Ұлт қазынасының қайнар бұлағындағы ғалым
Ұлт қазынасының қайнар бұлағындағы ғалым
445
оқылды
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбековтің 85 жылдығына орай «Түркі жазуының ескерткіштері: тіл, тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақстандық және шетелдік ғылыми қоғамдастық өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен студенттер қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов оқыды.«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов та Мырзатай Жолдасбековтің мәртебелі мерейтойына құттықтау хатын жолдады. «Ел Тәуелсіз­дігінің елең-алаң күндерінен бастап-ақ жауапты қызметтер атқарып, мемле­кетіміздің идеология, дипломатия саласын өрістетуге күш салдыңыз. Мемлекеттік қызметті атқарып жүріп, көп ізденісті талап ететін ғалымдық жолыңызды да ұмыт­падыңыз. Төккен тер, ерен еңбектің арқасында абыройлы ел ағасына, халық абызына айналдыңыз. Әрдайым осылай мәртебеңіз биік болсын» делінген құттықтау хатта. Конференцияда сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елорданың жаңа қалаға көшуі кезінде Мырзатай Жолдасбеков қаланың ұлттық руханият пен мәдениеттің орт­алығына айналуы үшін үлкен жұмыс атқар­ды. Ол ЕҰУ-нің алғашқы ректорларының бірі болды және университетті жоғары деңгейге көтеруге өз үлесін қосты. – Биыл біз ұлы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын атап өтеміз. Сіз Әуезовтің шәкірті болдыңыз. Мырзатай Жолдасбеков – мәдениетті, руханиятты және тарихты да­мы­тудың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының бастауында тұрған ға­лым­дардың бірі, – деді Асхат Аймағамбетов. ғалым Мырзатай Жолдасбековтің қолынан қаламы түскен емес, түспейді де. Әйгілі түркологтың шәкірттері осылай дейді. Филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркология кафедрасының профессоры Шакир Ибраев өз баяндамасында Ұлы дала әдебиетінің елдің дамуына әсері туралы айтып берді. – Ұлы дала әдебиетінің бір шындығы көне түркі жазба ескерткіштерімен байланысты. Орхон-Енисей ескерткіштерін әдеби шығарма ретінде қабылдау қазақ әдебиетінің тарихи шекарасын жылжытып қана қоймай, әдебиеттануға жанрлық, стилистикалық, көркемдік, авторлық, тақырыптық, сюжеттік, идеялық өзгерістер әкелді. Ғылыми революция ұғымы санада пайда болды. Себебі әдебиет тарихы мен ежелгі түркі дәуірінің байланысы біздің мәдениетімізді түркі рухани мұрасымен біріктіріп, қазақтар мен түркілерді бірге қабылдау принципіне алып келді,– деді Шакир Ибраев. Пленарлық бөлімде мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Әбдірахманов, профессор Байрам Неджие Йылдыз, филология ғылымдары­ның докторы Шәкір Ибраев және т.б. баяндама жасады. Қатысушылар түркі ха­лық­тарының тарихы мен рухани мәдениеті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Мырзатай Жолдасбековтің музыкалық шығармашылығына арналған концерт өтті, оған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы, композитор және орындаушы Жүзбай Жанғали, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева қатысты. Айта кету керек, белгілі ғалым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде ректорлығы кезінде Күлтегін ескерткіші мен Түркі жазуы мұражайының ашылуына мұрындық болған.