Барлығы да жолаушының жайлылығы үшін
Барлығы да жолаушының жайлылығы үшін
380
оқылды
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының еншілес «Жолаушылар тасымалы» кәсіпорыны интермодальдық жүйеден бастап, купенің ішіндегі SOS түймешігіне дейін қолға алмақ. Журналистерді шақырып, баспасөз-дәм мәслихатын ұйымдастырған компания басшылығы осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстармен таныстырып, болашақ жоспарлармен бөлісті. Жиырмадан астам ақпарат құралдары өкілдеріне компания басшылығымен қатар қызметкерлері де жауап берді. Интермодальдық жүйе: бір билет – бір хаб Жолаушылар тасымалында жаңа­лық көп. Мәселен, интермодальдық жүйе дегеніміз – «Қазақстан темір жолын» хабқа айналдырып, барлық көлік түрімен жолаушылар тасы­малын ұйымдастыру. Егер сіз бірнеше рет ауысып отыруға тура келетін бағытқа жолға шықсаңыз, сапар кезінде ұшаққа, одан соң пойызға, одан соң автобусқа отырар болсаңыз, соның барлығына бір билет сатыла­ды. Осындай орталықтандырылған жүйе тасымалды үйлестіруге, жолау­шыларға жайлылық орнатуға, жол қатынасын оңтайландыруға мүмкін­дік бермек. Тағы бір жаңашылдық – динамикалық баға өзгерісі туралы. «Теміржол тасымалы тарифіне әуе­компаниялар пайдаланатын ди­на­мика­лық тәсілді енгізуді жоспар­лап отырмыз. Билетті неғұрлым ер­те­рек алса, ол арзандау болады. Ал жүретін күнге таяған сайын қымбат­тай береді. Мәселен, билет сату қа­зіргі тәжірибеде 45 күн бұрын ашыла­ды. Кейбір туристік агенттіктердің өтініштері бойынша оларға 180 күн бұрын сатуға келісімге келдік. Егер осы ойымыз жүзеге асар болса, онда ертерек алған адам шартты түрде айтқанда 25%-ға арзан ала алмақ, ал тақалғанда керісінше 25% қымбат болады. Бұл қазіргі тариф өзгереді деген сөз емес. Бағаны қымбаттату туралы жоспарымыз жоқ. Мақса­ты­мыз – жолаушылар арасында жол­сапарларын ертерек жоспарлау мә­де­ниетін қалыптастыру. Әрі қаржы­лай тиімді болатынын ұғындыру. Ал өзіміз үшін қанша вагон қажет екенін ертерек жоспарлауға мүмкіндік бер­мек», – дейді «Жолаушылар тасы­малы» АҚ Бас директорының мін­детін атқарушы Жәнібек Тайжанов. Бүгінде компания пандемиядан соң қайта қалпына келу кезеңін аяқтап жатыр екен. Әдетте жылына 16 миллион жолаушы тасымалдап ке­лген болса, 2020 жылы ол көр­сеткіш күрт төмендеп, 8 миллион жолаушыға дейін азайып кеткен. Енді биыл 14 миллион жолаушы тасимыз деп меже қойып отыр. Жаз­ғы маусымға 107 бағдар қосамыз деп жоспарлып отыр. Оның басым көпшілігі, яки 61-і дотациялық бағдарлар. Бүгінде компанияның жылжымайтын құрам паркінде 2 222 вагон бар. Оның ішінде 1 436 вагон ескі стандарттық үлгідегі вагондар болса, 670-і – тальго. Жаз мезгілінде жолаушылар нөпірінің көбею болжамына сай қосымша 200 вагон дайындап отыр. Вагондар паркі бірте-бірте жаңалануда. Қазір жыл­жы­малы құрамның 49% пайдалануда жүргеніне 11 жыл болған вагондар. Одан бөлек, 20-25 жыл болған вагон­дар да бар. SOS батырмасы пайда болуы мүмкін Жиында жолаушылардың жайлылығынан бөлек, қауіпсіздігі де сөз болды. Мәселен, оқыс жағдайда көмек шақыру үшін SOS батырмасы пайда болмақ. Яғни, елімізде пойыз вагондарында дабыл батырмасын орнату мүмкіндігі қаралып жатыр. «Пойыздарда төбелес, жанжал, тағы да басқа келеңсіз жайттардың болып жататыны, өкінішке қарай, жасырын емес. Жолаушыға қауіп төнген жағдайда алдымен пойыз жолсерігіне жүгінген жөн. Содан соң жолаушылардың қауіпсіздігі туралы нұсқаулыққа сәйкес пойыз басшы­лығы тиісті шара қабылдайды. Ал жалпы пойыз жолаушыларының қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету жұмысы жалғасын тауып жатыр. Өткен жылы пойыз вагондарында SOS батырмасын орнату мәселесі қолға алынды. Яғни, қауіп төнген жағдайда жолаушы батырманы басып, жолсерікті көмекке шақыра алады. Сонымен қатар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері де тартылады. Өкі­ніш­ке қарай, аталған мамандар бар­лық пойызда жоқ. Бұл мәселе бойын­ша біз Ішкі істер министрлігіне бірнеше рет жүгіндік. Біздің қызмет­кер­лермен қатар ішкі істер органдары мамандарының да болғаны абзал», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ сервис департаментінің директоры Ботагөз Әкімова. Естеріңізде болса, былтыр қазан айында тек қана әйелдер отыруға арналған вагондар қатынай бастаған болатын. Бастапқыда ол тек 2 бағытқа енгізілген болса, бүгінде әйелдер вагоны 3 өңірде 8 бағыт бойынша жолда жүр. Олар – Алматы-Маңғыстау, Алматы-Өскемен, Алма­ты-Ақтөбе және Нұр-Сұлтан-Шым­кент бағыттары. «Бастапқыда мұндай вагондар­дың тасымалға қосылуынан діни көзқарас іздегендер де болды. Бірақ бұл мүлдем олай емес. Аталған прак­тика әлем елдерінде де бар. Бірінші кезекте, жолаушы әйелдердің қауіп­сіз­дігі мен жайлылығын көздеп отыр­мыз. Бірақ қызық болғанда әйелдерге арналған вагондардың іске қосылуына байланысты «құқығымыз шектелді» деп шағым жазған ер адамдар да болды. Ал әйелдер арнайы вагондардың болуын қуана қабыл алды. Меніңше, ер адамдар да мұндай жаңашылдыққа түсіністікпен қарап, қолдауы тиіс. Өйткені ұзақ сапар кезінде әйелдерге кеудесін жауып отырып бала емізуге тура келеді. Бұл ыңғайсыздық туғызады», – деді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің дирек­торы Қайсар Жұмабайұлы. Бұл қызметке тағайындалғанына екі айдай болған Жәнібек Жұмабай­ұлы­ның айтуынша, жаңа басшылық жаңашылдықтарға да, сынға да ашық. Ол компания жанынан Қо­ғам­дық кеңес құратынын хабарлап, журналистерді соған қосылуға ша­қыр­ды. Тіпті, қызмет сапасын анық­тап, ұсыныстар мен ескертпелерді тыңдау үшін ақпарат құралдары қызметкерлерімен бірлескен рейд­терге, жол үстіндегі жолаушылармен кездесуге дайын екенін де айтты.