Елімізде әр спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Соның ішінде су спорты да бар. Қайықпен ескек есушілердің су үстіндегі жарысы басқа спорт түрлеріне қарағанда кеш басталса да, дамуы жағынан көп спорт түрінен көш ілгері келеді. Байдарка мен каноэ есуден команда басшысы Берік Жаниев осы спорттағы жетістіктер мен маңызды мәселелерге тоқталды. Ендеше сол сұхбатты мәртебелі оқырман назарына ұсынамыз!
– Аға, әңгімемізді байдарка мен каноэ есу спортының елімізде даму барысынан бастайықшы.
– Кейінгі жылдары елімізде байдарка мен каноэ есу қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі саналады. Ескек есуден 2012 жылы Лондонда 4 спортшы, 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында 11 спортшы, 2020 жылы Токио Олимпиадасында 6 спортшымыз бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл спорт түрін ілгерілету ісінде 11 өңір бірінен-бірі қалыс қалып жатқан жоқ. Әсіресе, Алматы облысы, Батыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Қызылорда мен Атырау облыстары, Алматы, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында спортшыларға жақсы жағдай жасалған. Қазір жаңадан құрылған 3 облыста да байдарка мен каноэ есуді дамыту жоспарланып отыр.
– Қазақстанда ересектер және жастар арасында чемпионаттардың өткізіліп тұратынын білеміз. Ал жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру мүмкін бе?
– Иә, Қазақстан чемпионаттары тұрақты түрде өтеді. Жуырда Алматы облысында ересектер мен жасөспірімдер арасында біріншілік өтті. Бірақ халықаралық жарыстарды өз жерімізде қабылдауға әлі дайын емеспіз. Өйткені бізде арнайы су каналы жоқ. Түркістанда осындай канал салу мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол аяқталса әлеуметіміз артып, мүмкіндігіміз молаяды.
– Оқу-жаттығу жиындарына көбіне қай елдерге барасыздар? Өзімізде осы спорт түрінен қай қалаларда жақсы жағдай жасалған?
– Ескек есу спорты бойынша ұлттық құрама халықаралық оқу-жаттығу жиындарына алыс-жақын жерлерге шығып тұрады. Көбінесе шетелде, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында жаттығу өткізеді. Өйткені қыста аталған елдер жылы болады. Өткен айда, яғни 24-26 наурызда Таиландта Азия чемпионаты өтті. Соның алдында команда мүшелері Түркияда жаттықты. Нәтижесінде біздің спортшылар ересектер арасында 28 медаль, оның ішінде 10 алтын, 8 күміс, 10 қола алды.
Бүгінде ескекшілерге барлық жағдай жасалған. Қазақстанда бізге Алматы облысы мен Алматы қаласының климаты ыңғайлы. Шымкентте арна база болғанымен, жазда ол жақ қатты ыстық. Сондықтан жаттығу жасауға мүмкіндік бола бермейді. Нұр-Сұлтанда ауа райы қолайлы болғанымен арнайы ескек каналы жоқ. Сол себепті елімізде жарыстардың көпшілігі Алматыда, Алматы облыстарында өтеді. Болашақта Түркістан облысында халықаралық стандартқа сәйкес каналда су спортынан спорттық бәсекелерді өткіземіз деген үміттеміз.
– Спорт кешендері жеткілікті ме? Қайық, ескектен бөлек жаттығуға қажетті жабдықтар жағынан мәселелер толық шешілген бе?
– Қазақстандағы ескек есу спорты түрлерін дамытуда республикалық жарыстар мен жаттығу жұмыстарын өткізуге қолайлы мамандырылған базаның (канал) жоқтығы қолбайлау болып тұр. Біз негізі уақытымыздың көп бөлігін суда өткізетін болғаннан кейін көбіне жаттығу залында отыра бермейміз. Жалпы дайындық арасында болмаса, негізінен суда жаттығамыз. Ал техникалық қамтамасыз ету жағынан қиындықтар бар. Құрал-саймандар, әсіресе қайықтар қымбат. Қыс мезгілінде су мәселесі – басты проблемамыз.