Тәттілер 40 пайыз қымбаттады: Қазақстанда кондитерлік фабрикалар жабылмақ
Тәттілер 40 пайыз қымбаттады: Қазақстанда кондитерлік фабрикалар жабылмақ
Сурет: luckyhand2010
559
оқылды
Қазақстанда қанттың жетіспеушілігінен қазірдің өзінде кейбір кондитерлік фабрикалар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Өйткені бүгінге дейін Ресейдің құмшекеріне тәуелді болған отандық кондитерлер, көрші ел қантты экспорттауға тыйым салғалы бері тәтті өнімді қайдан алатындарын білмейді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы. Ірі компаниялардың өзінде небары бір айға жететін шикізат қалған. Печенье, пряник сияқты тәттілердің 150 түрін өндіретін "Петропавл кондитер" компаниясы қантты шикізат ретінде толығымен Ресейден сатып алатын. Наурызда көрші ел қантты экспорттауға тыйым салғаннан кейін енді шикізат қоры таусылуға жақын. не істерімізді білмейміз дейді. Айтуларынша, тәттілерді шығаратын шикізат жетіспегендіктен, кәсіптері тұралаған. Сондықтан, жақын күндері тіпті жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр екен.
"Қазақстандағы зауыттар қантты қайда жіберіп жатқанын білмеймін. Бізге қант жоқ дейді. Егер құмшекер болмаса, кондитерлік өнімдер де шығарылмайды. Сол себепті 1-2 күнде жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүрміз", – дейді "Петропавл кондитер" серіктестігінің директоры Евгений Шевелев.
Кондитерлердің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ талабына сәйкес, Қазақстан Ресей қантына тәуелді болып қалған. Өйткені, қазақстандық кәсіпкерлер одаққа мүше емес елдерден қант алатын болса, әр тоннасына 340 доллар көлемінде кедендік баж салығын төлеуі керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жылына 500 мың тонна қант тұтынады. Соның небары 40 мың тоннасы елде өндіріледі. Сәйкесінше, Тараз бен Алматы облысындағы зауыттар ішкі қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды.
"Қалған қажеттілікті жабу үшін алыс шетелдерден баж салығынсыз қант әкелуге келісімдер жүргізіліп жатыр. Еуразиялық экономикалық комиссия шеңберінде келіссөздер жүріп жатыр. Одаққа мүше елдер бұған келісім береді деген сенімдеміз", – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Нащгүл Хатепова.
Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті ірі өндірушілердің өзінде де бір айға жетер-жетпес қант қалғанын айтады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде шекерді жеткізу керек екенін айтып отыр.
"Ресейден басқа қантты Үндістан мен Бразилиядан импорттай аламыз. Енді олармен келісімге келіп, шарт жасасқанша екі ай өтеді. Ол жақтан қантты жеткізу де оңай емес. Логистика мәселесін ойластыруымыз керек. Соның бәрін қосқанда біз жазға дейін әлі қантсыз отыратын түріміз бар", –деді Кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбек.