Бүгінде қоғам өмірінің қай саласы болмасын мемлекеттік сатып алу рәсімімен байланысты. Мемлекеттік мекемеге қажетті құрылғыларды, қызмет түрлерін иемдену дәл осы тетік арқылы жүзеге асады. Әйтсе де, бюджеттің қаржысы молынан игерілетін салада сыбайлас жемқорлық тәуекелі тым жоғары. Көбіне қызмет көрсетушілер тапсырыс берушілерге талабын жұмсартып, қызмет ақысын кедергісіз аударғаны үшін «сыйақы» беріп жатады. Кейде мемлекеттік сатып алуды жүргізетін мекемелердің басшылары да кәсіпкерлерге «салық» салатыны бар.
Президент те мемлекеттік сатып алу рәсіміндегі мәселелерге ұдайы назар аударып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық пен ысырапшылдық көп жыл бойы бюджетті игерудің барлық кезеңінде байқалып отырғанын ашық айтты. Сол жиындардың бірінде Президент мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың барлық жүйесін қайта қарауды тапсырғаны есте.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов та бюджет шығыстарының 30 пайызы тиесілі мемлекеттік сатып алу секторында бармақ басты, көз қысты әрекеттердің көбеймесе, азаймағанын алға тартады. Оның айтуынша, елдегі мемлекеттік сатып алуларға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі 4 триллион теңгеге тең. Осыдан-ақ қызмет көрсетушілер мен тапсырыс берушілердің жолын тауып, бюджет қаражатына мейлінше молынан қол салуға құштарлығын түсінуге болады.
«Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі құрылымында шамамен 5 пайызын құрайды. Бұл нарыққа айтарлықтай әсерін тигізді. Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесінің сыбайлас жемқорлық тартымдылығын арттыра түсті. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің әрбір бесіншісі дәл осы салада жасалады. 2020 жылдан бастап 2022 жылдың 1 тоқсанына дейін 418 қылмыстық іс аяқталды, олар бойынша 162 адам сотталды», – деді Ұлан Серікұлы.
Агенттік төрағасының мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмысты анықтау қиын. Әрі оның әдіс-тәсілдері де жыл санап күрделене түскен. Әсіресе, бір көзден сатып алу тәсіліне жүгінетіндердің қарасы қалың. Алайда тапсырыс берушілер көбіне бұл тәсілге тек зияткерлік меншіктегі нысандарды сатып алуда ғана иек артатынын айтып өздеріне шаң жуытпайды. Десе де, бір көзден сатып алуды құп көретіндер де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қатаң бақылауында.
«Бір көзден сатып алуда жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Қолданыстағы заңнамада тікелей шарт арқылы сатып алудың 47 негізі көзделген. Қысқарту үрдісіне қарамастан, мұндай сатып алулардың үлесі әлі жоғары. Кейбір өңірде сатып алудың төрттен үш бөлігі бәсекеге қабілетсіз тәсілмен өткізіледі. Мысалы, 2021 жылы Түркістан облысында мемлекеттік сатып алуға қарастырылған 324 млрд теңгенің 232 млрд теңгесі осындай жолмен игерілген. Мұндай сатып алудың жарқын мысалы – зияткерлік меншік объектілерін сатып алу. Заңнамада авторлық құқық куәлігін алуға ешқандай шектеу жоқ. Осы сылтаумен сценарий жұмыстары, компьютерлік бағдарламалар, ескерткіштердің эскиздері тіркеледі. Осылайша, бір көзден сатып алуды ұйымдастыру үшін қолдан жағдай жасалады», – дейді агенттік төрағасының орынбасары.
Зияткерлік меншікті сылтау етіп, авторлық құқықты тіркеп, бір көзден сатып алудың мысалын, әсіресе цифрландыру саласынан көптеп кездестіруге болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, елдегі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор нысандары 268 миллиард теңгеге 500-ге жуық ақпараттық жүйені сатып алған екен. Бұл соманың 80 пайызы бір көзден сатып алу тәсілімен игерілген көрінеді. Кейіннен үшінші ақпараттық жүйені уәкілетті орган қайталануына немесе пайдаланылмауына байланысты есептен шығаруға ұсынғаны белгілі болды. Тіпті, жұмыс істемейтін ақпараттық технологиялық жобаларға ақы төлеп, жазықты болған шенеуніктер де бар.
Жалпы, мемлекеттік сатып алу ресіміндегі құқықбұзушылық қызметті не тауарды қабылдап алу кезінде тіркеледі. Әсіресе, 80 пайызы ғана орындалған жұмыстың жалған актісіне қол қоятындар жетіп артылады. Бюджет қаражатын жымқырумен және парақорлықпен байланысты мұндай фактілер құрылыс, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларында көптеп тіркеледі екен.
Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері 2021 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа тапсырған. Басқарма басшысы Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші құрылысының мердігерлеріне қажетті қаражатын кедергісіз аударғаны үшін 1 миллион теңге пара алған. Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары да жол жөндеу, су жеткізу құбырларын тарту бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағаны үшін кәсіпкерден пара алған. Ол өзінің «сыйақысы» ретінде келісімшарт құнының 10 пайызын сұрапты. Өткен жылы күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары да Абай Құнанбаев ескерткішін жасау және орнату бойынша шарт жасасқаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алмақ болған.
Бұл соңғы жылдары мемлекеттік сатып алу төңірегінде тіркелген ірілі-ұсақты құқықбұзушылықтың бір парасы ғана. Негізінен, бір көзден сатып алудың үлесін азайту 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына енгізілген. Алайда жоғарыда біз келтірген мысалдар дәл осы сипаттағы қылмыспен түбегейлі күресу, алдын алу жұмыстарының әлі де өз деңгейінде жүргізілмейтінін көрсетсе керек.
«Гос Закуп Консалтинг» ЖШС сарапшысы Әлішер Мәжит бір көзден сатып алу тәсілі көп жағдайда орынды қолданыла бермейтініне назар аударды.
– Көбіне мемлекеттік сатып алу туралы конкурс бірнеше рет жарияланса да ешкім қатыспайды. Конкурстық процедуралар 1 айға созылады. Бұл дегеніңіз тапсырыс беруші талап еткен қызмет түрінің немесе тауарды сатып алу мерзімін бірнеше айға созып жіберуі мүмкін. Әрине, мұндай сәттерде бір көзден сатып алу тәсілін қолдануға болады. Дегенмен солай екен деп барлық тауар мен қызмет түрлерін бір көзден сатып алу дұрыс емес. Мұнда сыбайлас жемқорлық тәуекелін былай қойғанда, бизнес өкілдері арасындағы бәсекелестік те жойылады, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, бір көзден сатып алуда көптеп айтылатын авторлық құқық ұғымының да аражігін ажыратып алған дұрыс.
– Авторлық құқықты алға тартып, тауарлар мен қызметті бір көзден сатып алу дұрыс емес. Қазір авторлық құқық алудың ешқандай қиындығы жоқ. Сол үшін де авторлық құқық ұғымын түсініп алғанымыз жөн. Мысалы, кейбір шараларды ұйымдастыруға авторлық құқық алып алатындар бар. Отбасылық құндылықтарды дамыту бойынша жоба деп оны да патенттеп алады. Былай қарасаңыз, мұндай жерге ешқандай да авторлық жоба қажет емес. Оны кез келген адам өткізе алады, – дейді сарапшы.
Қысқасы, түрлі амал-айласын тауып, мемлекеттік сатып алуды тікелей өткізетіндердің түпкі мақсаты түсінікті. Белгілісі, мұндайда тапсырыс беруші де, қызмет көрсетуші де ұтылмайды. Дегенмен бұл тәсілге иек арту жемқорлық тәуекелін арттырумен бірге кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті де жойып жіберетінін ұмытпау керек. Шағын және орта бизнесті экономиканы дамытудың бір тетігі десек, мемлекеттік сатып алу саласындағы әлгіндей әрекеттер бұл сектордың жолын тежеуі де мүмкін.