«Күміс жас» жобасы: зейнетке шығатын азаматтарға арналған бағдарлама іске қосылады
«Күміс жас» жобасы: зейнетке шығатын азаматтарға арналған бағдарлама іске қосылады
2,047
оқылды
Қазақстанда зейнет жасына таяған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасы жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған азаматтарға арналған жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда жобаны ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын талаптар нақтыланатын нормативтік-құқықтық акті әзірленіп жатыр. Ал біз бұл қандай жоба, оған кімдер қатыса алады, шарттары қандай деген сұрақтарға жауап бердік.  Бағдарлама кімдерге арналған? «Күміс жас» жобасы – зейнет жасына жақындаған жұмыссыз адамдарға арналған. Бағдарламаның мақсаты – зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған азаматтарды уақытша жұмыспен қамту. Жобаның шарты қандай? «Күміс жас» жобасына қатысушыларға жалақысының бір бөлігін мемлекет, ал екінші жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік төлемдерді, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін есептегендегі субсидияның ең жоғары мөлшері – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Ал айлығы 200 мың теңге болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі бір жыл. Мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші қатысушыны зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Өтініш беру тәртібі қандай? «Күміс жас» жобасына тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek.kz электронды еңбек биржасы қызметін қолдануға болады. Еnbek электронды биржасы арқылы тіркелу кезеңдері:
  • Enbek.kz-те жеке кабинет ашу қажет;
  • Жұмыс іздеуші ретінде өтініш толтырып, ЭЦҚ-мен қол қою;
  • Өтініш тексерілгеннен соң жеке кабинетке хабарлама келеді.
Жұмыс берушілерге қойылатын талаптар қандай? Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес, "Күміс жас" жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті. Қазақстанда зейнет жасына жақындаған жұмыссыздар саны қанша? Ақпандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 450 мыңнан астам жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Бұл зейнет жасына жақындаған адамдарға жұмыс табу қиын екенін көрсетеді. Басым бөлігі еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2020 жылы 55-59 жас аралығындағы әйелдер арасында жұмыссыздық көрсеткіші – 6,6%, ал ерлер арасында – 5,8%, 60-64 жастағы әйелдер арасында – 3,9%, ерлер арасында 4,1% болған.