Еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау маңызды – Ерлан Саиров
Еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау маңызды – Ерлан Саиров
518
оқылды
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты. Депутат әлемде ауқымды геосаяси шиеленістер болып жатқан күрделі заманда қазақстандық жастардың әскер қатарына барудан бас тартып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Ол мұның негізгі себебін қарулы күштер қатарында бейбіт күнде қаза болып жатқан жауынгерлер санының артуымен байланыстырды.
«Біздің қарулы күштерде екі проблема: қатардағы жауынгерлердің зәбір көруі, әскердің ел алдында беделінің төмендеуі байқалуда. Бұл мемлекетті қорғау саласындағы өзекті проблема. Сондықтан азаматтар, әскер өкілдері бұл мәселені бірігіп шешуі қажет. Яғни, еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау өте маңызды!» – деді Ерлан Саиров.
Депутат әскери-патриоттық тәрбие беруде Отан қорғау миссиясына позитивті эмоционалдық сезім, Отан қорғаудың маңызы жөнінде жас жеткіншектерге терең ақпарат беру маңызды екенін де атап өтті. Сондай-ақ AMANAT фракциясының атынан мәселенің бірнеше шешімін ұсынды.
«AMANAT» фракциясы келесі шешімдер  қажет деп есептейді.
  1. Көптеген ғалымдар «Ел, халық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем» деп атап өтеді. Балалық шақтан батырлар жырын патриоттық сезімді ардақтап, батырлықты мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптейтін мектепке дейін, мектеп кезеңіндегі бағдарлама қажет.
  2. Әскери-патриоттық тәрбие процесіне «Алаш» зиялыларының ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекет идеясын халық сарбаздары жүйесін құрудан бастағаны жөніндегі терең оқу-ағарту жұмыстарын енгізу керек.
  3. Ана тіліміз, мемлекеттік тіл Ұлттық өрлеудің айнымас бөлігі екені жөніндегі ұғым мектепке дейін, мектеп бағдарламасының өзегі болуы тиіс.
  4. Бейбіт күндегі қатал тәртіпке қазіргі технология заманындағы жас буынның бойы үйренбей жатыр. Сондықтан, әскери патриотикаға Жаңа мотивацияның тәсілін ойластыру абзал.
  5. Қарулы күштер құрамында әскери-патриоттық жұмысты жүйелі түрде нығайтып, жаңа технологиялар енгізу қажет (интерактивті мазмұн, геймификация тәсілдері мен игротехника/игропрактика механизмдері).
  6. Әскери оқу орындарында темірдей тәртіппен қатар, адамгершілік, бауырмалдық курстарын ұйымдастыру маңызды тәрізді. Адамның тағдырын тікелей шешетін командирлердің жоғары моральдық-психологиялық дәрежеге ие болуы маңызды.
  7. Жоғарыда көтерілген мәселелерді сапалы, әрі жүйелі атқару мақсатында ведомствоаралық байланысты нығайту жұмыстарын координациялық кеңес форматында жасауды ұсынамыз.
Мәселені шеше отырып заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймын» – деді Ерлан Бияхметұлы.