Техникалық мамандарды дайындауда мәселе көп
Техникалық мамандарды дайындауда мәселе көп
© коллаж: Елдар Қаба
805
оқылды
Еліміздің білімді де білікті, бәсекеге қабілетті мамандармен толығуының кілті білім сапасында екені даусыз. Дей тұрғанмен, бүгінде оқулықтардың сапасына сын көп айтылуы мек­теп­терде ғана емес, орта және жоғары оқу орындарында да кездеседі. Оқулықтардың қол­же­тімсіздігі мен сапасы мұғалімдер мен студенттер үшін де проблемаға айналып отыр. Мұндай мәселе Атырау облысында да кездеседі. Әлем елдері техникалық ма­мандықтарға ден қойып, заманға сай технологияларды меңгеріп, отандық өнімдерін шығаруда. Елі­мізде де техника саласы маман­да­рына деген сұраныс бар және бола береді. Әйтсе де, бұл салада біріз­ділік қалыптаспай отыр. Маман­дардың мәлімдеуінше, жалпы, бүгінде елімізде инженер-механик, инженер-жобалаушы, инженер-энергетик, құрастырушы, элек­трик, электрмен дәнекерлеуші, сантехник, слесарь, токарь секілді мамандар тапшы. Оған себеп – қазір мектеп бітірген жастардың көбі кәсіптік оқу орындарына бар­ғысы келмейді. Техникалық ма­мандыққа арналған оқулықтар мен заманға сай білім беретін маман­дардың жетіспеушілігі. Айталық, бүгінде техникалық пәндерді қазақ тілінде оқыту проблемалары өзекті мәселе деңгейіне жетті. Бұл туралы кәсіби білім беретін мамандардың өздері де дабыл қағуда. Заманауи техникалық құралдар мен процес­терді суреттеуде негізінен халық­ара­лық терминдер мен орыс ті­ліндегі атауларды жиі кездестіресіз. Оларды таза қазақ тіліне аударатын болсақ, мағынасы жалпы оқыр­ман­дарға түсініксіз болып шығады. Сафи Өтебаев атындағы Аты­рау мұнай және газ университетінің «Автоматтандыру және басқару» мамандығы мұғалімі, физика-ма­тематика ғылымдарының канди­даты Дарын Шәбдіровтың айтуын­ша, автоматикада датчик, сенсор, толкатель, реле, импульс, мех­низм, коленвал, штанга, комму­тация және көптеген термин қол­данылады. Оларды қазақшаға мағынасы бойынша аударғанда қолданыстағы құлаққа үйреншікті сөздердің жиыны ғана болып шығады. – Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орын­дарындағы кәсіби сәйкестік та­лаптарының бірі – оқу орнының кітапханасын 2012 жылдан бергі жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету. Ертеректе шыққан қазақ және орыс тіліндегі көптеген классика­лық оқулықтар бар, бірақ оларды қолданғанмен, кәсіби қадағалаушы комитеттің талабы бойынша сту­денттерге ресми түрде ұсына ал­май­мыз. Бұл мәселе тек техника­лық пәндерге ғана емес, матема­тика, физика, теориялық механи­ка, метрология, материалдар кедергісі сынды пәндерге де қа­тысты болып отыр. Біз, ұстаздар қауымы, сала министрлігінің осы мәселеге көңіл аударғанын қалай­мыз. Қазақ тілінде оқулықтар өте аз, барының сапасы сын көтер­мейді. Көпшілігі онлайн аударма­шы бағдарламаларын қолданып жазылған, сол себепті кейбір сөй­лемдерінің мағынасы жоқ. Бұл тығырықтан шығу үшін қазақ топ­тарында да орыс немесе ағылшын тіліндегі оқулықтарды қолдана­мыз. Бірақ көп жағдайда студент­те­ріміздің тіл білу деңгейлері олар­ды пайдалануға сәйкес келмей жата­ды, – дейді Дарын Нәсіпқалиұлы. Қазір техникалық пән мүғалім­дері өз мүмкіндіктерінше пәннің оқу-әдістемелік кешенін оқыту ті­лінде жазып, соларды пайдала­ну­ға тырысуда. Бұл әдіс негізгі бі­лім алуға мүмкіндік бергенімен, мәселені кеңінен қарастыруға жет­кіліксіз екені сөзсіз. Техникалық мамандықтар бойынша сабақ бе­ретін ұстаздар қауымы халықара­лық және қолданысқа еніп кеткен кейбір орысша терминдерді сол күйінде қолдану, олардың тізімін бекіту және өзге де туындайтын жағдайларды назарға алу керек деген пікірде. Сайып келгенде бұл мәселе студенттерді де тығырыққа тіреп отырғаны мәселенің күр­делілігін айқындап тұр. – Мектепте 11 жыл қазақша білім алдым. Техникалық сабақ­тар­ды оқуда қазақ тілінде ақпарат­тың өте аздығы және аудармалар­дың жоқтығы, тіпті қазақ тілінде техникалық кітаптардын жоқтығы үлкен мәселе болып тұр. Техни­калық пән бойынша аударылған мәтіндер көбіне тікелей аударма. Бізде қолданыста жоқ сөздер көп және қисынсыз аударылған мә­тіндер бар. Амалдың жоқтығынан орыс тілінде оқуға мәжбүрміз. Бірақ ауылда өскен, қазақша білім алған маған оны қабылдау қиын. Бұл мәселе мамандықты толық игеруімізге кедергі болып отыр. Сол себепті кейбір техникалық құралдардын атауы аударылмай сол күйінде жазылса, аударғанда да тілге ыңғайлы болатындай ауыз­екі сөйлеу тіліне ыңғайлы ауда­рылса екен. Интернет желісінде қазақтілді контент аз. YouTube же­лісінен техникалық сабақтың видеоларын орыс, ағылшын ті­лінде қарауға мәжбүрміз. Қазақ­тілді техникалық мамандар YouTube желілеріне контент жасаса өте керемет болар еді. Осы мәсе­лені қазір көбінде техникалық қа­зақ тілінде сабақ беретін ком­мерциялық білім орталықтары, онлайн курс жасау арқылы ше­шуде. Кейде сол кісілерден бөлек курс сатып алып оқып, сабақтарды меңгеруге тура келеді, – дейді Сәфи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің «Өндірісті автоматтандыру және басқару» мамандығына түскен 3-курс студенті Сайлау Альбарұлы. Колледжде мектеп бағдарламасы оқылатыны ескерілмейді Бүгінде мұғалімдер мен сту­денттер, оқушы-студенттер өздері ізденіп, аударма жасап оқуға, сы­нақ тапсыруға мәжбүр. Мектепте 9 сы­ныпты аяқтап, колледжге түскен­дерді де алдынан сан құлаш проб­лема күтіп тұрады. Айталық, кол­леджге оқушылар 9 сыныптан соң келіп, бәрібір де алғашқы курс­тарда 10-11 сынып бағдар­ла­масын оқи­ды. Колледждер жергі­лікті Білім бас­қармасы тарапынан 10-11 сы­нып оқулықтары мен тиіс­ті оқу құ­ралдарымен қамта­масыз етілуге міндетті. Дегенмен барлық 1-курс білім алушылары оқу құралдарымен қамтылмайды. Бұл туралы С.Мұ­қашев атындағы Атырау политех­ни­калық жоғары колледжі ди­рек­торы Бағыт Кеңесқызы айтты. – Білім туралы заңда 10-11 сы­нып оқулықтарымен және тиісті оқу құралдарымен жергілікті Білім беру басқармасы қамтамасыз етеді деп жазылған. Таратып айтсақ, бас­қарма орта және негізгі білім беретін мекемелер оқушылары мен студенттерін оқулықпен, әдіс­темелік құралдармен қамтамасыз етуі қажет. Алайда бұл міндеттер толықтай орындалмай отыр. Мем­лекеттік тілде техникалық оқу­лық­тар жетіспейтіндіктен, оқыту­шы­лар оқу-әдістемелік кешендерді өздері дайындайды. Былтыр «Та­лап» КЕАҚ көптеген мамандық бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударып, сайттарына жүк­теді. Биыл да мемлекеттік тілде оқу құралдарын жасақтауды жоспар­лап отыр. Одан бөлек, төтенше жағ­дайда қорғау, темір жол ма­ман­дығы бойынша қазақша оқулық аз, – дейді ол. Колледжде даярланатын ма­ман­дықтардың біліктіліктері бо­йынша толық оқу кезеңіне білім алушылардың контингентіне қа­тыс­ты оқу-жұмыс жоспарына сәй­кес баспа және электрондық ба­сылымдар форматында оқу және ғы­лыми әдебиеттің кітапхана қо­ры, анықтамалық, ғылыми-та­ным­дық, көркем және публицис­тикалық әдебиеттер болуы керек. Дегенмен колледж және универ­ситет сту­дент­теріне бұл жағдайлар жасал­маған. Міне, осы пробле­малар орта негізгі білім беретін мекемелер үшін шешімін күткен мәселе болып қордаланған. Қазір техникалық және кәсіптік білім беру оқу орын­дарына академиялық еркіндік бе­рілген. Сәйкесінше, ма­мандық­тар­дың оқу бағдарлама­ларына жаңа модульдер еніп жа­тыр. Кәсіптік жаңа модульдерден оқу құралдары жасалмаған. Аз ғана уақыттың ішін­де оны жасақтау мүмкін емес. Оқу орындары ал­дында тұрған бұл мәселелер жедел шешуді талап етеді. Себебі, өңі­ріміздегі ірі зауыт­тар мен кәсіп­орындарда инженер­лерді айтпа­ғанда, дәнекер­леу­ші­лердің өздерін квотамен шақыртуға мәжбүрлік туындап отыр.

Атырау облысы