Алматыдағы Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті (UIB) мен Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығы бірлесе отырып, тұңғыш қазақ тіліндегі MBA бағдарламасының тұсауын кесті.
Аталған іс-шараға белгілі кәсіпкерлер, жетекші ғылым қайраткерлері, магистранттар, докторанттар, профессорлар мен оқу орнының оқытушылар құрамы қатысты.
Бағдарламаны ұсынушылардың айтуынша, қазір қоғамдағы антикризистік менеджерлердің рөлі артқан. Соңғы жылдардағы зерттеулер осы саладағы қазақтілді бизнес менеджерлеріне сұраныстың едәуір артқанын көрсетіп отыр.
Ана тіліміздегі алғашқы бағдарламаның тұсаукесеріне қатысқан белгілі кәсіпкер, Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Сырымбек Тау халықаралық стандарттағы бизнес оқулықтарын қазақ тілінде оқытуды негізгі мақсат етіп отырғанын жеткізді.
«Бүгінгі мақсатымыз – қазақ тілінде бизнес менеджерлікті оқыту. Біздің ойымызша, әлемдік стандарттағы бизнес оқулықтар ана тілімізде жазылуы керек. Алға қойып отырған негізгі мақсатымыз – әлемдік бизнес қауымдастығында қазақ тілінде халықаралық білімі бар бизнес өкілдерін дайындау. Елімізде ана тілімізде білім алған бизнес менеджерлерге деген сұраныс жоғары болып тұр», –дейді кәсіпкер С.Тау.
Жиынға қатысқан тағы бір бизнес өкілі Құмар Жұмаханұлы: «Бізде бизнестің тілі тек орысша деген пікір қалыптасқан. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Себебі соңғы жылдарда ана тіліміздегі бизнес өнімдерге сұраныс жоғары болып отыр. Оның бірден-бір мысалы ретінде қазақтілді ортаға ыңғайланған ақпараттық бизнес кәсібінің қарқынды дамуын айтуға болады», – дейді.
Іс-шараны ұйымдастырушы, белгілі экономист Мақсат Халық оқу бағдарламасын ұсынудағы ойлары Қазақстанда қазақтілді бизнес көшбасшыларын дайындау екенін айтады. Ол өз сөзінде осындай мемлекеттік тілдегі бизнес оқу бағдарламасын дайындау туралы ұсыныс белгілі кәсіпкерлерден түскенін тілге тиек етті.
Аталған университеттің ректоры Анар Махметованың сөзінше, бүгінде осы бағдарлама бойынша білім алушылардың алғашқы тобы жасақталып, оқуға кірісіп кеткен. Әзірге олардың саны – 15 адам. Ректордың айтуынша, алдағы күз айларында сұранысқа қарай білім алушылардың санын көбейтуді жоспарлап отыр.