Солтүстікқазақстандықтардың біраз бөлігі міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру үшін төлеп жатқан жарналарының қайда кетіп жатқанынан бейхабар. Науқастар осы жарнаны да төлеп әрі жекеменшік ақылы клиникаларға да жүгініп, екі рет шығындалып жүр. Себебі бекітілген емханаларында кезекті ұзақ күту керек. Бұл жайт науқастардың көңілінен шықпайды.
Науқастар өз кезегін айлап-жылдап күтуге мәжбүр. Ультрадыбыстық зерттеуден өткісі келген петропавлдық Жанар Әбілмәжінова «Мамырдың соңында хабарласып, маусым айындағы кезекке жазылыңыз» деген жауап алыпты. Компьютерлік томография жасағысы келген Ақмарал Қожахметова да дәл осындай жауапқа кезіккен. Ауруы шыдатпай бара жатқан ол енді жекеменшік клиникаға барып, қажетті қызметті ақылы түрде алмақшы. Себебі ауруы асқынып кетеді деп алаңдайды. Ал ай сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төлеп отырған жарнасы 15-20 мың теңге көлемінде.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құмар Күсемісовтің айтуынша, бүгінде қаланың бірқатар емханасындағы компьютерлік томограф істен шыққан. Облыста бас-аяғы 8 томограф болса, соның төртеуі қирап тұр. «Бірінші қалалық аурухана, облыстық аурухана, онкологиялық диспансердегі компьютерлік томограф сынып қалды. Тайынша ауданындағы томограф қалпына келтіруге жарамай қалды. Биыл жаңасын сатып аламыз. Ғабит Мүсірепов ауданына да жаңасын жөнелттік. Петропавлдағы облыстық балалар ауруханасында, көпбейінді қалалық ауруханада, инфекциялық ауруханада томограф істеп тұр. Кезекте тұрғандар осы ауруханаларға жолданады. Бірақ шұғыл түрде қажет болса, кезексіз қызмет көрсетіледі. Басқалары кезектерін күтеді», – деді Құмар Тлебалдыұлы. Сәуір айының соңында ғана қалалық көпбейінді ауруханаға жаңа томограф орнатылған кезде шенеуніктер «енді науқастар өз кезегін он күннен артық күтпейді» деп жар салған еді. Шын мәнісінде, жағдайдың өзгергені шамалы. Айлап-жылдап кезек күтпес үшін науқастар өз қалтасынан ақша шығарып, жекеменшік клиникалардың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл ретте олардың наразылығын туғызып отырғаны – медициналық сақтандыруға ай сайын төлеп отырған жарнасын пайдалану мүмкіндігінің жоқтығы. Екі жерде жұмыс істейтін Айнаш Қожабергенова екі бірдей жұмыс орнынан жарна төлегенімен, өзіне көрсетілетін медициналық қызмет сапасы сын көтермейтінін айтады. «Медициналық жарна екі жұмыс орнымнан да ұсталады. Дегенмен медициналық қызмет сапасы сол қалпы. Көбіне-көп жекеменшік ақылы емханаларға жүгінемін. Себебі МӘМС бойынша қызмет көрсететін өзім тіркелген емханаға барып, кадр жетіспеушілігі, құрал-жабдықтың жоқтығы, ұзын-сонар кезек сияқты «таңғажайыптарға» тап болғым келмейді. Сонда менің жарнам қайда кетіп жатыр? Не үшін төлеймін?», – дейді ол.
«Қазаншының еркі бар...»
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы түсіндіргендей, жекеменшік клиникалар көптеген маманды өздеріне тартып алды. Оларға медициналық сақтандыру қоры арқылы қызмет көрсетудің тарифтері тиімсіз, себебі өздері белгілеген бағадан төменірек. Сондықтан олар МӘМС бойынша науқас қабылдауға құлықсыз. Қабылдаған күннің өзінде мұндай қызметтің сапасына тағар мін көп.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының бас сарапшысы Балжан Ғабдуллина әр емханада пациенттерді қолдау қызметі бар екенін, қызмет сапасы көңілден шықпаса, сонда арыздануға болатынын айтып түсіндірді.
«Өз қызмет ақысының жоғары болуы есебінен олар дәрігерлердің еңбекақысын төлей алады. Екіншіден, олардың жүктемесі азырақ. Мәселен, облыстық балалар ауруханасында дәрігер бір күнде 30-40 науқасты қабылдап, бөлімшеде жұмыс істеп, түнде кезекшілік атқарса, жекеменшік клиникада күніне қабылдайтын пациенттерінің саны шектеулі», – деп салыстырды Құмар Күсемісов.
Сондай-ақ облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жекеменшік клиникаларға ықпал ете алмайтынын айтты. Яғни, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса».
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалындағылар «МӘМС аясында қызмет көрсететін жекеменшік клиникалар сайтта көрсетілген» деп қысқа қайырады. Бірақ «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанованың айтуынша, сайттағы тізім толық емес. Толық тізімді сұратып алуға тура келіпті. Неге екені белгісіз, қордағылардың өздері оларды жария етуге жүрексінетіндей немесе құлық танытпайтындай.
Жарна қайда кетіп жатыр?
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының бас сарапшысы Балжан Ғабдуллинаның айтуынша, «менің жарнам қайда кетіп жатыр? Ол ақшаны неге мен немесе туысқандарым пайдалана алмайды?» деген тұрғыдағы сұрақтар көптеп түседі екен. «Заңға сәйкес, бұл – жинақтаушы қор емес, әлеуметтік қор. Қымбат ота жасау қажет болған кезде осы қордың қаржысын пайдалану арқылы науқасқа қызмет көрсете аламыз. Бұл қаржыны заң бойынша туысқандарға да аударуға болмайды. Өз ақшасы басқа науқасқа жұмсалмасын деген адамдар заңға өзгеріс енгізілуін талап етуі керек. Қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан өз ойын айтып, жазуы керек. МӘМС аясында қызмет алу үшін соңғы 12 ай бойы жарна төлеу бойынша қарыз болмауы тиіс», – деп түсіндірді Балжан Ағыбайқызы.
«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінген бірыңғай жиынтық төлем төлейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған Жеңіс Әбдірахманов 11 ай бойы міндетті әлеуметтік-медициналық жарнаны төлеп келіп, қаңтар айында ұмытып кеткені үшін оған ақпан айында қызмет көрсетілмегенін айтып шағмданды. Бұл да әділдікке жата қоймаса керек. Қоғамдық қабылдауға жүгінушілердің пікірінше, МӘМС аясында тіс емдеуге болмайтыны да көпшіліктің көңілінен шығып отырған жоқ.
Қарапайым тұрғындардың көпшілігі МӘМС аясында қандай қызмет көрсетілетінінен бейхабар. Білетіндердің өздері жоғарыда айтылған себептер бойынша мұндай қызметке жүгіне қоймайды. «Ендеше мұндай қордың не керегі бар? Бұл біреудің жемсауыты сияқты. Халыққа түк пайдасы жоқ. МӘМС енгізілгелі медицина саласында ештеңе өзгерген жоқ. МӘМС-ті жабу керек. Одан пайда жоқ, бәрібір ақылы дәрігерлерге барамыз», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Игібай Қалиев.
«Наразылығымызға шек жоқ. Емханаға келген адамға бір-екі айдан кейін емес, дәл сол күні, сол сәтте көмек қажет. Тіпті, терапевтің өзіне кіру мүмкін емес. Одан соң 1-2 ай бейінді маманға кезек күту керек. Шұғыл консультация қажет болса не істеуіміз керек? Бұрын күні бойы кезекте отырсақ та, сол күні дәрігердің қабылдауына кіретінбіз. Қазір бәрін қиындатып жіберді. Жекеменшік кабинеттерді жауып, оларға мемлекеттік емханаларда қызмет көрсетуіне тыйым салу қажет. МӘМС бойынша дәрігерге кезекті бір ай күту керек болса, жекеменшік емханада дәл сол дәрігерге келесі күні баруға болады. Мемлекеттік емханада дәрігерлер неліктен жарты күн ғана жұмыс істейді? Қалған уақытын жекеменшік кабинетінде өткізеді. 8 сағат бойы жұмыс істесін», – дейді Айнагүл Ауғалиева.
Маман тапшы
Қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев әлеуметтік желілерде оқыған пікірлердің бірін мысалға келтірді: Call-орталық арқылы 11 сәуір күні гастроэнтерологқа жазылдым. 27 мамырға ғана қабылдау бар екен. 46 күннен кейін! Бұл уақыт ішінде адам о дүниелік болып, қырқын да өткізіп үлгеруге болады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін белгілі бір қорытынды жасап, өз жұмысын түбегейлі өзгертуі тиіс», – деді Павел Афанасьев.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құмар Күсемісов бұл бүкіл ел бойынша қалыптасқан жүйе екенін айтып ақталды. Оны өзгерту үшін жоғары жаққа ұсыныстар әзірлеу қажет. Басшылық дәрігерлер жетіспеушілігі бар екенін мойындады. Бүгінде облыс бойынша 280-нен астам дәрігер жетіспейді. 130 вакансияны дәрігерлер негізгі жүктемесіне қоса атқарып жүр. Бұл мәселені шешу үшін облыс басшылығы жас мамандарға көтермеақыны аяп жатқан жоқ. 2019 жылы 1 миллион 500 мың теңгеден төленгенде ауылдық жерлерде 230 маман жетіспейтін. Қазір облыстық бюджеттен 2 миллион 500 мың теңгеден, медицина ұйымынан 1 миллион теңге көтермеақы, аудандық әкімдіктен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 600 мың теңгеден, бас-аяғы 4 миллион теңге төленіп, баспана бөлінсе де, басқа да жеңілдіктер қарастырылғанымен, дәрігер жетіспеушілігі одан сайын өзектілене түсті. Құмар Күсемісов Денсаулық сақтау басқармасы қолдан келгеннің барлығын жасап жатқанын айтты. Дегенмен кадрлардың тұрақтамайтынын мойындады. Әсіресе, басқа жаққа қоныс аударушылар мен зейнет демалысына шығатындар көп екен.
Түптеп келгенде, солтүстікқазақстандық науқастар тұйық шеңбердің аясынан шыға алмай жүр. Былтыр бала туу көрсеткіші 3,5 пайызға кеміп, адам өлімі 13,4 пайызға артқаны осындай келеңсіздіктердің нәтижесі болар, бәлкім?