Ақылы мектептер «ақылды» мектепке айналса...
Ақылы мектептер «ақылды» мектепке айналса...
523
оқылды
Елдегі жекеменшік мектеп саны артқан сайын салаға жауаптылар бөркін аспанға лақтырып қуанып қалады. Себебі соңғы жылдары мемлекеттік білім ошағы жеткіліксіз. Білім сапасы түсіп кетпеу үшін де бәсекелестік орта қалыптастыруда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Ақылы мектептің артықшылығына сай мемлекеттік білім ордалары да сапасын арттыру үшін талпыныс жасайды. Әйт­кен­мен, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білімадамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген әйгілі ойшыл әл-Фараби айтпақшы, білім сапасы деп жүріп, балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қаперден шығарып алған жоқпыз ба? Жекеменшік мектептегі жүгенсіздік Айтпағымыз соңғы аптада бір емес, екі рет қатарынан жалпақ жұртқа жария болған жекеменшік мектептегі жаға ұстатарлық жағ­дай. Алматы қаласындағы «Мари­ям» жекеменшік мектебінің 1-сы­нып оқушысына 7-сыныптың ба­лалары бірнеше рет зорлық-зомбы­лық көрсеткен. Ал мұғалім­дері мен мектеп басшы­лығы бұл бас­сыз­дыққа жол бер­гені­мен қой­май, сұмдық істі жасырып қалу­ға тыры­сып баққан көрінеді. Әйтпегенде, жәбірлену­ші бала­ның әкесі ұлының мінез-құлқын­дағы өзгеріс пен дене­сін­дегі гематомалар туралы был­тыр­­дан бері бірнеше рет мұға­лім­деріне де, мектеп әкімшілігіне де ескертіпті. Ай сайын бір балаға 135 мың теңге талап ететін мектеп әкімшілігі ал­ған ақшаға сай баланың қауіп­сіз­дігін қада­ғалауды қатырмаған. Тиісті тексеріс жасау­дың орнына жағ­дайды жылы жабуға тырыс­қандар баланың қауіп­сіздігін сол бойы қаперге де алмаған тәрізді. Өйт­кені әкесінің ескертуінен кейін де сабақ үстінде бастауыш сыныпта оқитын баласы­ның мұ­ға­лімі оқу­шысын кім сұрап алып, қайда алып кетіп жатқанын ба­қы­ла­маған. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана Білім және ғылым министрлігі жекемен­шік мектептің жайын жіті қадаға­лауға алатынын айтып отыр. «Біз бұл жағ­дайды ерекше бақылауда ұс­тай­мыз. Оқушының отбасына қа­­жетті көмек көрсете­міз. Балаға психологиялық көмек көрсетіледі. Одан әрі шаралар тер­геу іс-шара­ларының нәтижеле­ріне байланыс­ты қабылданатын болады» деп отыр БҒМ Балалар­дың құқық­тарын қор­ғау комитеті­нің төра­ғасы Есен­ғазы Иман­ғалиев. Алайда баланың әкесі зорлық жасағандар мен балаларды қарау­сыз қалдырған мұғалімдер жазасыз қала ма деп қорқады. Айтуынша, қылмысқа жол бергенімен қой­май, ашуға бой алдырған мектеп әкім­шілігі жазаға тартылмаса, ертең өзге балалар да осындай озбырлық пен зорлық-зомбы­лыққа тап болуы әбден мүмкін. Сол үшін жәбірлену­ші баланың әкесі қылмыс жасаған оқушылар­дың ата-анасын жазалап, мектепті лицензиясынан айыруын сұрап отыр. Айтпақшы, осы істен кейін ар­найы комиссия құрылып, мек­теп­ке тексеріс жүргізген. Бүгінде мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, балалардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуде бірқатар тәртіпбұзушылық анық­тал­­ғаны белгілі болды. Күні кеше Алматыдағы тағы бір жекеменшік мектептегі бул­линг­тің бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарады. Сабақ үстінде оқу­шылар жыныстық сипаттағы бей­не­жазба­ларды емін-еркін та­ма­шалап, ол аз болғандай, бірнеше оқушы көрген әрекеттерін өзге сыныптасына жасауға тырысқан. Бұл білім ошағын­дағы тәрбие мен тәртіптің тасада қалғанын көрсет­се керек. Қазір бұл жағдайға қа­тыс­ты да Алмалы ауданының прокуратурасы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету де­парта­ментіне ұсыныс енгізіп, лицей бас­шысы ӘҚБтК-нің 409-бабы бойы­нша әкімшілік жауап­кер­шілік­ке тартылды. Ал оқушы­лар­дың іс-әрекеттеріне баға беру үшін полиция орган­дары­на тиісті тек­серу жүргізу тапсырылды. Бизнеске айналдырып алды Қаражаты болса, баласын жағ­дайы жасалған білім ошағына беру­ден ешкім қашпайды. Себебі «бі­лімді мыңды жығатын» заманда үш тілде оқытатын жекеменшік мектептердің жарнамасы өтіп тұр. Елдегі 300-ден астам жекеменшік мектептің қатары жыл санап өсіп жатыр. Мысалы, бір ғана 2019 жылы 50-ге жуық жекеменшік мектеп ашылған. Және осы білім мекемелеріндегі оқудың орташа құны айына 100 мыңнан басталып 1,2 млн теңгеге дейін барады. Бір қарағанда білім ошағын ашу арқылы бизнестің көзін табуға болатын секілді. Бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де «Мемлекет үшін бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тап­шы­лығын азайту, білім беру сапа­сын жақсарту, педагог мәр­тебесін арттыру. Инвестор үшін бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-жоба» деген еді. Демек, жекемен­шік мек­теп ашу – бизнес. Ал білімді биз­неске айналдырғандарға талап қалай? Бақылау болмаса бәрі бекер Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайыновтың пікірінше, бала­ның қай жерде білім алғаны маңыз­­ды емес, маңыздысы – бі­лім мен тәрбиені қатар алуды қада­­ғалау. Сондықтан жекеменшік мек­теп­тер де мемле­кеттік стан­дарт­­­пен жұмыс істейді. Олай бол­са Ал­матыдағы жеке­меншік мек­теп­тегі жүгенсіз­дікке не себеп? Білім саласының сарапшысы Шәкәрім Сейсенбай кез келген оқиғаға тереңі­рек үңілсек, балалар арасындағы буллинг мектеп әкім­шілігінің жаса­ған олқылық­тары­нан туындайтынын айтады. Мек­теп ашу үшін алдымен лицен­зия алу керек. Балабақша ашуға қара­ғанда мектеп ашу әлдеқайда қиын. Жалға алатын ғимараттың сани­тар­лық және өртке қарсы қойыла­тын талаптарынан өту үшін жауап­ты органдардың рұқ­сатын аласың. Мектеп қауіпсіз­дігін бақылайтын камералармен жабдықталып, ол жедел басқару орталығына қо­сылуы тиіс. Бұл тек лицензия алу үшін. Мектеп мұғалімдерінің білік­ті­лігіне қойылатын талап бар. Кітап­хана қорына да арнайы талап қойыла­ды. Осы талаптардың іс жүзінде толық орындалғанын Білім және ғылым министрлігінің өкіл­­дері тексереді», – дейді Шәкәрім Сейсенбай. Білім сарапшысының айтуын­ша, лицензия алу талабы әр жылы өзгеріп отырады екен. Айталық, 2018-2019 жылы мектеп ашу үшін лицензия алу әлдеқайда оңай бол­ған. Сол жылдары лицен­зия ал­ған­­дар жалған ақпаратты көрсе­тіп, сапаға емес, санға ғана қыз­мет көрсетіп жүрген болуы мүм­кін. Ал қадағалау қажетті рұқсатты алып алған соң тек бес жылдан кейін ғана жасалады екен. Мәселен, соң­ғы оқиға бойынша тексеріс нә­ти­жесі жекеменшік мектептегі қауіп­сіздік пен білім сапасындағы ере­жебұзушылық­тардың барын анық­тауы осыны дәлел­деген жоқ па? Байқап қарасақ, жекеменшік мектептердің жақсы білім беруі құрылтайшыларының осы істі қандай мақсатпен қолға алғанына қатысты. Себебі о баста сапалы білім беретін оқу орны ретінде қараса, салғырттыққа жол бермесі хақ. Кіріс келтіруді мақсат тұт­қандар кірістен айырылмас үшін оқушылардың бетінен қақпайды, айтқанына құлдық ұрады. Бірақ тәрбиені тасада қалдыру мен қауіп­сіздікті қаперде ұстамау бо­ла­шақ ұлтқа жасалған қастандық емес пе?!