Сонау 2000 жылдары басталған инфляция мәселесі қазір ел экономикасының жазылмас бас ауруына айналғандай. Өткен айда Ұлттық банк өкілдері алдағы кезеңде инфляцияның өсетінін айтып, бір сілкіндірген еді. Жаңылыспаған екен, елде қымбатшылықтың қыспағы тимеген сала қалмапты. Тоқтайтын түрі де жоқ. Азық-түліктен бастап, автокөлік пе, құрылыс материалы мен баспана ма, бәрінің құны өсті. Сонымен инфляция алдағы кезеңде одан әрі өсе бере ме? Мамандар бұл жайлы қандай болжам айтады? Жұмыртқадан басқаның бәрі қымбаттады
Әуелі мәселенің мән-жайына қанығып алсақ. Биыл сәуірде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин Қазақстанда инфляция тағы өсетінін мәлімдеді. «Қазақстанның инфляция болжамы өсу жағында. Биыл наурызда Қазақстанда инфляция 12 пайызға дейін жеделдеп, 2016 жылғы қыркүйектен бастап ең жоғары межеге жетті», – деді ол. Айтуынша, азық-түлік инфляцияға ерекше әсер еткен, баға өсімі 15,4 пайызға дейін жеткен екен. Тутушкин бұл жағдайдың Ресейден импорттауға тыйым салу аясында бірқатар азық-түлік тауарының дефицитіне байланысты болғанын алға тартты. Соның әсерінен баға қымбаттап, кейін тұрақталғанын тілге тиек еткен. Бірақ бұл тұрақтанудың жалпы инфляцияға еш қатысы жоқ. Осы айдың басында Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 13,2 пайызға өскенін жария етті. Соңғы бір айда 2 пайыз, жыл басынан бері 7,3 пайыз болған. Яғни, қарқын мүлде бәсеңдемей келеді.
Ведомство мәліметінше, соңғы 1 жыл ішінде азық-түлік 17,9 пайызға қымбаттаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11,1 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға өскен. Өткен жылдың сәуір айымен салыстырғанда қант, жаңа піскен көкөністер, картоп және құс еті қымбаттап, бағасы өспеген жұмыртқа ғана қалыпты. Ал онсыз да елді алаңдатып жүрген автокөліктер 19,2 пайызға, тұрмыстық техника 18,1 пайыз, құрылыс материалдары 14,7 пайыз, жиһаз және тұрмыстық заттар 13 пайыз, тоқыма бұйымдар 8 пайыз, фармацевтика өнімдері 7,6 пайыз, қоғамдық тамақтану қызметтері 13,9 пайызға қымбаттаған. Оның үстіне біз бірнеше саланы атамай кеттік. Тоқ етері, құны өспеген сала жоқ. Әрісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да тарифтер өсіп, бір жылда электр энергиясы құны 10,6 пайызға, қоқыс шығару 7,8 пайызға, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ 3,2 пайызға артқан. Жасырары жоқ, шенділер көбіне қымбатшылыққа сыртқы факторды кінәлайды. Тіпті, әдетке айналды. Көп дүниеде өзге елдерге тәуелді екеніміз рас, бірақ ішкі факторлар да бар шығар?
Сыртқы фактор сылтауға айналған ба?
Жауаптылар осы келеңсіздіктің бәріне айналып келіп сыртқы факторлардың себеп екенін аргумент қылады. Әйткенмен белгілі бір деңгейде шенділердің де ісінде салмақ болғаны жөн еді. Ақталудың жолын іздеп, талай ақылға қонымсыз дәйектерді алға тартқан атқамінерлер де есте. Мәселен, былтыр Ұлттық банк төрағасы болып тұрған кезінде Ерболат Досаев «елімізде жалақының өсуі инфляцияға кері әсер ететінін» айтып қалды. Бірақ ақшаның құнсыздануын айлықтың өсуімен байланыстырған бас банкирдің пікірі экономистер тарапынан үлкен сынға ұшырады. Ал бұл жолғы инфляцияның өсуіне нені айыптаймыз?
– Алдымен сыртқы факторларды айтсақ, пандемия кезінде елдер арасындағы жеткізу қызметі тежеліп, азық-түлік бағасы өсті. Екіншіден, көрші Ресейдің қазіргі санкцияға толы жағдайы. Қазақстан экономикасының сол елге 40 пайыздан астам импорттық тәуелділігі бар. Осы нәрселер бізде қосымша инфляцияның туындауына әкелді, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Маман ішкі факторларға келгенде ең әуелі бюджет шығындарының теңгерімсіз өсуін атап отыр. Кірісімізден шығысымыз көп. Сонымен қатар импорттың қымбаттауы мен өндірістің мүлде аз болуы да бар.
– Ұлттық банк интервенция жасау арқылы мәселені шешкісі келеді. Бірақ бұл онымен шешіле қояр проблема емес. Үкімет пен Ұлттық банк қоян-қолтық жұмыс істеген кезде ғана жағдай оңалады. Үкімет ішкі қажеттілікті импорт есебінен емес, ел ішіндегі өндірістен өтеу жолдарын іздей бастауы тиіс. Ең бірінші азық-түлік инфляциясының алдын алу керек. Халықтың табысы автокөлік, киім-кешектен бұрын күнделікті азғантай қажеттілігіне де жетпей жатыр. Сондықтан елдегі азық-түлік өндірісіне көңіл бөліп, логистикалық жолдарды кеңінен қарастырған жөн. Бізде азық сақтайтын қоймалардың өзінің тапшылығы 70-90 пайыз аралығында. Егер қоймалар қажеттілік деңгейін жеткілікті дәрежеде сақтай алғанда инфляцияны сәл де болса ауыздықтар едік, – деді Б.Ысқақов.
Экономистің айтуынша, бағаның қалыптасуына ең бірінші кезекте мемлекет араласуы тиіс. Әйтпесе өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар да инфляцияға әсерін тигізіп отыр. Белгілі бір дәрежеде елдегі қымбатшылыққа кәсіпкерлер-делдалдардың қатысы бары анық. Әлемде геосаяси ушыққалы бері доллардың теңгеге шаққандағы құны 500 теңгеден асқанда лезде азық-түлік пен басқа да тауарлардың құны шарықтап шыға келді. Бірақ доллар бағамы қайта тұрақтанды, ал тауарлардың бағасы сол қымбаттаған қалпында қалды. Міне, бізде тек баға қымбаттау жағына қарай ғана жылжи беретінінің айғағы. Мұны қоғамдық психологиямен байланыстырушылар да бар.
Жалпы, инфляцияны тоқтату проблемасына келгенде экономистердің көбі базалық мөлшерлемені көтеру әдісін ұсынып жүр. Себебі бағаның ретсіз көтерілуін сол арқылы тоқтатуға болады-мыс. Иә, базалық мөлшерлеме өскенде елде несие пайызы да қоса көтеріледі. Сонда арзан несиенің зияны болғаны ма? Экономист Айдархан Құсайынов «арзан несие болғанда тауарларға сұраныс көбейеді, яғни, сатушы тауар құнын ретсіз қымбаттатып жібереді» дейді.
– Ресейде базалық мөлшерлемені бірден 20 пайызға көтерді де, жағдай реттелген соң қазір ақырындап түсіріп келеді. 2021 жылы осы шараны қолға алғанда инфляцияны тұншықтырып тастауға болатын. 3-4 ай көлемінде біз жоғары базалық мөлшерлемемен өмір сүруімізге тура келер, алайда инфляция анағұрлым төмен болар еді. Қазір базалық мөлшерлемені көтеруден қорқа бергеннен кейін инфляцияны тоқтату қиынға соғады. Инфляция осындай тұрақсыз сипат алған кезде оған кез келген фактор кері әсер етеді. Халық бағаның шексіз өсе беретініне көзі жеткенде кез келген ақпарат инфляцияны жеделдетеді. Сондықтан баға бағамға бола емес, дүрбелеңге байланысты өсіп жатыр, – дейді Құсайынов.
Қорыта айтқанда, сан түрлі пікір бар. Бірақ алда инфляция деңгейі төмендеп, қымбатшылықтың тоқтайтынына дәмелену қиын. Үкімет те қарап жатпай, шаралар қабылдап, жауаптыларды «сыбап» та жатыр. Сыртқы факторлардың әсері бар екені жартылай болса да шындық. Шамасы, қымбатшылық синдромының емін жақын арада таба қоймаспыз.