Петропавл қаласында пәтер кезегі жылжымайды. Бірнеше жылдап кезекте тұрғандар белгісіз себептермен шығып қалғанын естіп, «AMANAT» партиясы филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінуде. 2010 жылы толық емес отбасы ретінде пәтер кезегіне тұрған Оксана Боярская былтыр желтоқсан айында кезектен шығып қалғанын естігенде «апам да аң-таң, мен де аң-таң» күй кешкені рас. Жарты жыл бойы талай табалдырықты тоздырып, кезегін қайтара алмаған ол енді ештеңеге таңғалмайтын болыпты. «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен кезекке жауапты басты кеңсе компьютерлік бағдарламаны жаңарта бастаған кезде техникалық қате кетті, ол түзетіледі деген жауап алдым. Бірақ, міне жарты жыл өтті, әлі түзетілмей келеді. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Әрдайым бір жаңашылдық енгізіліп жатқанын айтады. Нақты нәтиже жоқ. Тек «күтіңіз» дей береді. Қанша күту керек екені белгісіз. Кезегімді қайтаруға ешкім де асығып отырған жоқ. 12 жыл бойы кезекте тұрып, бір баспанаға қол жеткізе алмау деген не масқара! Қазір анаммен бірге бір бөлмелі пәтерде тұрып жатырмын», – деді Оксана Михайловна. Бұған дейін 1 050-ші болып тұрған әйелді шенеуніктер кезек қалпына келтірілген кезде осы орны сақталады деп сендіріпті. Бірақ биыл кезекте тұрған мүгедектер, жетім-жесір, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға жалдамалы-коммуналдық 600 пәтер пайдалануға беріліп, сонымен бұл әлеуметтік бағдарлама тәмам болмақ. Бұған дейін жұмыссыз ретінде еңбек биржасында тұрған Оксана Боярскаяға уақытша жұмыс беріліпті. Қазір «Қазпошта» филиалында жұмыс істеп жүрген әйелдің еңбек келісімшарты ұзартыла ма, жоқ па – ол жағы белгісіз. «Тұрақты жұмысым мен ай сайынғы еңбекақым болмаған соң менің ипотека алуға мүмкіндігім жоқ. Яғни, баспанадан үміт үзуіме тура келеді деген сөз. Әкімнің қабылдауына жазылып едім. Бірақ одан нәтиже шығады деп ойламаймын. Енді ел Президентіне хат жазу ғана қалды. Әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған бағдарлама өте қажет», – дейді Оксана Михайловна. Сондай-ақ екінші топтағы мүгедек ретінде 2009 жылдан бері баспана кезегінде тұрған Людмила Немченко кезектен шығып қалғанын биыл наурыз айында ғана біліпті. Оның себебін анықтау үшін қалалық әкімдікке барғанымен, мардымды жауап ала алмаған. Сонымен қатар пәтер кезегі алға жылжудың орнына кері кеткен адамдар да бар. 2011 жылдан бері жетім ретінде кезекте тұрған Ақнұр Ахметова бұған дейін 204-ші болғанымен, қазір 215-ке дейін сырғығанын айтады. Өзі – төрт баласы бар көпбалалы ана. Ал көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Айгүл Бралинаны пәтер кезегіне қоюдан әкімдік бас тартыпты. Себебі түсіндірілмеген. 31 жастағы Марина Красова бар өмірінің үштен бірін пәтер кезегін күтумен өткізгенін айтады. Бүгінде ол отбасымен жалдамалы үйде тұрып жатыр. Бұған дейін кезектен екі рет шығып қалып, зәрезап болған Марина әлсін-әлсін әкімдікке барып, кезегін сұрауды әдетке айналдырған. Ұзақ уақыт бойы бармаған Марина енді кезекте жоқ болып шықты. Айқай-шудан кейін кезегі қалпына келтірілген ол қазір 419-шы болып тұр. КЕЗЕКТЕН ШЫҒЫП ҚАЛҒАНДАРДЫҢ ДЕНІ – ЖЕТІМДЕР Жуырда Петропавл қалалық прокуратурасы тұрғын үй заңнамасының сақталуына және пәтер кезегіне қатысты сараптама жүргізіп, бірқатар сорақылықтың бетін ашты. Жетімдер үйінен шыққан 49 бала кезектен заңсыз шығып қалған! «Петропавл қаласы бойынша баспана кезегінде 14 000 адам тұр. Оның бес мыңы – әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтар, 1 700-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Сараптама нәтижесі көрсеткеніндей, кезектен негізінен осы топтағы адамдар шығып қалған. Оның басты себебі – жергілікті деректер базасынан республикалыққа ауыстырған кезде кеткен техникалық қателіктер. Былтырдан бастап пәтер кезегіне қою жөніндегі қызметті тек республикалық база ғана көрсете алады. Прокуратураның араласуымен 49 жетімнің кезегі қалпына келтірілді. Бүгінде кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Себебі бұл жерде техникалық қателік қана емес, адами фактор да бар. Тізімді тексерген кезде «пәтер алды», «мұқтаж емес» деген торкөздерге белгі қойылып кеткен болуы мүмкін. Бұл мәселе прокуратура органдарының айрықша бақылауында», – деді Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев. Ал неліктен негізінен жетімдер ғана кезектен шығып қалғанын Қайсар Оралұлы түсіндіріп бере алмады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Ақжігітов жергілікті атқарушы орган деректер базасына кіре алмайтынын айтты. «Біз тек кезекке тұрушылардың құжаттарын ғана қабылдаймыз. Былайша айтқанда, статистпіз. Жұмыстың барлығы республикалық деңгейде жүргізіледі. Біз оған араласа алмаймыз», – деді Самат Сағындықұлы. ҮМІТ ҮЗУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Руфия Мұстафина да республикалық комитетке сілтеді. «Кезектен шығып қалған адам қайтадан есепке алынған кезде оның кезек нөмірі сақталатынын атап өту керек. Менің білуімше, әзірге Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі комитетте бұл жұмыс тоқтап тұр. Петропавл қаласында қазір 6 жалдамалы-коммуналдық үй салынып жатыр. Оның әрқайсысы – 100 пәтерлік. Яғни, биыл 600 жалдамалы-коммуналдық пәтер пайдалануға беріледі. Оның 20 пайызы жетімдерге және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарға бөлінеді. Ал келесі жылдан бастап тегін пәтер жоқ, ипотекалық үйлер ғана салынады. Оның жағымды тұсы сол – шаршы метрінің құны – 160 мың теңге ғана. Петропавлда әр шаршы метрдің бағасы соңғы кезде 300-400 мың теңгеге дейін шарықтап кеткенін ескерсек, бұл – өте тиімді баға. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 10 пайыз алғашқы жарнасы бар адамдар осы пәтерлерді сатып ала алады. Өкінішке қарай, алғашқы жарнасы жоқ адамдардың ондай мүмкіндігі жоқ», – деді Руфия Мұстафина. Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков те кезекте тұрған адамдар жеңілдетілген ипотекалық несие бойынша пәтер сатып ала алатынын бірнеше рет түсіндірген болатын. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна – 10 пайыз, несие мерзімі – 20 жыл, жылдық пайызы – 2%. Сонымен қатар кезекте тұрғандар үшін «5-20-25» бағдарламасы бар. Бірақ кезекте тұрғандардың көпшілігінің тұрақты жұмысы мен табысы және бастапқы жарнасы жоқ. Сондықтан олар үшін бұл бағдарламалар да – құр арман ғана. Әсіресе, тағдыр тауқыметіне ұшыраған жетімдер балалар үйінен шыққан соң баратын жері жоқ. Олар үшін неге жатақхана салмасқа? Бұған дейін пәтер кезегінде тұрған жетім балалар «өлдіге» саналғаны туралы да жазған болатынбыз. Жалпы, пәтер кезегі мәселесін жіті бақылайтын кез келген сыңайлы.
Солтүстік Қазақстан облысы