Елордада Bus Lane жолағын қарбалас уақыттан тыс кезінде пайдалану бойынша онлайн дауыс беру өтті. Қала әкімдігінен мәлім еткендей, сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі қоғамдық көлікпен жүреді. Респонденттердің 67%-дан астамы қоғамдық көлік пен такси үшін жеке жолақтардың болғанын толық қолдайды. Сондай-ақ дауыс берушілердің 14%-ы бұл мәселеге оң қарайды.
Еске салсақ, пилоттық жоба аясында Абылай хан даңғылында А.Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі учаскеде автобус жолағы енгізілген болатын. Яғни автомобильдерге автобус жолағымен қарбалас уақыттарда жүруге тыйым салынады: таңғы сағат 07.30 – 9.30 аралығында және кешкі сағат 17.00 – 20.00 аралығында. Дауыс беруден өткендердің 61%-ы бұл жаңалық туралы біледі. Респонденттердің 33%-ға жуығы Абылай хан даңғылымен күн сайын, 18%-ы аптасына бірнеше рет, тағы 40%-ы айына екі рет жүреді.
Сауалнамаға қатысқандардың 60%-ы қарбалас емес уақыттарда автобус жолақтарымен өзге көліктердің жүруіне рұқсат берудің қажеті жоқ деп санайды. Азаматтардың 70%-ы бұған рұқсат етілген жағдайда жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктерінің, авариялық қызметтердің шақырту орнына жетуі қиындайды деп есептейді.
Бұдан бөлек, респонденттердің 62%-ы автобусты күту уақыты да ұзаратынын айтып отыр.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда қарбалас емес уақыттарда және демалыс күндері автобустарға бөлінген жолақтармен өзге автокөліктерге жүруге рұқсат беру мәселесі пысықталып жатыр. Қала әкімдігі автобус жолақтарының санын жоспарлы түрде көбейтіп келеді. Бүгінгі таңда Bus Lane саны қаланың 26 көшесінде (73,6 км) бар.