Түлектер аттестатсыз қалуы мүмкін
Түлектер аттестатсыз қалуы мүмкін
407
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында білім беру мекемелері мемлекеттік аттестаттаудан өте алмай жатыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік аттестаттау жүргізілген бес балабақшаның ішінен тек біреуінің ғана «жолы болды». Ал 11 мектептің тек біреуі ғана бұл рәсімнен сәтті өтті. Бұл жайт түлектердің аттестатсыз қалуына әкелуі мүмкін. Солтүстік Қазақстан облыстық Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, «Білім туралы» заңның 59- бабына сәйкес, мемлекеттік аттестаттау институты профилактикалық бақылау мақсатында 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілген. Ондағы мақсат – білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкестігін бақылау. Өзін-өзі бағалау шеңберінде 4, 9, 11-сынып оқушылары­ның білім нәтижесі  компьютерлік тестілеу арқылы анықталады. Биыл 80-нен астам оқу орнында мемлекеттік аттестаттау өткізу жоспарланған екен. 2022 жылдың бірінші тоқсанында аталмыш рәсім жүргізілген. Соның ішінде 5 мектепке дейінгі ұйым, 11 орта білім беретін мекеме бар.  Сорақысы сол, мектепке дейінгі білім беретін 5 ұйымның тек біреуі ғана «үздік» деп бағаланса, төртеуі омақаса құлаған. Ал 11 мектептің ішінен біреуі ғана аттестаттаудан сәтті өтіп, онының жолы болмаған. Қорыта айтқанда, 16 білім беру ұйымының тек екеуі ғана сәтті өткен. Білім сапасын қам­тама­сыз ету департаменті басшысының орын­басары Ғалия Ілиясова ең жиі кездесе­тін кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуын­ша, көбіне-көп сабақ кестесі оқу жоспарларына сәйкес келмейді екен. Сонымен қатар балабақшалардың тәрбиешілері бекітілген өтпелі тақырып­тарды есепке алмастан, ұзақмерзімді жоспар құратыны анықталыпты. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарында апталық оқу жүктемесі мемлекеттік білім беру стандартына қойылатын талап­тарға, атап айтқанда білім мен тәрбие беру тіліне қатысты талап­тарға сәйкес келмейді екен. Оқушы­лардың дамуына жүргізіл­ген мони­торинг барысында да бірқатар кем­шілік бар екені белгілі болды. Сабақ кестесі мен Kundelik элек­трон­ды журналындағы пән­дер­дің атаулары мен олардың тип­тік оқу жоспарындағы атаулары бір-біріне сәйкес емес. Оқушы­лардың білімін формативті және жиынтық бағалау кезінде де бір­қатар кемшілікке жол берілгені анық­талыпты. Мемлекеттік аттестаттау бары­сын­да оқу ошағының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі де  бақы­лана­ды. Бұл ретте edu.kz аймағында үшінші деңгейлі домендік атаудың тіркелмегені, бейне­бақылау жүйе­лерінің бейне­түсірілімдерді жедел басқару орталығына немесе аумақ­тық полиция органдарының кезек­ші бөлім­шелеріне жіберу мүмкін­дігінің жоқ­тығы және бастауыш сыныптарда жеке шкаф­тардың болмауы сияқты олқылық­тардың беті ашылды. Сонымен қатар бірінші және жоғары санаттағы мұғалім­дердің, педагог-сарапшы­лардың, педагог-зерттеушілердің, педагог-шебер­лердің үлес салмағы­ның белгіленген норматив­терге сәйкессіздігі байқалады. Білім саласы бақылауда болады Осындай кемшіліктердің сал­дары­нан мектеп түлектерінің аттес­татсыз қалу қаупі бар. «Себебі білім беру ұйымдары­ның мемле­кеттік аттестаттаудан өтпеуі «Білім туралы» заңның 39-бабының 3-тар­мағы 1-тармақшасына сәйкес мек­теп­терді негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары­ның түлектеріне мемлекеттік білім туралы құжаттар беру мүмкіндігінен айыру қаупіне әкеліп соғады», – дейді Білім сапасын қамтама­сыз ету департа­менті басшысы Айнагүл Сұрағанова.  Яғни, мамырдың 25-іне дейін мек­теп­тер аттестаттаудан өте алмаса, мемлекеттік үлгідегі аттестат беру құқығынан айырыла­ды. Мұндай жағдай бұған дейін де болған екен. Мәселен, былтыр Петропавл қаласындағы №31 мек­теп­тің түлектері мамыр айында үдере көшіп, басқа мектепке ауысуға мәжбүр болған. Сөйтіп, өзі оқыған емес, өзге мектептің аттес­та­тын алған екен. Ал ауылдардағы мектеп­тердің оқушылары қайтпек? түлектер «Мектептің тізімін қоса беріп, облыстық Білім басқармасына хат жолдадық. Білім және ғылым министрі де облыс әкімінің атына мектептерді аттестацияға сәйкесін­ше даярлау туралы хат жіберді. Себебі оқу орындары білім сапасы бойынша ғана емес, біліктілік талаптарынан да өте алмай жатыр. Бұл – өте маңызды мәселе. Әрине, балаларға басқа мектептің аттес­татын алып беру арқылы мәселені шешуге болады. Бірақ бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Ертең ата-ана­лар тарапынан наразылық туын­дауы мүмкін», – деді Айнагүл Ағыбай­­қызы. Департамент басшы­сы бұл кемшіліктерді жергілікті атқарушы органдардың қаты­суы­­мен ғана шешуге болатынына да тоқталды. Кемшіліктер түзетілуде Бұл мәселе «AMANAT» партия­сы жанындағы білім және денсау­лық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің қарауына шығарыл­ды. Онда есеп берген облыстық Білім басқармасы басшы­сының орынбасары Татьяна Протопопова қазір кемшіліктер жойылып жатқанын жеткізді. «Білім беру мекемесі бес жұмыс күні ішінде кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар туралы ақпарат береді. Бұған бір жылдан аспайтын мерзім белгіленеді. Осы мерзім өткеннен кейін білім беру ұйымы кемшіліктер жойылғаны туралы есеп беруге міндетті. Көрсетілген олқы­лық­тар жойылмаған немесе белгіленген мерзімде есеп беріл­меген жағдайда білім беру ұйымы аттестатталмаған болып есептеледі. Бұл бақылау субъектісіне барып профилактикалық бақылау жүргізу­ге негіз болады. Оқу жылы бастал­ғалы облыстың  мектепке дейінгі 17 ұйымында (соның ішінде алтауы – жекеменшік) мемлекеттік аттестат­тау өткізілді. Аттестаттау барысында анық­талған кемшілік­тер мен ескер­ту­лер жойылды. Барлық балабақша аттестат­таудан өтті. Сондай-ақ ол 2021 жылдың қыркүйегі­нен бастап аттестаттау кестесіне 114 білім ошағы енгізіл­генін, олардың тізімі аудандық білім бөлімдері мен ұйымдарына жеткізілгенін айтты. Анық­талған кемші­ліктерді жою мақсатында ұйымдастыру кеңесі мен edu.kz айма­ғында үшінші деңгейлі домендік атауы бар сайт жасау жөнінде семинар өткізіліпті. «Аудандық білім бөлімдері мектеп­тер мен бала­бақшалардың жұмы­сына ұдайы мони­торинг жүргізіп, әрқайсысына ұдайы әдістемелік қолдау көрсетіледі», – деп сендірді Татьяна Николаевна. Мұндай жағдайдың қалыптас­қаны ата-аналардың көңілінен шығып отырмағаны анық. «Нелік­тен балалар зардап шегуі тиіс? Олар аттестатсыз қалай­ша оқуға түседі? Олардың құжат­тарын табыс еткен­нен кейін жасайтын өзгерістерін жасай берсін. Қай салада болсын, жүйелі жұмыс жоқ. Аттес­таттаудан тиісінше өте алмаған мектептер оқушыларға қандай білім беріп жатқанын пайымдай беріңіз», – дейді Петропавл тұрғыны Ирина Баймолдина. «Мүмкін, кеңес заманындағы білім жүйесін қайтару керек шығар? Бәрібір ешбір сәтті жаңа­шыл­дық жоқ. Әдістеме сын көтер­мейді. Мұғалімдер қандай білім берсе, аттестаттау нәтижесі де сондай. Қазір мұғалім тақырып­ты терең ашпайды, оны оқушының өзі қазбалауы керек. Мына сорақы­лық  осындай жұмыстың нәтижесі. Оқулықтар мен әдістемені қайта қараған жөн. Мұндай жайт туралы оқудың өзі ұят екен. Бүгінгі оқушылар ертең Жаңа Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтар екенін ескерейік», – дейді петропавлдық  Арман Уәлиев. Оқу жылы аяқталуға жақын. Мектеп­терге кемшілікті түзетуге уақыт берілді. Олқылықтар жойыл­маса, аттестаттаудан «құлаған» мектеп түлектері тағы да басқа білім ошағының аттестатын алып шығуға мәжбүр.

Солтүстік Қазақстан облысы