13 сәуір күні Halyk Bank пен СберБанктің Қазақстандағы еншілес банкі келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, цессия шарты бойынша бөлшек бизнес клиенттерінің кредиттік портфелінің бір бөлігін Halyk Bank сатып алды. Яғни СберБанкте рәсімделген кредиттердің бір бөлігі Halyk Bank-ке өтті. Осы орайда несиесі Halyk Bank-ке ауысқан азаматтар арасындағы жиі қойылатын сауалдарға жауап беріп көрдік.Несиенің басқа банкке ауыстырылуы заңды ма?
Несиені басқа банкке беру кез келген банктің Банк қарызы шартымен көзделген құқығы.
Несиенің қай банкте екенін қалай білуге болады?
Егер клиент несиенің басқа банкке ауысқаны туралы СМС-хабарлама алмаса, онда оған бұрынғыдай СберБанкте қызмет көрсетіледі.
Сондай-ақ несиенің Halyk Bank-ке берілген-берілмегені туралы банк сайтында ЖСН нөмірі арқылы тексеруге болады.
Несиені өтеудің шарттары өзгере ме?
Қазақстан заңнамасына сәйкес несиенің пайыздық мөлшерлемесі, мерзімі, төлем мөлшері, сондай-ақ кесте бойынша ай сайынғы өтеу күні өзгеріссіз қалады. Банктер арасында несиенің ауысуы клиент тарапынан ешқандай қаржылық шығындарды талап етпейді.
Несиенің басқа банкке ауысуы несие тарихына әсер ете ме?
Қарыз бойынша төлемді уақтылы өтеген жағдайда, банктер арасындағы несиені ауыстыру процесі несие тарихына әсер етпейді. Тек несие бюросының есебінде несие беруші банктің атауы өзгереді.
Несие бойынша ай сайынғы төлем қалай жасалады?
12.04.2022 бастап төлемді Halyk Bank-тің бөлімшесіне барып, шотты толықтыру немесе Halyk Homebank мобильді қосымшасы арқылы жасау қажет.
Сонымен қатар Halyk Bank-ке несиесі ауысқан клиенттерден 13 сәуірден 11 маусымға дейін өсімпұл мен айыппұл алынбайды.
Егер ай сайынғы төлемді өтеу үшін ақша СберБанктегі шотқа салынып қойса, төлем қалай жасалады?
Егер төлем 11 сәуірге дейін жасалса, онда ол өтелген болып саналады (егер салынған қаражат сомасы ай сайынғы төлем мөлшерінен аз болмаса).
Егер несие бойынша төлем 12 сәуірден кейін жасалса:
- төлемді Halyk Bank бөлімшесіне барып, шотты толықтыру немесе Halyk Homebank мобильді қосымшасы арқылы жасау қажет;
- ай сайынғы төлемді өтеу үшін СберБанктегі шот толықтырылып қойса, қаражатты СберБанк бөлімшесінде шоттан алып, төлемді Halyk Bank-те жасау керек.
Егер несие алушы Halyk Bank-тің клиенті болмаса не істеуі керек?
Мұндай жағдайда несиені төлеу үшін Halyk Homebank мобильді қосымшасын жүктеп, тіркеуден өту қажет. Тіркеуден соң қарызды өтеу үшін пластиксіз Halyk Bonus Digital цифрлы картасы ашылады. Кейін ай сайынғы төлем Halyk Bank картасынан немесе шотынан автоматты түрде алынып отырады.
Басқа банктің иелігіне өтпеген несиелерді өтеуде өзгерістер бар ма?
Несиелері Halyk Bank-ке ауыспаған клиенттерге СберБанк қызмет көрсетуді жалғастыра береді.
Несие шарттары мен талаптары өзгермейді, оны клиенттер әдеттегідей кестеге сәйкес төлеп отырады.
Сондай-ақ ешқандай қосымша құжаттарға қол қоюдың немесе несиені тез арада мерзімінен бұрын төлеудің қажеті жоқ.