Павлодарда мектеп өртенді: 5 бала ауруханаға жеткізілді
Павлодарда мектеп өртенді: 5 бала ауруханаға жеткізілді
©tengrinews.kz
450
оқылды
Павлодардағы №6 орта мектепте өрт шығып, бес бала ауруханаға жеткізілді. Қазір зардап шеккендердің жағдайы тексеріліп жатыр.  Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, білім беру мекемесінде өрт шыққаны туралы хабарлама 15 сәуірде сағат 11.06-да түскен. "Үш қабатты мектептің үшінші қабатында кітап сақтау бөлмесінде өрт шықты. Жиһаз бен кітаптар өртеніп кетті. Өрт аумағы 15 шаршы метр", – деді ведомство баспасөз қызметі өкілдері. Өртсөндірушілер келгенге дейін 479 адам эвакуацияланған, оның ішінде 414-і бала. "Сағат 11.41-де өрт ауыздықталды. Өрт орнынан бес оқушы қыз жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді", – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілдері. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге облыстың Төтенше жағдайлар департаментінен 35 қызметкер мен 9 техника және Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жұмылдырылған.