Жеңіс күні қарсаңында көзі тірі майдангерлерге құрмет көрсету жылдағы үрдіс. Өңір-өңірде, үлкенді-кішілі ұжымдарда бейбіт күнді орнату үшін жастығын қан майданға берген ардагерлерге ардақталып жатады. Сол секілді мемлекет тарапынан да соғыс және тыл ардагерлеріне сыйақы беріледі. Біздегі қазақстандық ардагерлерге берілетін бірреттік мерекелік сыйақының көлемі ТМД-ның өзге елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Бүгінде елімізде бейбітшілік үшін күрескен 381 соғыс ардагері және Жеңіске жетуге үлес қосқан 97 758 азамат бар. Олардың ішінде қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 92, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 212, соғыста қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 3 221, соғыс уақытында қаза тапқандардың жесірлері – 6, тыл еңбеккерлері – 74 116, соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге теңестірілген 20 111 адам есепке алынған.
Ардагерлерге құрмет айрықша
Егемен елімізде ерлердің еңбегі ешқашан еленбей қалған емес. Жыл сайын Жеңіс күнінде ардагерлердің аты ардақталып-ақ келеді. Хал-қарекетінше қаражат бөлініп, сый-сияпат жасалып жүр. Биыл да қаржылық қиындыққа қарамастан қан майданға қатысқандар мен тылда еңбек еткендер елеп-ескерілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеевтің айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының біріне айналған. «Біріншіден, жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. Азаматтардың 20 санатына өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Биыл ардагерлердің ай сайын алатын әлеуметтік төлемдерінің орташа жиынтық мөлшері соғысқа қатысқандарға – 193 714, мүгедек болып қалғандарға 201 615 теңге тағайындалған. Тыл еңбеккерлеріне 132 060 теңге бөлінеді. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге де 205 041 теңге беріледі. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғалар 161 174 теңгеден алады», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Руслан Сәкеев.
Бұдан бөлек, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары да тұрақты көрсетіледі. Әскери қызметшілерге қолданылатын құқықтар мен кепілдіктері, салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады. Тегін ем алып, санаторлық-курорттық емдеу орындарына да жіберіледі.
Оған қоса, жергілікті атқарушы органдар бюджет пен демеушілердің есебінен тартылған қаражатқа қиын өмірлік жағдайда қалған ардагерлерге материалдық көмек жасайды. Жыл сайын біржолғы материалдық көмек те дәстүрге айналған. «Биыл да Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 5,4 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсетуді қолға алып отыр. Барлық өңірде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектері үшін біржолғы материалдық көмек кемінде 1 миллион теңгені құрайды. Кейбір өңірлерде 2 миллион теңгеден берілмек. Концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына да кемінде 100 мың теңге бөлінсе, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне кем дегенде 60 мың, тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңге тағайындалды. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталады», – деп атап өтті Руслан Сәкеев. Айтуынша, қаржылай сыйақылардың сыртында Жеңістің 77 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ әлеуметтік заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты негізде шаралар қабылданып жатыр.
Естелік тақта ашылып, ерлердің ерлігі еленді
Мереке қарсаңында биыл бір ғана Алматы қаласының өзінде 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылады. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов «ардагерлерге құрмет айрықша» екенін алға тартады. Қаладағы аудандық әкімдіктер түрлі концерт өткізіп, «Батырларға тағзым» акциясын ұйымдастыруды қолға алған. Мемлекеттік деңгейдегі әскери шеру болмаса да, әскери шатырлар мен заманауи қазақстандық әскери техника, қару-жарақ қойылып, тұрғындардың Жеңіс туының желбіреуі үшін ардагерлердің жан алысып, жан беріскенін сезінуге мүмкіндік бермек.
«1943 жылдың 1 қаңтарында соғысқа аттанып, 3 Беларусь майданының 5 армиясы 13 минометтік полкінде қызмет атқардым. Сол жылдың 12 наурызында оң жақ бетіме снарядтың ұшқыны тиіп, Мәскеудегі госпитальға жатқызды. Жазылып шыққан соң қайтадан соғысқа кірістім. Госпитальдан келген соң «Ерлігі үшін» медалі берілді. Битевск қаласындағы 22-жеке құпия катюша бригадасына көздеуші болдым. Сөйтіп, тағы сол қолыма бомбаның ұшқыны тиіп, далалық госпитальда емделіп, қайтадан соғыс алаңына оралдым. Сол жылы желтоқсанда «За боевые заслуги» медалін берді», – деп еске алады жасы жүзге жуықтап қалған соғыс ардагері Жақан Сейсебаев. Қан майданда көрсеткен ерлігін ескерген бүгінгі билікке зор алғысын білдірген ол: «Осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан көріп жатқан қолдау көп. Әлеуметтік-медициналық кепілдіктері мен түрлі жеңілдігін қоса алып жатырмын. Ай сайын жәрдемақысын, мереке сайын сый-сияпат жасап жатыр. Сыйақыларының мөлшері де жыл сайын өсіп келеді. Елорданың қақ төрінен екі бөлмелі пәтерді де тегін берді», – дейді ардагер.
Әлем елдері қалай ұлықтайды?
Армениядағы соғыс ардагерлері мемлекет беретін кепілдіктердің көңілге медет болмай жатқанын, ай сайынғы төленетін жәрдемақылары жыртыққа жамау болмай жүргенін айтып келеді. Ал Ресейде соғыс ардагерлері Жеңіс күнінде 10 мың рубль көлемінде жыл сайынғы жәрдемақы алады. Беларусь мемлекеті биыл соғыс ардагерлеріне – 535, Өзбекстан шамамен – 1 350, Әзербайжан 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысушыларға 882 доллар тағайындаған. Ал Қырғыз Республикасы – 1 218, Тәжікстан 240 доллардан сыйақы бермек.
Алып құрлық АҚШ-та ардагерлерін біздегідей мемлекет қамқорлығына алған. Алайда бұл елде соғыс ардагерлері коммуналдық төлемдерден босатылмайды. Бірақ мүгедектіктігі бар америкалық ардагерлердің ай сайын алатын жәрдемақы көлемі 3 800 долларды құрайды. Ұлыбританиядағы да жағдай осы. Түркияда да майдангерлер ай сайынғы жәрдемақы беріледі. Оларға баспана алу үшін пайызсыз ипотекалар қарастырылған. Әрі соғыс ардагерлерінің балалары жоғары оқу орындарында тегін білім алады.
Қорыта айтар болсақ, қариясын қазынаға балайтын бізден асып ардагерін ардақтап, құрметке бөлеп жүрген елдер некен-саяқ. Керісінше, бейбіт өмірді алып берген батырларды өскелең ұрпаққа өнеге көрсететін Қазақстан өзге елдерге үлгі-өнеге.