«Жалын» жастар байқауының жеңімпаздары марапатталды
«Жалын» жастар байқауының жеңімпаздары марапатталды
433
оқылды
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жазушы-публицист, өнертанушы, телевизия қайраткері Камал Смайыловтың 90 жылдығына және тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына орай тұңғыш рет жастар арасында «Жалын» телевизиялық байқауын ұйымдастырған болатын. Комиссия қарауына 1 айға жуық уақыт ішінде 60-қа жуық шығарма­шылық жұмыс келіп түсті. Қатысу­шылар қатарында республикалық, аймақтық телеарналар мен ақпарат­тық агенттік журналистері, жоғары оқу орындарының студенттері болды. Солардың арасынан байқаудың «Үздік деректі фильм» аталымын Kokshe kontent ақпарат агенттігінің тілшісі Ұлан Зейнелқабден иеленсе, «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының III курс студенттері Анель Оразгелді мен Зере Аман­гелдин­ова марапатталды. «Үздік авторлық бағдарлама» аталымын Turkistan телеарнасының тілшісі Айдос Игіліков, «Үздік сюжет» аталымын Сәтбаев қалалық Aqsham телеарнасының тілшісі Еркеназ Шоқан жеңіп алды. Жеңімпаздарды «Қазақстан» телерадио­корпорациясы­ның басқарма төрайымы Ләззат Танысбай марапаттап, үздік жоба иегерлеріне 500 мың теңге қаржылай сыйлық табыстады. «Біздің мақсатымыз – жас жур­налистер арасында Қазақ телевизия­сының бастауында тұрған тұлғалар есімін ұлықтау және жас әріптес­тері­міздің шығармашылығына қолдау көрсету. Үздік деп танылған жұмыс­тардың негізінде Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаев кезінде әрбір авторлық жобасында көздеген ұлттық мақсат-мүдде жатыр. Әрбірінде бір тақырып арқылы ауқымды мәселе қамтылған. Келіп түскен жұмыстарды іріктеуде техникалық және шығарма­шылық ізденістен бөлек, осы жайттарға мән берілді», – дейді басқарма төрайымы Ләззат Танысбай. Мәселен, байқау жеңімпазы Ұлан Зейнелқабден «Қарағанды лагері – қара таңба» деректі фильмінде зұлмат жылдардың қазақ халқына әкелген зардабын сараптауға күш салған. Turkistan телеарнасынан ұсынылған Айдос Игіліковтің «Мен басқаша өмір сүрер едім» арнайы хабары әйелдер колониясындағы жазасын өтеуші әйелдермен сұхбат негізінде жасалған. «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымына журналист Бейсен Құран­бектің бейнесіне арналған BAQ деректі фильмі лайық деп танылды. «Материалымды үздік деп таны­ған­дарын айтып, хабарласқанда қуанышымда шек болмады. Қазақ телевизиясының іргетасын қалап кеткен Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сияқты азаматтардың есімі ұмытылмақ емес. Ұлттық арнаға алғысым шексіз», – дейді Камал Смайыловтың 90 жыл­дығына арналған «Төл журналис­тиканың қамалы» тақырыбындағы үздік сюжет авторы, Aqsham теле­арнасының тілшісі Еркеназ Шоқан. «Жалын» жастар байқауы – жур­налистерге қолдау білдірудің айқын үлгісі. Аталған шара өте жоғары деңгейде өтті деуге болады. Қазақ­станның түкпір-түкпірінен түрлі жұмыс жолдаған дарынды да қабілетті журналистердің еңбегі ескерусіз қал­май, телерадиокорпорация тарапы­нан еленіп, сертификаттар мен ақшалай сыйақы табысталды. Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаев жүлделерінің жеңімпаздары атануы жас журналистерге тың серпін беріп, жұмысына деген жауапкершіліктерін арттыра түскені анық. «Жас әріптестеріміз өзектілігін жоймайтын бұл тақырыптарды әлі де терең зерттей түседі деп сенеміз. Жас мамандардың тырнақалды туындысы екенін ескерсек, жұмыстағы ізденіс пен шеберлік шыңдала түскенде әлі талай шығармашылық жобаны назарымызға ұсынады деген үмітпен қолдау көрсетуді жөн көрдік», – дейді арнайы құрылған комиссия мүшесі, Qazaqstan телеарнасының продюсері Айгүл Мыңжасар. «Қазақстан» телерадио­корпорациясының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған телевизиялық «Жалын» жастар кон­курсы алдағы уақытта дәстүрге айна­латынына сенеміз.