«КЕЗБИ» басшылары қызметкерлеріне үндеу жасады
«КЕЗБИ» басшылары қызметкерлеріне үндеу жасады
708
оқылды
Жаңаөзендегі «КЕЗБИ» мекемесі жұмысшылары айға жуық төрт талап қойып, компания алдынан тарқамай тұр. Мұнайшылардың бір тобы арызын айтып елордаға келді. Олар жалақыны өсірумен қатар еңбекақыларының 12 сағатқа сай төленуін және әлеуметтік мәселелерін шешуді, сервистік компанияны «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қосуды талап етуде. Бүгін «КЕЗБИ» серіктестігінің басшылары да елордаға келді. Олар қызметкерлеріне талаптарының орындалатынын ескертіп, тек 5 мамырға дейін күтулерін сұраған. Бірақ жұмысшылар 19 сәуірде өре түрегеліп, наразылық танытқанын айтады. Серіктестік басшылары бүгінде компания жұмысшыларына жалақы 12 сағатқа шақтап төленетінін жеткізді. Ал жерасты ұңғыларын жөндеу мен күрделі жөндеу мамандарына берілетін еңбекақы 15 пайызға артыпты. Олардың сөзінше, қазір ең төмен жалақы 500 мың, ал жоғарғысы 1 миллион теңгеге жуықтаған. Сонымен бірге әлеуметтік көмек бойынша сауықтыру, балаларын лагерьге жіберу және басқа да жеңілдіктер жасалады екен. Тек жұмысшылардың «КЕЗБИ» мекемесін «Өзенмұнайгаздың»  құрамына қосу туралы талаптары орындалмаған. Өйткені «КЕЗБИ» сервистік компания тендерге түсіп, жұмыс алатынын айтты. Бүгінде компания өзінің тапқан 100 пайыз табысының 97 пайызын еңбекақыға беріп отыр.  Бұл туралы «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Айгүл Өтешова мәлімдеді. Оның айтуынша, былтырға қарағанда компания жұмыскерлерінің жалақысы 65 пайызға көтерілген. Журналистермен кездесу барысында «Кезби» ЖШС директорының міндетін атқарушы Ержан Кезбаев «Өзенмұнайгаздың» мердігер компаниясы «Кезби» мекемесінің бір топ жұмыскерлеріне үндеу жасады. – Қазіргі таңда Жаңаөзеннен Нұр-Сұлтанға келген «КЕЗБИ» компаниясының бір топ мұнайшысы биліктен өздеріне тең жалақы беруді сұрап отыр. Жалпы бұл дау 2019 жылы басталды. Былтыр жұмыскерлермен сөйлесіп, ақылдастық. Алайда 2021 жылы еңбек дауы жиілей түсті. Кейін олардың талаптарын орындап, айлықты 50 пайызға көбейттік. Осы жолы ереуілге шыққандардың талабы – жалақыны 20 пайызға көбейту және 12 сағаттық жұмыс уақытына ауысу. Кейін төрелік шешімі бойынша 12 сағат белгіленді, алайда 15 пайыз тек ауыр жұмыс істейтіндерге, яғни ұңғымалар мен жерасты ұңғымаларында күрделі жөндеу жұмыстарын істейтін бригадаларға берілді, – дейді Ержан Кезбаев. Айта кетейік, Маңғыстау облысының «Өзенмұнайгаз» мұнай-газ өндіру компаниясының құбырларын жөндеумен айналысатын «КЕЗБИ» мекемесінің бір топ қызметкері елордада он күннен бері жүр.