Қауіпсіздік қаперіңізде жүрсін
Қауіпсіздік қаперіңізде жүрсін
413
оқылды
Елордадағы үш жастағы бүлдіршіннің періштесі қағып, аман қалды. Әйткенмен соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлау оқиғалары жиілеп барады. Кешегі жағдайда көрер жарығы бар баланы кездейсоқ көргендер дер кезде қол ұшын бергеннің арқасында аман қалды делік. Ал қадағалаусыз қалған балаларды оқыс оқиғадан арашалап ала алмай кетсе қайтпек? Бұл ата-ананың жүрегіне салмақ салары сөзсіз. Сондықтан балалардың амандығына алаңдаған дұрыс-ақ.  width= Нарық заманында нәпақа жолында жүрген жанұялардың жағдайын түсінгің келеді, әрине. Кәмелет жасқа толмаған балаларды қараусыз үйде жалғыз қалдыру қалыпты болып көрінуі де мүмкін. Алайда ойын баласына артылатын міндет пен сенімнің де шекарасы болуы керек-ақ. Өйткені жыл өткен сайын биіктіктен құлап көз жұмған балалар саны артып отыр. Тіпті соңғы жылдары балалар арасындағы жазатайым жағдайдың көбісі терезеден құлаудың салдарынан болады екен. Мәселен, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы ауданында биыл осындай екі, былтыр үш оқиға тіркелген.  width= Сондықтан құқық қорғау қызметкерлері де қауіп-қатердің алдын алу шараларын жасап, ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жасайды. Алматы ауданы ПБ ЖПКБ ЮПБ қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында білім беру мекемелерінде, соның ішінде мектептер мен балабақшаларда, ата-аналар жиналыс мен аулалық тексерулерде тұрғындармен жұмыс жүргізіп,  есепте тұрған ата-аналармен жұмыс тұрақты қолға алынған. Биыл 25 сәуір мен 20 мамыр аралығында қала аумағында «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы өтіп, мектеп оқушыларына жолда жүру ережелері мен қауіпсіздік шараларына мұқият болуға шақыратын түсіндіру жұмыстары жасалды. Аудан аумағында полицейлер күн сайын балалардың қауіпсіздігі туралы түрлі тақырыптарда алдын-алу дәрістері мен әңгімелесуді әдетке айналдыра бастады. Себебі «сақтықта қорлық жоқтығын» қаперде ұстағанның артығы жоқ.