«Аузынан көбік аққанша бөлмеде ұстаған» – он күннен бері есін жимаған әйелдің туыстары араша сұрайды  
«Аузынан көбік аққанша бөлмеде ұстаған» – он күннен бері есін жимаған әйелдің туыстары араша сұрайды  
Фото: Видеоден скриншот
487
оқылды
Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны Таңшолпан Мұқанова он күннен бері комада жатыр. Туыстары бұған дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, құрсағында жеті айлық сәбиі бар келіншекке дәрігерлер мүлдем көңіл бөлмей, қараусыз қалдырған, – деп хабарлайды AstanaTV. Осының кесірінен Таңшолпанның халі нашарлап, жансақтау бөліміне түскен. Таңшолпан Мұқанова перзентханаға 13 сәуірде түскен. Бес күн бойы қан қысымы ұдайы көтерілген келіншек кейін мүлдем қараусыз қалған. Әйелдің нашарлағанын түнде ғана байқаған дәрігерлер таңға дейін дәрі құйып, жағдайы түзелмеген соң сәбиді кесарь тілігімен алған. Осы отадан кейін науқас комаға түскені туралы туыстарына хабар берген. *Ескерту! Келіншектің туыстарының сөзі қаз қалпында берілді. 
Таңшолпан Мұқанованың енесі Жаңыл Иманқұлова: «Келінім аузынан көбігі ағып, кереуетте екі қолын аспанға көтеріп жатады. Сол уақытқа дейін не акушер қарамайды не медсестра қарамайды. Сол күнгі кезекшілікте болған гинеколог-дәрігер, акушер, медсестра мен түнде кешкілікте приемда айттым ғой, басым қатты ауырып тұр деп, 11-ге дейін неге қадағалауға алмаған? Неге аузынан көбігі аққанша комнатта ұстаған? Сол жеріне жауап берсін! Келінімді аяғына тұрғызып берсін!?», – дейді.
Таңшолпанның анасы да – акушер. Ол құрсағында 7 айлық сәбиі бар қызының  ауыр халге түсуіне әріптестерінің біліксіздігі мен салғырттығы себеп болғанын айтады. Мұндайда уақыт оздырмай, басшылық пен жақын туыстарына бірден хабарласып, шұғыл түрде санавиациямен бас қалаға жіберу керек еді дейді.
Таңшолпан Мұқанованың анасы Бибігүл Мұқанова: «Нейрохирург «әйел бізге келгенде ауыр халде болды» деп айтады. Мозговое кровообращение, ол уже баяғыда кетіп қалған дейді. Қан көп мөлшерде құйылған. Бүкіл уақ тамырына дейін жарылған дейді. Әйел жас болғасын, операция жасадым дейді. Бір шанс беріп, мыңнан бір мезет болып қалар, жас қой деп жасадым дейді. Оған дейін неге консилиум жоқ? Дәрігергер неге үйлерінде ұйықтайды? Басшылары қайда? Неге келмейді?», – деп ашынады.
Бүгін Таңшолпанның комада жатқанына он күн болды. Төрт жасар тұңғышы Назгүл қазір анасын күтіп аурухана есігін күзетіп жүр. Ал дәрігерлер не боларын тап басып айта алмайды. БҚО Денсаулық сақтау басшысының орынбасары Асхат Балықов: «Науқас бізге «преэклампсия» диагнозымен түсті. Жағдайы нашарлағасын, консилиум шақырылып, шұғыл түрде кесарь тілігі жасалды. Кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды. Күн сайын республикалық деңгейдегі мамандармен консилиум өткізіп, кеңесіп отырамыз. Перинаталды орталық қызметкерлерінің әрекетін бағалап, тексеру үшін комиссия құрылды. Науқастың мұндай халге түсуіне не болғанын осы комиссия анықтайды», – дейді. Ал жаңа туған сәбидің жағдайы бірқалыпты. Ата-әжесі оған Айша деп ат қойды. Қазір ол да перзентханада дәрігерлердің бақылауында жатыр.