Жаңа заң жобасы арқылы ерекше қажеттіліктері бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып баратын ата-анасының біріне сол жерде тұру және тамақтану шығындары өтеледі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Динара Закиева мен Елнұр Бейсенбаев баспасөз мәслихаты барысында айтты.
Динара Закиева AMANAT партиясы фракциясының мүшелері ақпан айының басында қажетсіз шараларға жұмсалатын шығындардың орнына аз қамтылған отбасындағы әр балаға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 35 мың теңгеге дейін арттыруды ұсынғанын еске салды. Сондай-ақ әкімдіктерде қиын жағдайдағы отбасылармен жұмысты ұйымдастыру үшін отбасы істері жөніндегі басқармалар құру мәселесін де көтерген. Отбасы институтын нығайту, балаларға зорлық-зомбылық көрсету жөніндегі нысаналы индикаторларды өңірлік даму жоспарына енгізу жайында ұсыныс берілген. Алайда бұл бастамалар Үкімет тарапынан қолдау таппаған.
Баспасөз жиынында депутаттар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарға да тоқталды. Депутат Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, Мәжілістің кейінгі жалпы отырысында бірінші оқылымда тиісті заң жобасы мақұлданған.
«Біз мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып барған ата-анасының біреуіне бірінші қажеттілік шығындарының өтелуін ұсынамыз. Мәселен, сол жерде тұру және тамақтану шығындары. Алдын ала есептеулер бойынша, 3 жыл ішінде санаторий-курорттық емделуге ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге кемінде 62 мың бала барады деп жоспарланып отыр» – деді ол.
Айта кету керек, бұл заң жобасында мүгедектікті белгілеудің сырттай нысаны қарастырылған. Барлық таксопарктер мүгедектігі бар адамдар үшін қазіргідей 30 емес, әр 10 таксиге бір толық бейімделген машинаны қамтамасыз етуі керек. Ал жастар саясаты жөніндегі заң жобасында барлық кәмелетке толмағандар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру нормасы қарастырылған.