Бүгінде жаһандық жылыну жайлы ақпарат шаш етектен. Климаттың өзгеруі туралы экологтар ғана емес, мемлекет басшылары да, халықаралық ұйымдардың жетекшілері де жиі айтатын болған. Бірақ қарапайым отандастарымыз үшін жаһандық жылынудың әсері әзірге байқалмайтындай көрінетіні бар. Бәлкім содан да шығар, алдағы 20 жылда Қазақстан табиғатын қалай өзгертуі мүмкін екеніне бұқара да, көптеген атқамінер де назар аудармайтын сияқты. Ал іс жүзінде табиғатымыздың қазіргі келбеті өзгеріп кетуі бек мүмкін.
Негізі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климат мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Сөйлеген сөздері мен баяндамаларының көбінде экология, климаттық өзгерістер жайлы айтады. Бірақ Мемлекет басшысының бұл мәселеге назар аударуы – оның эколог екенін немесе экологияны өзге мәселелерден жоғары қоятынын білдірмесе керек. Дегенмен біздің пайымдауымызша, мұндай саяси ұстаным жаһандық үрдістерге ілесудің белгісі болса керек. Оның үстіне жаһандық жылынудың экология ғана емес, экономика, демография, миграция қатарлы көптеген салаға, құбылыстарға тікелей қатысы бар
Суды сұрайтын күн таяды-ау...
Өткен айда сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. Сенатор өз сауалында 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстары 15%-ға төмендейтінін айтты. Яғни, енді 8 жылдан соң елдегі су ресурстарының көлемі 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін төмендейтін көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, шамамен 15%-дай азаяды деген сөз. Дүниежүзілік банк осындай есеп ұсынса керек. «Бұл елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12-15 км³, яғни 15%-ды құрайтынын білдіреді. Бүгінге дейін экономикамызда су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі болған емес, сондықтан біз әлі судың тапшылығын сезінбей отырмыз», – деген сенатор экономиканың түрлі саласына қатысты көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар қабылданғанын, бірақ «оларды жүзеге асыру үшін су ресурстары жете ме?» деген сауалға ешкім назар аудармағанын айтты. Сонымен қатар су шаруашылығына қатысты бірқатар түйткілдерді атап өткен сенатор су нысандарында мамандандырылған эксплуатациялық ұйымдардың жоқтығын атап өтті. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде елдегі 235 орталықтандырылған сумен және 483 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері иесіз қалыпты. Ал республикада суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті 0,45-0,55-тен аспайды, яғни суармалы судың өнімсіз шығыны 50%-ға жетеді. «Суармалы егістіктің тек 16%-ында ғана тамшылатып суару технологиялары мен жаңбырлатқыш қондырғыларды пайдаланылады. Басқаша айтқанда, суармалы судың көп бөлігі құмға кетеді деуге болады. Сондықтан суармалы егіншілікті мемлекеттік қолдау саясатын өзгерту қажет», – деді Ақылбек Күрішбаев. Оның айтуынша, елімізде суы тектен-текке ағып жатқан 2 200 ұңғыма бар екен. Сөйтіп өзен-көлдің де, жер астының суын да ысырап етіп жатқан жайымыз бар.
Әрине, сенатор 2030 жылға дейін болатын өзгерістерді алға тартса, халықаралық бірқатар сарапшылар жаһандық жылынудың салдарынан су тапшылығы алдағы 20-30 жылда тіптен артатынын айтады. Айталық 2050 жылға қарай су тапшылығы сұраныстың 50 пайызына дейін жетеді деген болжам да айтылып жүр. Дегенмен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі біздің ресми сауалымызға берген жауабында өзгеше дерек келтірді. Министрлік мамандары жалпы су тапшылығы сезілгенімен тау бассейндеріндегі су көбейетінін атап өткен. «Қазақстанның тау бассейндеріндегі су ресурстары 2050 жылға қарай орта есеппен 6%-дан 17%-ға артуы мүмкін, ал 2100 жылға қарай орта есеппен 10%-дан 22,3%-ға төмендеуі мүмкін. 2050 жылға қарай су ресурстарының ұлғаюы негізінен мұздықтар ағынның қалыптасуына қатысатын Оңтүстік бассейндердің есебінен болады, ал 2100 жылға қарай азаюы осы мұздықтардың сарқылуы салдарынан болады. Батыс, солтүстік және орталық Қазақстан өзендерінің жазық бассейндерінде су ресурстары өткен жылғы ағын нормасымен салыстырғанда ғасырдың ортасына қарай 3,7% – 15%-ға, ал ғасырдың соңына қарай 9,2% – 23,7%-ға төмендеу үрдісіне ие» делінген жауапта. Шамасы, министрлік пен Дүниежүзілік банктің есебі бір-бірімен үйлеспейтін сияқты. Өйткені министрлік ғасыр ортасын межелеп отыр, ол дегеніңіз шамамен 2050 жылдар, ал Дүниежүзілік банк 15%-ға азаяды деп көрсеткен мерізімге 8-ақ жыл қалды.
Жалпы, су тапшылығы мәселесі өте өзекті тақырып. Бірақ оның өзі жаһандық жылыну мен қоғамның суға деген көзқарастарына тікелей байланысты сияқты. Бұл жерде әлбетте өзен-көлдердің тартылуы, трансшекаралық өзендерге қатысты саясат тәрізді көптеген фактор бар. Дегенмен азаматтардың суды үнемдеуі мәселесін қайта қарайтын кез жақындаған сыңайлы. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында кемі 435, Алматыда 938 көлік жуу орны бар екені жайлы деректер кездесті. Бәлкім, көлік жуу орындарының саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Егер жеңіл көлікті жууға шамамен 40 литр су кетеді десек, екі қаладағы көлік жуу орындары күніне бір автомобиль жуғанның өзінде 55 тоннаға жуық су шығындайды. Егер әр көлік жуу орны күніне 10 көлік тазаласа, мөлшер 500 тонна немесе 500 текше метрге жетеді. Бәлкім, бұл деректер назар аударарлықтай болмауы мүмкін, бірақ мәселе көлік жуу орындарының көбі құбырлар арқылы келетін таза суды қолданатынында болып тұр. Техникалық су үшін арнайы құбыр тартқызған мұндай нысандар сирек. Біздің пайымдауымызша, мұның өзі алдағы жылдарда суға қатысты жағдайдың ушыға түсуі мүмкін екенін байқатады. Су азайса, оның бағасы да өседі. Демек, нағыз «судың да сұрауы бар» дейтін кезеңге таяп қалдық.
Қазақстанда ауа райы жылынып кетті
Әдетте бет қаратпайтын үскірік аязымен есте қалатын Арқаның қысы соңғы жылдары тым суық болмай жүр. Елордада төңірегінде болатын ақ түтек боран да азайған. Бұқара бәлкім мұны астанамыздың төңірегіндегі жасыл белдеудің әсері деп ойлауы мүмкін. Бірақ Қазақстанда климат өзгеріп келеді. ХХ ғасырдың ортасынан бері еліміздегі орташа жылдық температура әр он жыл сайын 0,28°С жоғарылап келеді. Сөйтіп, Қазақстанда ауа температурасы 1940 жылдан бері шамамен 2,24°С жылына түсті деген сөз. Бір қызығы, жыл мезгілдерінің ішінде қатты жылынғаны күз екен. Күздегі ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,31°С-қа артып келеді. Демек, 82 жыл ішінде күздегі ауа температуасы 2,48°С жылынды деген сөз. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде орташа жылдық температура 2050 жылға қарай 2,4-3,1°С және 2100 жылға қарай 3,2-6,0°С өседі екен. «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаевтың айтуынша, Қазақстанға жаһандық жылыну көбірек әсер етіп жатқанға ұқсайды. Тіпті, Қазақстанда ауа температурасының жылынуы Жер шарындағы орташа қарқыннан жоғары екен. «Қазақстанның территориясы Еуразияның орталығында, мұхиттардан айтарлықтай қашықта орналасқандықтан, Жер шары бойынша орташа қарқыннан көбірек жылынуда. Орташа алғанда Қазақстан бойынша орташа айлық температура өсуі жалғасуда, 1976-2021 жылдар аралығында өсу жылдамдығы әр он жыл сайын 0,32° С құрады», – дейді Нұрлан Абаев.
Маман тіпті соңғы жылдардың айтарлықтай жылы болғанын айтады. Мәселен, 2021 жылы Қазақстан территориясы бойынша орташа жылдық ауа температурасы +1,58°С болып, бақылау басталған 1941 жылдан бергі ең жылы жылдар қатарында 5-орынға шығыпты. Бір атап өтер жайт, ең жылы болған он жылдың тоғызы ХХІ ғасырға кіреді екен. Яғни, 2000 жылдан бері ауа температурасының мейлінше жылынғаны тіркелген.
Тағы бір атап өтер жайт, Қазақстанның батыс аймақтары, Түркістан өңірі қыста бұрынғыдан жылы бола түссе, орталық, шығыс пен солтүстік шығыста қыс әлі суық саналады екен. Көктемде барлық облыстардың жерінде ауа температурасы жылынып кеткені байқалған. Яғни барлық аймақтарда көктем жыл өткен сайын ыстық бола түседі деген сөз. Ал жазда батыс аймақтар тіптен ыси түседі. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаз кезіндегі орташа температураның көтерілуі тым жоғары емес. Солтүстікте көп өзгермепті. Күздегі ауа температурасының өсуі барлық аймақта байқалып, әр он жыл сайын 0,28-ден 0,45°С көтеріліп келеді. Ал ауа температурасының жоғарылауы өзге де мәселелердің туындауына алып келеді.
Жер шөлейттеніп барады
Жаһандық жылынудың әсерінен Алатау мен Алтай қатарлы таулардың мұздықтары еріп жатқаны жиі айтылады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2100 жылдарға қарай мұздықтардың тең жартысы жойылуы мүмкін. Ал мұндай жағдай қалыптасса, өзендер тартылатыны сөзсіз. Демек, қоғам жаһандық жылынудың нақты қандай қатер төндіріп тұрғанына назар аударуы керек тәрізді. Жеке азаматқа әсері жоқ сияқты көрінгенімен, алдағы 20-30 жылда қоршаған ортадан бастап, тіршілік-салтымызға дейін өзгеруі мүмкін. Айталық, 2050 жылға қарай Қазақстан үшін аса маңызды дақыл саналатын жаздық бидайдың шығымдылығы 13-49%-ға қысқаруы мүмкін. Тіпті, 2030 жылға қарай елдегі жайылымдардың сапасы 10%-ға төмендейді деген пікірлер тағы бар. Оған орман және дала өрттері жиі болатыны жайлы болжамды қосыңыз. Оның үстіне Қазақстанда барлық жердің 66%-ға жуығы шөлейттенуге ұшырағаны жайлы көңіл құлазытатын мәліметтер де жарияланып жатыр. Қысқасы, жаһандық жылынудың кері әсері қазірдің өзінде сезіле бастаған сыңайлы. «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаевтың сөзіне қарағанда, 2000 жылдан бері құрғақшылық жиілеген. «Қазақстанның негізгі астық егетін облыстарында ауыл шаруашылығы үшін маңызды орташа құрғақшылықтың қайталану ықтималдығы 3 жылда 1 рет Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында, 4 жылда 1 рет Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында, 5 жылда 1 рет Солтүстік Қазақстан облысында байқалады.
Қатты құрғақшылық Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстарында жиі қайталана бастады. Яғни, қатты құрғақшылық Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 4-5 жылда бір рет қайталанады. Ал Қарағанды және Қостанай облыстарында 6-8 жылда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 11-15 жылда, Ақмола облысында 23 жылда, Солтүстік Қазақстан облысында 45 жылда 1 рет құрғақшылық болады», – дейді Нұрлан Абаев. Ал мұндай жағдай алдағы 20-30 жылда Қазақстанның солтүстік облыстары ғана өмір сүруге қолайлы аймақ қатарында қалуы мүмкін екенін айғақтап отыр.
Жаһандық жылыну «Ұлы көшке» себеп болады
Бүгінде теріскейге күнгейдегі халықты қоныстандыра алмай жүргенде 2050 жылға қарай солтүстік аймақтарға түрлі бағыттан ағылған адамдар қарасы молаюы мүмкін. Тағы сол Дүниежүзілік банктің былтырғы зерттеуіне сүйенсек, 2050 жылға қарай Орталық Азияда 2,4 млн адам ішкі көші-қонға қатысуға мәжбүр болады. Олардың көбі Өзбекстанның Ферғана аңғары мен Ташкент маңына, Тәжікстанның оңтүстігі мен Душанбе жаққа қоныс аударғанды құп көрмек. Сонымен қатар Қазақстан астанасы мен одан солтүстікке қарай орналасқан аймақтарға қоныс аударатындар қарасы да мол болмақ. Мамандар климаттық миграция деп атай бастаған мұндай процеске Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының бірқатар аймағының, Ақтөбе, Қарағанды, жаңадан құрылып жатқан Ұлытау облыстарының кейбір аудандарының тұрғындары қатысуы мүмкін екенін айтады. Өйткені аталған өңірдерде су тапшылығы пайда болып, ауыл шаруашылығын жүргізу қиындай түспек. Ал мұндай өңірлерден халықтың көшіп кететіні қалыпты құбылыс.
ТҮЙІН:Бір сөзбен айтқанда, жаһандық жылынудың Қазақстанға әсерін әлі толық бағамдай алған жоқпыз. Қыс жылы болса қуанып, су тасыса таңданумен ғана жүрміз. Ал іс жүзінде жаһандық жылыну аса күрделі әлеуметтік, демографиялық, экономикалық, миграциялық, тіпті рухани-мәдени дағдарысқа алып келуі мүмкін. Одан бөлек, ресурстар тапшылығы аймақтық қақтығыстарға да апарып соғуы ықтимал екенін жоққа шығармаймыз. Демек, табиғаттың сынағына қазірден бастап-ақ даярланған жөн шығар. Рас, жаһандық жылынуды сәл де болса тежеудің амалы ретінде әлем жұртшылығы көміртегі қоспаларын ауаға шығаруды азайтудан басқа тәсіл тапқан жоқ. Біздің пайымдауымызша, климаттық өзгерістердің әсерін сезініп, суды, қуат көздерін, тіпті күллі ресурстарды үнемдеу дағдысын қалыптастырудан басқа жол жоқ сияқты.