Елімізде кезекті отандық тауар өндірушілердің ең ірі ULTTYQ ÓNIM көрмесі өтті. Мұндағы тамақ өнеркәсібінен бастап, құрылыс, жиһаз, киім-кешек, арнайы техника мен жабдықтар, кәдесый мен полиграфия, химия өнеркәсібі, қолөнер және тағы да басқа саладағы тауарларды көріп, қуандық. Жиында импорт алмастыру жайына да мән берілді. Әйтсе де, әдемі көрменің сыртында кластерлік мүмкіндіктердің әлсіздігі бар-ау деген бір түйткіл көңілімізде тұрып қалғаны рас.Мемлекеттен қолдау көргендер көрмесі
VI ULTTYQ ÓNIM көрмесі елімізде 2015 жылдан бері өтіп келеді. Ұйымдастырушысы «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болғандықтан мұнда көп ретте мемлекеттен қолдау алған отандық микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілі қатысты. Павильондарды аралау барысында біз күнделікті тұтынып жүрген кейбір өнімдердің Қазақстанда шығатынын біліп бір таңғалсақ, бұрын білмеген өнімдердің елімізде бар екенін көріп тағы таңдандық. Мәселен, Шымкентте балалар ойыншығын шығарады екен. Ал Қарағандыда энергияүнемдегіш жарық диодты шамдар құрастыратын компания бар. Инновациялық жоба Қазақстанның аймақтарды Индустрияландыру картасына енген. Әрине, мұндай экспозициялық шараның кәсіпкерлерге берері зор. Үш күнге созылған ULTTYQ ÓNIM алаңында кәсіпкерлердің оның жарнамалық әлеуетінің арқасында тұтынушылардың кең аудиториясына одан әрмен таныла түскені рас. Әйтсе де, ірі көрмеде тек мемлекетпен байланысты отандық тауар өндірушілердің қамтылғаны мұндағы картинаны толық ашады деп айту қиын. Өйткені мұнай-газ, машина құрастыру, радиоэлектроника сынды тағы да басқа қабырғалы салалардың қалыс қалғаны анық. Сондықтан да «Қазақстанда жасалған» марканы қолдау тек мемлекеттік аяда шектеліп қалмай, іскерлік қатынастың барлық мүмкіндігін паш етуге арналғаны абзал. Бұл көрменің бүгінгі болмысы кемшін дегенді білдірмейді. Өйткені Үкімет басшысының өзі келіп ашып, ірі банктер мен қаржы ұйымдарының басшылығы бизнеспен әріптестікке мүдделілік танытып, мұндағы мәселені ортақ талқылап жатқаны ниеттестік риториканың жаңаша сипаты барын байқатады. Мәселен, көрме аясында қаржы саласының мамандары кәсіпкерлермен конференция залында кездесіп, қаражат жағынан қолдау бойынша түрлі ұсыныстар мен мүмкіндіктерге дайын екенін мәлімдеді. Ал Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз кезегінде импорт алмастыру жайына тоқталды.
«Импортты алмастыру – кәсіпкерлер үшін даму әлеуеті зор бағыттардың бірі, тек өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың үлесі өткен жылы $38 млрд-ты құрады. Бұл біздің отандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестициялар бағыттау үшін үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын құрды, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импортты алмастыратын жобалар. 2022 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады», — деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау шараларын жүзеге асыру аясында соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27 пайыздан 35 пайызға дейін ұлғайған. Бизнеске әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік беретін Кәсіпкерлік саласындағы реттеушілік саясат жөніндегі заң қабылданған. Бизнес жүргізу және нарықтағы монополияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Отандық компаниялардың квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізуді жеңілдету бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Өз сөзінде Премьер-Министр шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге Мемлекет басшысы енгізген мораторий елімізде бизнес жүргізуді жеңілдеткенін атап өтті.
Тұрмыстық химияға кластер керек
Көрмеге қатысқан көптеген кәсіпкерлерді әңгімеге тартқанымызда, бір мәселенің құлағы қылтиғаны рас. Ол аты отандық тауардың шикізатының шетелден тасылатыны. Мәселен, тұрмыстық химия өндіруші кәсіпкерлер дайын өнімдеріне қажетті компоненттердің 90 пайызын сырттан әкеледі екен.
«Біз тұрмыстық және автохимия тауарларын шығарамыз. Соның ең азы канистр, плафон, дозатор ыдысына дейін Ресейдің Новосібір қаласынан әкелеміз. Ал тіпті кейбір кәсіпкерлер сыртындағы заттаңбасына дейін сырттан алдырады. Пластмасса ыдысты өзімізде де Алматыда өндіретін цехтар бар. Бірақ сапасы нашар – тасымал кезінде немесе пайдалану уақытында тығыны босап, өзі жарылып кетіп жатады. Біз сәл қымбат болса да бағасына қарамай Ресейден алдырып жүр едік, бірақ қазіргі салынған шектеулерге байланысты, сапасы сын көтермейтін болса да әзірге қазақстандық ыдыстарды алуға мәжбүрміз. Бірақ шектеу алынса, қайтадан алдыратын ниетіміз бар. Ал тазалау сұйықтықтарының құрамдас бөліктерінен тек тұзды Аралдан, ортофосфор қышқылын Жамбылдан, натрий гидрохлоридін Павлодардан, мәрмәр ұнын Текеліден аламыз. Бұлар тек қоспа есебіндегі заттар. Ал негізгі құрамға жататын 75 пайыздық содиум лаурил натрий сульфаты (SLS), битоин, глицерин, алкил полигликозид (APG), кокос майы сынды тағы да басқа көптеген заттардың барлығы дерлік Қытай мен Ресей және еуропа елдерінен келеді. Көп көлемде көтерме түрде алдырып жатырмыз. Қазақстаннан алдыратындардың кейбірінен сапасы нашар болғандықтан бас тартып, шетелден тасып жатырмыз», – дейді «Профхим» компаниясының директоры Владимир Мироненко.
Владимир Юревичтің айтуынша, химия өнеркәсібін дамытып, мұндағы тауарлардың құрамдас бөліктерін өзімізде шығарған құба-құп болар еді. Оған елімізде ресурстық мүмкіндіктер жеткілікті. Сонымен қоса, елімізде бар өнімдердің өзінің сапасын арттыра түскен абзал. Бір сөзбен айтқанда, тұрмыстық химияға кластер керек.
Локализация 70 пайыз болуы қажет
Мамандардың пікірінше, импорт алмастыру дегеніміз, ішкі өндірістің әлеуетін көтеруден басталады. Бұл дайын тауардың құрамдас бөлігіне дейін өзімізде өндірумен байланысты. Мәселен, елімізде кезінде «мақта кластері» деген болды. Мұнда дайын текстильдік өнімді мақтаны еккеннен бастап, оны жинау, өңдеу, жіп етіп иіру, тоқыма және дайын мата етіп шығаруға дейін жолға қою жолы қарастырылды. Осының барлығын оңтүстік өңірде шоғырландырып, жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз деген ұранды науқан бүгінде су аяғы құрдымға кеткендігін барлығымыз да көріп отырмыз. Ендеше бүгінгі күн шындығы сол кластер мәселесіне қайта әкеліп отыр.
«Біздің сорымызды қайнатып отырған мәселе, шенеуніктердің Үкімет алдында есеп берген кезіндегі статистикасының жалғандығы. Олардың отандық өнім деп жасап жатқан нәрселеріне көп ретте сырттан әкеліп жинап-құрастырып, «Қазақстанда жасалған» деп марка қоюында. Мәселен, Ақтауда арнайы экономикалық аймақта жасалған «Аққу» планшетінің 100 пайыз шетелдік компоненттердің жиынтығы екендігі осыған дәлел. Сондықтан да біз бір өнімге кететін шикізаттың жоқ дегенде 70-75 пайызын өзімізде өндіруге бірінші кезекте қол жеткізуміз керек. Қандай өнім болмасын локализация 70 пайызы жергілікті жерден болуы тиіс. Ал бізде керісінше, солтүстік пен шығыста өндірілетін автоөнеркәсіптің 75 пайызы шеттен келеді. Біз мұндай саясаттан түбегейлі бас тартуымыз қажет. Сондықтан да, мұндағы қадағалау жұмыстарына азаматтық қоғам өкілдерін тартқан дұрыс. Ол тек импорталмастыруға қатысты емес, барлық салада да солай. Көзбояушылықтан арылып, қоғамдық ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға оларды тексере алатын құзырет тетігін беру керек. Өйткені бұл ең бірінші кезекте экономикалық қауіпсіздік мәселесі», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан өз дамуында өндіруші ел деңгейінен өтті. Экономикалық эволюция жолымен шикізатты сатып үйрендік, енді өңдеуші секторға кең мүмкіндіктер ашуымыз қажет. Сондықтан да, ULTTYQ ÓNIM көрмесі мемлекеттік қолдаумен өткені бұл қадамның басы болса керек. Өйткені бизнеске мемлекеттің қол ұшын созуы – мұндағы тәуекелді бірге бөлісуге дайын екенін білдіреді. Әйтсе де, бизнеске аяқтан тұрып кеткенше ғана көмектесіп, одан соң нарық талабына сілтеп, еркіне қоя берген абзал. Әйтпесе, «инкубациялық» жүйенің «жылыжайлық» жағдайы бәсекеге қабілеттілікке нұқсан әкелмек. Ендеше, келесі көрмеден тек мемлекеттік емес, инвестициялық жобалардың да жарқын үлгілерін күтеміз.