Жаңа облысқа ескі аудандар керек пе?
Жаңа облысқа ескі аудандар керек пе?
613
оқылды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылатын Ұлытау облысына қандай қалалар мен аудандар кіретіні белгілі болды. Қарағанды облысы мәслихатының кезектен тыс сес­сиясында өңірдің жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісін талқылап, бір шешімге келіп, Үкіметке бекітуге жіберді.

Ақадыр, Қарсақбай, Жезді қайта құрылса...

Сонымен, сессияда Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалаларын, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарын қосу ұсынылды. Қарағанды облысында Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск және Приозерск қалалары, сондай-ақ жеті аудан: Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет ауданы қалады. – Шешім тексерілді. Аймақтың бөлінуі барлық жағынан қарастырылған. Тұрғындардың пікірлері ескерілді, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Иә, кейінгі уақытта ел мен жер жайлы әркім өз ойын айтып, пі­кі­рін білдіруде. Ұлытау облысы құрылды. Екінші рет Қарағанды облы­сынан бөліп, еншісі берілді. Алайда болашақ Ұлытау облысының тұрғындары «бізге неге үш қала мен екі ауданды ғана бөлген?» деген уәж айтады. Сонымен қатар жабылып қалған аудандарды қайта құрса деп петиция жариялағандар да бар... – Шет ауданынан Ақадыр ауданын (1973 жылға дейін Ақадыр ауданының бірқатар ауылы Жаңаарқа ауданының құрамында болған) бөліп, Ұлытау облысына беру керек. Сонымен қатар Нұра ауданының бұрынғы Теңіз ауданына қарасты аумағын Шұбаркөл көмір кенішімен бірге берсе, Ұлытау үшін орасан олжа болар еді. Болашақ Ұлытау облысының кешегі мәслихат сессиясында мақұлданған картасын қараңызшы. Тура осы Теңіз өңірі бүйірден шыққан соқырішектей салбырап, Ұлытауға ұмсынып тұр. Қазір «Шұбаркөл–Арқалық» теміржолы бар. Дәл осы шойынжол арқылы жолаушылар тасымалын жаңғыртса – болғаны. Ал Ұлытау мен Жезқазғанға тиіп тұрған Шұбаркөлден «Баршын–Қорғалжын–Нұр-Сұлтан» бағытында автожол салынса, жаңа облыстың логистикалық әлеуеті артары сөзсіз. Осы жобалар қолға алынып, түбегейлі шешімде ескерілсе, наразы халықтың назы болмайтынына кепіл берер едім. Әрине, Шұбаркөл көмірі халықаралық тұтыну нарығында ауқымды сұранысқа ие. Брендке айналған қазынаны кім уысынан шығарғысы келер дейсіз… Десек те, өзгеріс кезінде қазіргі Қарағанды облысының барлық өңірінің талабы ескерілуі керек. Өйтіп-бүйтіп, аудан санын төртке жет­кіздік пе? «Енді Ұлытау ауданынан бұрын­ғы Жезді ауданына енші беріп, жаңа­дан Қарсақбай ауданын құрса», –дей­ді жергілікті халық. Ескеретін ұсыныс, – дейді облыстық «Орталық Қазақ­стан» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек. Ал «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков: «Облыстарды жауып, бір облысқа қосқанда қатты қапа болып, өкпе-ренішіміз басым болды. Өңірдің еңсесі түсіп, көптеген қиындық туындады. Уақыт, заман өзгерді. Ел тілегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерді. Кешегі күні Ұлытау облысының шекарасы бекітілді. Қуаныш та, реніш те бар. Жезқазған қаласының тұрғыны, сол аймақтан сайланған облыстық мәслихат депутатымын. Жол қиындығын жүрген біледі. Ақтоғай, Шет, Балқаш тұрғындарының өтініш, тілегін түсінемін. Бәрі тамаша, цифрлы, мобильді дегенмен мемлекетте шешілмеген істер көп. Ал жерлестерімнің өкпе-назы түсінікті. Болашақта ұлытаулық боламыз дейтін азамат қатары көп болары анық. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау қомақты қаражат бөлінеді. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Елде жеке кәсіпті дамытуымыз қажет. Халық тұтынатын тауарларды шығаратын өндірістерді ашуымыз керек. Ұлытау облысының тағдырын «Қазақмысқа» байлап қоюға болмайды. Елдегі бар мүмкіндікті ұтымды пайдалану керек, – дейді.

Қазыбек би ауданы

Ал Қарқаралы ауданына қарайтын Егіндібұлақ өңірінің халқы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановқа, Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке ашықхат жолдады. Ол хат: «Егіндібұлақ өңірінің халқы Қазақстан халқына жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауыңызды зор қуанышпен қарсы алды. Елімізде жаңа Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының ашылатыны турасында айтылған Сіздің Жолдауыңыздағы: «Мемлекетіміздің өркендеуі ай­мақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құры­лым­­ның оңтайлы болуы өте маңызды», – де­ген ұстанымыңыз біздің сөнген үмітімізді қайта жақты. Осы орайда Сізден Қазыбек би ауданы (1928-1963 жылдары – Қу, 1965-1993 жылдары – Егіндібұлақ, 1993-1997 жыл­дары – Қазыбек би) атанған тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарында саяси және эко­номикалық ахуал себебінен жабылып қал­ған мәселені қайта қарауды сұраймыз...» деп басталады. «Сіздің халыққа Жолдауыңызда: «әкім­шілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді», – деген стратегиялық мәні бар ойыңыз осы жіберілген олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, алты Алаштың ардағы, қара қылды қақ жарған әділ би, көрнекті қоғам қайраткері, мәмілегер-дипломат, қазақ елінің ұлы перзенті қаз дауысты Қазыбек бидің есімін өзі қоныс еткен жерінде ұлықтап, 1997 жылы тарап кеткен ауданды «Қазыбек би ауданы» деген атаумен қайта ашуды Сізден сұраймыз» деп толықтырады. Айта кету керек, ашықхатқа 2 мыңнан астам халық қол қойды. Әрине, хатқа жауап берілген жоқ. Дегенмен халық күдерін үзбейді.Әрі өз уәжін барынша қорғап баға­тын сынайлы. – Бұрынғы Қазыбек би ауданы ұлтымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын ірі оқиғалар өткен, ұлы тұлғалар өмір сүрген қасиетті қоныстардың бірегейі. Осынау құнарлы топырақта Қазақ хандығының Орда биі Қаз дауысты Қазыбек би, Бекболат би, Тіленші би, аруақты би Алшынбай, күй тәңірі Тәттімбет, өлең-сөздің бұлбұлдары Қалдыбай мен Кемпірбай, Балта мен Мауқай, күрескер ақын, әнші-композитор Мәди, ұлы Абайдың анасы Ұлжан, бәйбішесі Ділдә, атымтай жомарт Ақайдың Хасені, қоғам қайраткерлері Мұстақым Малдыбаев пен Нығымет Нұрмақов, әйгілі әншілер Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Нұғыман Әбішев, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Көшкімбаев, басқа да тұлғалар, ақын-жазу­­шылар, ғалымдар мен суретшілер өмір сүрді, – дейді тарихшы Нұртас Смағұлов. Иә, айтылған уәж орынды. Ашықхат иелері де жазғандарына Президент те, Үкімет те мән беретініне сенімді...

Қарағанды облысы