Биыл ҰБТ қалай өтеді?
Биыл ҰБТ қалай өтеді?
© Sputnik / Владислав Воднев
1,391
оқылды
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты өзгерістерді жариялады. Сонымен, биыл ҰБТ-да қандай өзгерістер болады және қай ережелер өзгеріссіз қалады? - Түлектердің өтініші мен қалауын ескере отырып, биыл грантқа үміткерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі берілді. Бұл ретте талапкерлер екі мүмкіндікте де бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын таңдай алады. - «Құқық» білім саласы бойынша шекті балл – 75 балл болып өзгерді. Ал басқа салалар өзгеріссіз қалады. - ҰБТ базасындағы «Қазақстан тарихы» пәні бойынша контекстік тест тапсырмалары енгізілді. Бірақ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады. - Ерекше білім беру қажет ететін балаларға қосымша тестілеу уақыты (40 минут) берілді. Сонымен қатар, оларға суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. - ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі, сондай-ақ металдардың белсенділік қатары қосылған тұздардың ерігіштік кестесі болады. - ҰБТ-ға қатысушыларға тестілеу аяқталғаннан кейін экранда, сондай-ақ «Жеке кабинетінде» жеке тақырыптық талдау қолжетімді болады. Бұл талапкерлерге әр пәнді меңгеру деңгейін түсінуге мүмкіндік береді. - Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланатын болады. Яғни, ҰБТ-ның әр қатысушысында жеке тест нұсқасы болады. - Ереже бұзған немесе тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға әрекет етуге тырысқандар анықталса, олардың нәтижелері жойылады. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Енді тест тапсыру орнында әр қатысушының жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеу мақсатында фронталды камера (Face ID) орнатылған. 2022 жылғы түлектер үшін көптеген білім орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр. Сабақтар орталықтардың YouTube арнасында тікелей эфирде өтеді және олар міндетті түрде сақталады. Осылайша, талапкерлерге ҰБТ-ны еш кедергісіз тапсыруы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-2022 бейнежазбасын жыл соңына дейін тексереді. Сондықтан барша талапкерлерді академиялық адалдықты сақтауға шақырады.