Алматыда дәрігерді атып өлтірген күдіктінің анасы ақиқатты айтты
Алматыда дәрігерді атып өлтірген күдіктінің анасы ақиқатты айтты
Фото: КТК телеарнасының сюжетінен скриншот
458
оқылды
Алматыда дәрігер Юрий Шумковты атып өлтірген күдіктінің анасы алғаш рет мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды КТК телеарнасы. Анасының айтуынша, ұлының іш құрылысын тексеру үшін зонд жұтқызғанда кеңірдегіндегі шеміршегін сындырып жіберген. Сол жарақаттан нәр тата алмай қалған жігіттің жағдайы күннен-күнге нашарлаған. Ашынған жігіт ақыры осындай ауыр қылмысқа барған. Жақындарының айтуынша, тергеу изоляторындағы айыпталушының жағдайы одан бетер нашарлап, жүріп-тұрудан қалған. Ақпанда гастроэнтеролог Юрий Шумковтың қабылдауына жазылғанда Нұржанның тұрпаты зіңгіттей болған. Анасының айтуынша, асқазанын тексеру үшін наркозбен зонд өткізгенде кеңірдектегі шеміршегі сынып, екі айдың ішінде салмағы 95 келіден 64 келіге бір-ақ түскен. «Тамақ іше алмай құр сүлдері қалған жігіт дәрігер қатесін мойындамай, теріс айналғаннан осындай қылмысқа барды», – дейді анасы. Күдіктінің анасы Бақыт: «Кейін барды, менсіз барды, келінмен. Сол кезде барып айтса, салқын шығарып салыпты, тыңдамай. Өйткені барлық жерге барып қаралғанда ешқандай дәрігер алатынын алып, қаралатынын қаралып алғаннан кейін, тіпті бұдан қаша бастады. Еш жазылмағаннан кейін олар ешқандай диагноз қойылмағаннан кейін, олар қаша бастады», – дейді. «Қолымен істегенді мойнымен көтереді» деген анасы Нұржан сотқа жетпей өліп кете ме деп алаңдайды. Өйткені тергеу изоляторында халы күрт нашарлап кетіпті. Қағаз жүзінде «денсаулығы қалыпты» дегендердің сөзіне күдікпен қарайды. "Себебі, дәрігерді өлтірдің дегендей балама қарамай жатыр", - дейді. Айта кетейік, оқиға биыл 4 сәуірде болды. Дәрігер Юрий Шумковты автотұрақта атып кеткен болатын.