Павлодарда белгісіз кәсіпкер орталық мешітте күніне 170 адамға ауызашар береді. Бұл қайырымдылық ауызашарына жұмсалатын қаржыны жеке кәсіпкер алдын ала төлеп қойған.
Аймақтағы бас имам Жолдас қажы Бертімұратовтың айтуына қарағанда, облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп мешітінде 3 ас ішетін зал бар. Оразаға арнайы дайындалған қайырымдылық ауызашарын беретін залды бір кәсіпкер Рамазан айының барлық күндеріне жалдап қойған.
«Алла разылығы үшін деп ниеттенген кәсіпкер аты-жөнін атамауды өтінді. Бұл залда 170 орын бар. Күн сайын сол орындар толып қалады. Жамағаттың көп келгені, әрине жақсы», – деді Жолдас Бертімұратов.
Бас имам бұл залда бір ай бойы күн сайын ауызашар беру үшін 5 млн 400 мың теңге жұмсалатынын атап өтті. Ал бұл қаражатты белгісіз меценат төлеп қойған. Енді орталық мешітте Рамазан айының соңғы 10 күнінде сәресі асын тарату да жоспарланып отыр.
«Бұған енді бірнеше адам қатысады. Күн сайын бір сәресі асын беруді белгілі адамдар жауапкершілігіне алатын болады. Ниет білдірушілерді бұл игі іске қатысуға шақырамыз», – деді облыстағы дінбасы.