Сақтандыру қоры: жарна өсті, сапа ше?
Сақтандыру қоры: жарна өсті, сапа ше?
© коллаж: Елдар Қаба
524
оқылды
Медицина саласы да­мып, шетелде жасалатын ауыр ота­лар өзімізде жүр­гі­зіліп жатыр. Десек те, ба­сы ауы­рып, балтыры сыз­да­ған ха­лық­тың айтар ша­ғымы көп. Әсіресе, жұрттың жанын ауыр­тып, шымбайы­на бата­тыны – ай сайын жа­­лақысынан жырып бер­ген медициналық сақтан­ды­руға кеткен табысы өзі үшін пайдаға аспауы. Тіпті, жазатайым жағдайға тап бо­лып, өлім аузында жатса да жыл­дар бойы әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру қоры­ның қоржынына кеткен тиын­ның еш пайдасы бол­май жат­қаны рас. Аталған мәселе та­лай мінбелерден ашық кө­теріл­се де, бұл қор­ға атса мыл­тық өтпейді, шап­са қы­лыш кеспейді. Осыдан тура жеті жыл бұ­рын қолданысқа енген жүйенің артқан жүгі ауыр болғанымен, қалың ел игілігін көре алмай жатқаны ащы шындық. Сыр берген денсаулығы үшін шы­рыл­даған халық құны аса қым­бат болса да ақылы емханалар мен аурухана­ларға жүгінуге мәж­бүр. Өйткені мемлекеттің бюд­же­тіне қараған медицина­лық меке­мелерде не кадр жетіс­пейді, яки медициналық қон­дырғылары жоқ қызмет сапасы аса төмен. Мұны ақ халаттыларға күні түскен әр адам басынан өткіз­гені ақиқат. Ал сонда медициналық сақтан­дыруға ай сайын әр жан ба­сы­нан жалақысы арқылы бөлшек­тей ұсталып жатқан миллион­даған тіпті миллиардтаған теңге қаражат қайда кетті? Бұл қазір көптің кө­кейін тесіп, бірақ еш жауап таба ал­май жүрген сауал. Мәселені жа­қын­да Мәжіліс мінберінде депутат Серік Еру­баев­ та көтерген. Үкімет бас­­шы­сының орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутат­тық сауалында халық қа­лаулысы елдегі әлеуметтік меди­циналық сақтан­дыру қо­рының жұмысын сын сада­ғына алған. «Салымшылар әлеуметтік ме­дициналық сақтан­дыруға түс­кен өз қаражатын еш бақы­лай ал­майды. Ал «сақтандыру» қор атауын­да тек профанацияға ай­на­лып барады. Сақтандыру қоры болғандықтан, әрбір адам­ның өзінің жинақтаушы сақ­тандыру шотының болуы тиіс емес пе? Мә­селен, қазір бірнеше жыл бойы сақтандыру қорына төлем аударған әрбір салымшы егер белгілі бір себептермен 2-3 ай үзіліс алып қал­са, тиісті ме­ди­циналық қыз­мет­ті ала ал­май­ды. Ал егер ол төле­ген қаражат оның өзі үшін емес басқа адамға жұмсалса, мұны сақ­тандыру емес қосымша салық деуге де болады», – дейді Мәжіліс де­путаты Серік Ерубаев. Депутаттың айтқан уәжіне сенсек, 2017 жылғы 30 маусым­дағы Денсаулық сақтау минис­трі­нің №478 бұйрығымен бе­кітілген мін­детті әлеуметтік меди­циналық сақтан­дыруға ау­да­рымдар мен ұс­талымдар ере­жесінде кеткен ол­қы­лықтар жетерлік. Мәселен, жеке кәсіп­кердің өз кәсібінен басқа жұ­мысы болса ол сақтандыру қо­ры­на екі рет төлем ұсталады. Ал азамат бірнеше жерде қызмет етсе, сәйкесінше әр жалақысы­нан ме­ди­циналық сақтандыруға ұсталып отырады. Расында да, «бір тұлға неге бірнеше рет жар­на төлеуі тиіс?» деген заңды сауал әр көкейде туындайтыны айт­паса да түсінікті. Мәжілісмен халықпен өткен кез­десулерде та­ғы да үлкен келелі мә­селелер кө­теріл­генін айтады. Яғни, ем­деу хаттамасы бойынша тек қор белгілеген тізімдегі дәрі-дәр­мектерді қолдануға болады. Көз алдындағы науқасты дәрігер өз бетінше басқа препараттармен емдеуге құқығы жоқ. Ал мұндай жағ­дай анықталса аталған қор сол медициналық мекемеге қо­мақты айыппұл салады. Бұл, әрине аталған мемлекеттік ау­рухана, яғни емха­наның дәрі­герінің қызметіне елеу­лі нұқсан келтіретіні анық. «Халықаралық тәжірибеде ме­дициналық сақтандыру қор­ла­ры­ның жұмысы нақты адам­дарға, олар­дың денсаулығы мен әл-ау­қатына бағытталған. Егер емдеу сапасыз болып, нау­қастың денсау­лығына қарамаса қыз­метті тұ­тынушы клиент мұндай қызметке төлем жасау­дан бас тар­туға құ­қылы. Сон­дықтан біз ме­дициналық сақ­тандыру қо­ры­­ның жұмысын реттеп, нақ­ты сақтандыруға көшіп, соны­мен қатар Парла­ментке тұ­рақ­ты түр­де өз кіріс­тері мен шы­ғыста­ры турал есеп беруін жөн деп са­наймыз», – дейді Серік Ерубаев. Аталған мәселе бойынша біз әлеуметтік медицина­лық сақ­тан­­ды­ру қорына ресми хатпен шық­тық. Өз жауабында ұйым өкілдері жыл санап жарна мен аударымның көлемі ұлғайғанын, соған сай қызмет сапасы да жақсарып келе жатқанын атап өтті. Соңғы 4 жылда қорға мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру бойынша жалпы сомасы 1,8 триллион теңгені құ­райтын жарна мен аударымдар түскен. Тек 2020 жылы қормен медициналық қыз­мет үшін жал­пы сомасы 1,41 триллион теңге­ге шарт жасасқан. Яғни, қаржы сомасы 36 пайызға өскен. Ал өт­кен жылы тағы 2 трил­лион тең­геге шарт жасалып, ве­домс­твоның есебі бойынша атал­ған қаржымен медициналық қыз­мет пен дәрілік препараттар тіз­­­­бе­сінің саны еселене көбейген. Сақтандыру қоры есебінен көр­сетілетін консультациялық-диагностикалық қызмет 5 есеге, стационар жағдайында емделу­ші­лер 33 пайызға, жоғары тех­но­ло­гия­лық меди­цина­лық кө­мек 2 есеге, стационарлық кө­мек өсімі 11 пайызға, пациент­терді амбула­то­риялық дәрілік затпен қам­тамасыз ету 54,1 пайызға артқан. Биыл міндетті әлеуметтік сақ­­тандыру жүйесінде медици­налық қызмет көрсетуге 1 398 ме­дици­налық ұйым шарт жасас­ты. Олар­дың жартысынан көбі – жеке­меншік емдеу мекемесі. Қордағылардың мәліме­тінше, сақтан­дырылған азамат жарна­лар­дың мөлшеріне қара­мастан, меди­циналық көмекті қажет болған кезде толық кө­лем­де уақытылы алуға құқылы. Яғни, оған айына ең аз дегенде 3 мың теңге төлесе де, қымбат тұ­ра­тын тексеру, жүз­деген мың теңгеге жоспарлы операция жүр­­­гізілуі мүмкін. Жалпы сақ­тан­­дыру түрлері тәуекелдерді, әдет­те белгілі бір мерзімге және бел­гі­ленген мөлшерде ғана ж­абады. 
Қордағылар сұлу сандармен өз қызметтеріндегі мінсіз сапаны көрсеткісі келгенімен, денсаулық сала­сындағы жағдай күн сайын емхананың табалдырығын тоздырып жүргендерге мәлімі. Тіпті, қорға міндетті жарна төлеп жүргендер де құмға сіңген судың кебін киген қаражаттан үміт үзген. Демек бір ғана саладағы салғырттық емдеу ісін былай қойғанда, тұтас мемле­кеттік жүйенің жұмысын жоққа шығарғалы тұр. Сондықтан мемлекет тарапынан МӘМС қорының жұмысына терең талдау жасалуы қажет секілді.

Ақмола облысы