Айда су өндіруге арналған робот жобасын Ресей ғалымдары әзірлеп шығарған. «Риа-Новости» ақпарат көзінің дерегіне сенсек, бұл жоба Курчатов институтында әзірленген. Институт мамандары әзірлеген жобада Айдағы топырақтан су алуға болатындығы дәлелденген.
Жоба авторларының мәлімдеуінше, техника Айдағы топырақтан су өндіріп, болашақта ай станциясын сумен қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар ондағы зымыран қозғалтқыштарына жанар-жағармай құюға да мүмкіндік бар көрінеді. Қазіргі ай бетінде жүрушілерде реголиттен, қатқан мұз кесектерінен су өндіру функциясы жоқ екені анықталды.
«Ай бетінде жүрушінің салмағы 1,4 тоннаны құраса, ұзындығы – 4 метрге дейін, ал ені 2 метрге дейін жетеді. Ол басқару жүйесіне ие», - деп атап өткен ғалымдар.
Техникаға су жинауға арналған жылуоқшаулағыш ыдыс пен оны топырақтан буландырып алуға арналған контейнер орнатылады. Одан басқа, ай бетінде жүрушіде фреза, сондай-ақ ай сәулелерін шоғырлатқыш пен күн батареясы бар.