Ақмолада дәрігер тапшы, дәрі қат
Ақмолада дәрігер тапшы, дәрі қат
© коллаж: Елдар Қаба
975
оқылды
«Басты байлық – денсаулық» сыр берсе, дәрігер іздеп жанталасатынымыз хақ. Алайда соңғы уақытта осы ақ халатты абзал жандардың елдің әр аймағында қасқалдақтың қанынан қат болып бара жатқаны әдетке айналды. Аталған мәселе Ақмола облысында да қатты ушығып тұр. Емхана мен аурухананың табал­дырығын тоздырған жұрт тиісті дәрігер таппай дәрмені құриды. Сөйтіп, қымбат болса да, денінің саулығы үшін қалтасын­дағы барын қағып-сілкіп ақылы емханаға көрінуге мәжбүр... Мәселе осымен ше­шіл­­се жақсы. Кейде тіпті ақылы емхана­ларда да салалық дәрігерлер табылмай қалады. Салдарынан уақыт оздырып, ауруын асқындырып алатындардың қатары жиілеген. «Анамның денсаулығы дімкәс. Жүре­гі, қан қысымынан зардап шегеді. Дәрігер­­лерге жиі бас сұғуға тура келеді. Алайда емханаларда салалық дәрігерлер­дің көбі жоқ. Амалсыз бір емханадан екіншісіне барасың. Оның өзінде адам­дар бірнеше ай бұрын кезекке тұрады. Сондықтан көп жағдайда ақылы емхана­ларға көрсетіп, бар тапқан-таянғанымды шығындауға мәжбүрмін. Дәрігерлер бір емханадан екіншісіне, одан ауруханаға барып жұмыс істейтінін білемін. Кейбірі тегін емханалар мен қатар ақылы ауру­­хана­лар мен емхана­ларда қызмет етеді», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нина Борисова есімді қала тұрғыны. Өңірдегі денсаулық сақтау саласының ақсап, дәрігерлердің тапшы болып тұрға­нын Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да мойындады. Ведомство­ның мәліметінше, тек Көкшетау қаласы­ның өзінде ғана 100-ден астам маман жетіс­пейді. Бұл туралы өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов мәлімдеді. «Соңғы үш жыл ішінде облыстағы медицина қызметкерлері мен дәрігерлер саны екі есеге азайып кетті. 2019 жылы жалпы саны 437 дәрігер болса, өткен жылғы есеп бойынша 244 дәрігер қызмет етеді. Бүгінде облыста жалпы саны 244 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде қалалы жерлерде 156, ауылды аймақтарда 88 дәрігер маман жоқ. Негізінен алғанда, терапевт, акушер-гинеколог, анес­тезиолог-реани­ма­толог, педиатр, пси­хиатр, офтальмолог, оториноларинголог сияқты мамандар қат болып тұр», – дейді Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқарма­сының бас­шы­сы Нариман Сыздықов. 531 мың теңге жалақы алады Басқарма мәліметінше, өңірде ақ халаттылардың тапшылығын төмендетуге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Басқарма басшысы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің орташа жалақысына біршама үстемеақы қосы­лып, алатын тиын-тебенінің артқанын тілге тиек етті. Ведомствоның дерегінше, дәрігерлердің жалақысы қалалы жерде 531 мың теңгеге, ауылдық жерлерде 439 мың теңгеге жетеқабыл. Ал орташа буындағы мейірбикелер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы қалада 224 мыңды құраса, ауылда 263 мың теңгеге дейін көтерілгені айтылды. Оған қоса, дәрігерлерді тұрғын үйлерді жалдау ақы­сын төлеу, балабақшаларға орын бөлу, жұбайларын жұмысқа орналастыру сияқты әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілетіні де аталды. Басқарма басшысы жас мамандарға көтерме төлем сомасы­ның да біршама өскенін атап өтті. «Биыл Ақмола облыстық мәслихаты­ның шешіміне сәйкес жас маман-дәрігерлерге берілетін көтерме төлем сомасының көлемі едәуір ұлғайды. Мәсе­лен, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қызметке орналасқан жас ма­ман кадрларға 1,5 миллион теңге, ал ауыл­дық жерлерге жұмысқа тұрса, 2,5 миллион теңгеге дейін бірреттік көтерме ақы беріледі. Мәселен, егер жаңа үйлен­ген жас жұбай дәрігерлер ауылға жұмысқа орна­лас­са, олардың әрқайсысы 2,5 мил­лион теңгеден ала алады», – дейді Нари­ман Сыздықов. Былай қарасаң, дәрігерлер үшін бар мүмкіндік жасалған сияқты көрінеді. Алайда дәрігерлер тапшылығы азаяр емес... Ал дәрігерлердің жоғарыда облыстық  Денсаулық сақтау басқармасы айтқан жалақы деректерімен  келіскісі жоқ. Олар мұндай жалақыны өңі түгіл түсінде де көрмегенін жеткізді. «Медициналық мекемелердегі жағдай өте күрделі. Дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ жалақымызда соншалықты көп емес. Дәл қазір ондаған жыл еңбек өтілімі бар дәрігер болсам да, қолыма тиетін жалақы 260 мыңнан аспайды. Сондықтан да әріптестерімнің көпшілігі бірнеше жерде, оның ішінде ақылы емханаларда да қызмет істейді. Мұнымен қоса, дәрігерлердің оқуының 7 жылдан кем болмауы, одан кейін салалық мамандықтарға тағы бірнеше жыл оқуы олардың жақсы жалақыға қол жеткізуін қиындатады. Сондықтан да кадр тапшы­лығына бұл да әсер етеді деп ойлаймын», – дейді Көкшетау қаласында еңбек ететін дәрігер Айбар Болатханов (есімі дәрі­гердің өтінішімен өзгертілді). Бір балаға 651 мың теңге! Кадр тапшылығындағы мәселе жайлы Көкшетау қалалық медициналық колледжі басшылығының да пікірін біл­мек болдық. Оқу орнының басшылығы мемлекеттік бюджет және арнайы мемле­кеттік бағдарламалар көмегімен орта буынды кадрларды әзірлеуге баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ колледж басшысы орта буын кадр­ларын сол өңірге бекітетін тетіктің қарас­тырылмағанын мәлімдеді. «Біздің оқу орнын жылына 200-ден астам орта буынды медицина қызметкер­лері аяқтайды. Бүгінде олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші 90 пайызды құрап отыр. Өңірдің 37 медициналық ұйымы­мен арнайы келісімшарт жасалған. Негізі­нен, мемлекеттік тапсырыс бойын­ша жұмыс істейміз. Өткен жылы 190 бала мемлекеттік тапсырыс арқылы бюджет есебінен оқытылса, «Еңбек» мемлекеттік бағдар­лама­сымен 50 студент тегін оқыты­лып жатыр. Әрбір студентке Ақмола облысы­ның мемлекеттік бюджеті есебі­нен басқа да өтемақыларды қоспағанда 651 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді. Әрине, орта буында облыста дәрігерлер тапшы­лығы бар. Негізінен, облыстың Қорғал­жын, Атбасар, Степногор аудан­дарындағы шалғай ауылдарда мейірбике­лер, фельд­шер және басқа да медицина­лық қызмет­керлер жетіспейді. Бұл орайда көтеретін бір мәселе бар. Мәсе­лен, жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқыған студенттер үш жыл сол өңірде қызмет етуге бекітілсе, ал орта буында  мұндай бекіту жоқ. Олар кез келген жерде жұмыс істеуге құқылы. Бірақ біз облыс қара­жатына оқыған соң осы облыста қызмет істеуін талап етеміз», – дейді Көкшетау қалалық меди­циналық колледжінің ди­рек­торы Қарақат Әнуар­қызы.
P.S. Тиісті сала өкілдері кадр тапшылығын жою бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Облыста әрі респуб­ликада бұл мақсатқа бюджет қоржынынан миллиардтардың бөлініп жатқаны да шындық. Алайда аурухана мен емхана­ларда дәрігерлер жетіспейді. Бұл орайда тиісті оқу орындары мен мемлекеттік медициналық ұйымдардың арасында байланыс жоқ па деген сауал туындайды. Сондай-ақ бюд­жет­тен бөлінетін қаражат­тың қанша­лық­ты нақты қажетті маман­дық­тарға бөлінетіні тағы бар. Сондықтан  Денсаулық сақтау министр­лігі осы бағытта арнайы жұмыс жүргізуі керек шығар...

Ақмола облысы