөлік табу қиындық туғыза­тынын айтады. – Мәселен, қазір автосалон­дар­дағы техникалық парктің ба­сым бөлігін құрайтын Ravon3 мар­калы көліктің бағасы 8 мил­лионға жуықтайды. Ал сұранысқа ие Kia-ның бағасы 12-13 миллион теңгені төңіректейді. Демек, са­лон­дардан жеңілдетілген автокөлік несие бағдарламасы аясында бері­летін 10 миллион теңгеге дәл қазір қалауыңыздағы көлікті табуыңыз екіталай. Әрине, мұнда көліктің шекті құны 15 миллион теңге деп көрсетілген. Яғни, ұнаған көлікті алу үшін несиеден бөлек 2-3 мил­лион теңгені алғашқы жарна ре­тінде төлеуге тура келеді. Дәл қа­зіргі сәтте екінің бірінде мұндай мүмкіндік жоқ қой, – дейді ол. Қысқасы, барша қазақстан­дықтың жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына иек артып, көлігін жаңалаудан үміттенуі бе­кершілік. Бұл істе көптің қалауын­дағы утильалымды төмендету, ал­ғашқы тіркеуден бас тарту мәсе­ле­лерін біржақты ету қажет-ақ. Қа­зақстанның тәуелсіз авто бизнесі одағының басқарма төрағасы Бе­рік Заиров та «көзге көрінбей» көлік құнына әсер ететін кедер­гі­лерді жоймай, қазақстандықтар жаңа көлікке қол жеткізуі қиындау деген пікірде. – Бізде жаңа автокөліктің тап­шылығы сезіліп және олардың ба­ғасы ырыққа көнбей тұрған шақ­та жеңілдетілген несие жыр­тыққа жамау бола алмайды деп ойлаймын. Оның орнына утиль­алымды 100 мың теңгеге дейін тү­сіріп, алғашқы тіркеуден бас тартатын болсақ, қазақстандықтар сапалы, қолжетімді автокөлікті ешқандай несиесіз ала алады, – дейді Б.Заиров. Сарапшының пікірінше, же­ңілдетілген автонесие бағдар­ла­масы қарапайым халықтан бұрын отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктердің оң жамбасына келгелі тұр. Пайыздық үстемені азайту үшін көліктің өзіндік құнын көтеру қалталы азаматтардың өзін автонесиеге «байлап» қоймақ. – Шындап келгенде, 4 пайыз­дық автонесие арқылы отандық автоөндірушілер пайдаға кенеледі. Шетелдік автокөліктердің тапшы­лы­ғынан қарапайым халық отан­дық автокөліктерді көптеп сатып ала бастайды. Ал бағдарлама ая­сында 100 миллиард теңгені өзінің тұтынушыларына «таратып» беріп, үстемеақыдан қосымша табыс табады, – дейді Тәуелсіз автобиз­нес одағының басқарма төрағасы. Бұл орайда қазақстандық ав­тоөндірушілер кез келген сұра­нысты өтеуге дайын. Өткен жылы отандық автокөлік сұранысының 50 пайызын қанағаттандырған «Сарыарқа Авто Пром» ЖШС биыл да өндіріс қуатын еселеуге дайын. Серіктестіктің баспасөз хатшысы Саят Жүсіпов былтыр 60 мың көлік саудалаған кәсіпорын биыл 70 мың көлік шығаруды жос­парлап отырғанын жеткізді. Әйтсе де, біріміз шетелдік, енді біріміз отандық көлік деп таласқа түсіп жүргенімізде автонесиеге қол жеткізу көпшілікке арман болып қалуы да мүмкін. Өйткені ми­нистр­дің өзі әзірге 4 пайыздық авто­несие бағдарламасына 70 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Ал борышкер осы жоба аясында жалпы сомасы 10 миллион теңге болатын автонесие ала ала­ды. Демек, бұл бағдарлама ә-де­ген­нен тек 7 мың қазақстандыққа жаңа көлік алып берумен шектел­гелі тұр. Кейбір борышкерлер 4-5 миллион теңге тұратын автокө­лікке қанағат тұтатынын есепке алсақ, 4 пайыздық автонесиемен көп болса, 10 мың адамның арма­ны ақиқатқа айналмақ. Оның үстіне, жалпы сомасы 10 миллион теңге болатын автонесие­ні алған әр борышкер 7 жыл бойы ай сайын 136 мың 688 төлеуге мәж­бүр болады. Елдегі орташа жалақы көлемінде табыс табатындар бол­маса, мұндай берешекті өтеу «шық­па жаным, шықпалап» кү­нелт­кен көп қазақтың қалтасына салмақ салады. Демек, жеңілдетіл­ген автонесие арқылы қазақстан­дықтар түгелдей жаңа көлік тізгін­дейді деуге келмейді. Бастысы, осы аз-маз мүмкіндіктің өзі «тісте­геннің аузында, ұстағанның қо­лында» кетпесе болғаны...
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрі Қайырбек Өс­кенбаев бұл бағдарламаға бұған дейін ке­зекке тұрған 15 мыңға жуық адам­ның құжаты қаралатынын ха­барлады. Олар бұл кезекке бұған дейінгі жеңілдетілген автонесие беру кезінде тұрған еді. Жоғарыда көр­сетілген мүмкіндіктерден бұл бағ­дар­ламаның шарапатын қарапа­йым қазақстандықтардың сезіне қоюы екіталай.