Ең талапшыл көрермен де, ең шыншыл актер де – балалар. Сондықтан шығар, қазақ киносындағы балалар бейнесінің галереясы әр адамның жүрек түкпірінде сақтаулы. Арада қанша уақыт өтсе де, бала кезде көрген әр кейіпкер есеймейтіндей. Экранда жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан қара домалақтарға қараған сайын көңілді шаттық кернеп, балалық шаққа қайта оралатынымыз да рас. Жасындай жарқылдаған сол балалар қалай ержетті? Қазір қайда жүр?Қожа жетпістен асты
Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туып, Абдолла Қарсақбаев таспалаған «Менің атым Қожа» фильмінің жарыққа шыққанына келесі жылы 60 жыл толады. Фильм экранға шыға салысымен, сынның астында қалған. Тек БАҚ бетіндегі дүмпуден кейін Канн фестивалінде жүлделі орын алып келген соң ғана бәсеңсіпті. Қожаның рөлін ойнаған Нұрлан Санжар сырттай қарағанда томаға-тұйық, артық-ауыс сөзі жоқ ұстамды кісі. Былтыр ғана жетпіс жылдығын тойлады. Бұрынғы бұзақы баланың ізі де қалмаған. «Қазақфильмге» Нұрлан Санжарға, өзге кейіпкерлердің атына жазылған хаттарды пошташылар қаппен тасыпты. Кейіпкердің киноға түсуінің өзі кездейсоқ болған. Екінші режиссер Тұрар Дүйсебаев пен оператор Михаил Аранышев киностудия маңындағы дәмханаға беттейді. Бір жүгермек екі қызды алдына салып, қуып келе жатыр екен. Кино түсіргіш ағайлар «не де болса, бізге керек бала осы» деп, екеулеп жүріп жаңағы баланы «қақпанға түсіреді». «Жібер, жібер мені», – деп тулайды бала. «Не надо, не хочу я сниматься в кино!», – деп азар да безер. Жөн сұрағанда да қырсығып, тіс жармай қояды. Айнымаған Бердібектің Қожасы. Сонда Нұрланның әкесі айтыпты: «Балам өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып бітті. Ұятқа қалдырса, бізді кінәламаңыздар», – депті. Өнерге солай келген Нұрлан Санжар, өзі де күтпесе керек, қазақ киносындағы ең танымал бейнені жасады. Ол педагогикалық институттың филология факультетін бітіріп, мектептерде орыс тілінен сабақ берсе, кейін Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында сценарист мамандығы бойынша білім алды. 1992 жылы Аманжол Айтуаровтың «Барсакелмеске саяхатының», 1993 жылы Қалдыбай Әбеновтің «Аллажарының» сценарийін жазды, «Періште сәби» («Ангелочек») повесінің авторы. Талай режиссерден ұсыныс түскенімен, үнемі бас тартып келген Нұрлан Санжар бірер жыл бұрын Е.Рақышевтің «Менің де атым Қожасына» қатысты. Ал Сұлтан – М.Көкенов, Жанар – Г.Құрабаева, Жантас – Е.Құрмашев қазақ киносы көгінде жарқ етті де жоқ болды. Кино арқылы КСРО емес, Еуропа мен Батыс елдеріне танымал болған балалар түсірілім біткен соң бір-бірімен кездеспеген. Бір-бірін іздемепті де. Себебі белгісіз.
Алпамыс – жеке кәсіпкер
Бала психологиясының білгірі Абдолла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмі де көптің есінде. Алты жасар Алпамыстың рөлін ойнаған Ермек Төлепбаев шынында да ол кезде алтыға толайын деп тұрған еді. Бір қызығы, жастығына қарамастан, бұл фильм 5 жарым жастағы актердің дебюті емес. «Алпамысқа» дейін Тұраш Ыбыраевтың «Ақ автомобиль» фильміне түсіп үлгерген сүйкімді балдырғанның отты да тау суындай тұп-тұнық жанары режиссер назарын өзіне бірден аударыпты. Ол сәтті режиссердің ассистенті Серік Жармұхамедов былайша еске алады: «Ірі пландағы Ермектің бейнесі Әбекеңнің есінде қалған болуы керек. Әбекең Ермектің көзін қатты ұнатты. «Көзі таза екен. Таңертеңгі шық тәрізді. Ермектің бойында балалық нәзіктік бар, ашылып келе жатқан гүл сияқты» дейтін. Сөйтіп, бас кейіпкердің рөліне Ермек Төлепбаев бекітілді». Жасындай жарқыраған дарын «Алпамыс мектепке барады» картинасы жарыққа шығысымен-ақ көрермен есінде жатталды. Актерлік даңқы көз ілеспес жылдамдықпен биікке көтерілді. Өзін Алпамыс атандырған айтулы фильмнен кейін де Ермек Төлепбаев 1979 жылы Виктор Пұсырмановтың «Алатаудың күміс мүйізі», 1980 жылы Серік Райбаевтың «Әнші аралдың құпиясы», 1983 жылы Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызында» ойнады. Бірақ неге екені белгісіз жас баланы көрермендері кино әлемінен жоғалтып алды. Он үш жасынан кейін Алпамыс – Ермек кино алаңына мүлдем жолаған жоқ. Болашағын өнерге қатысы жоқ басқа саламен байланыстырды. Мектепті тәмамдаған соң Халық шаруашылығы институтын және Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірді. Бірталай жыл Д.Қонаев атындағы университетте және Экономика академиясында оқытушы болып, кейін жеке кәсіпкерлікке ауысты.
Киноға жанын салды
Қаншама жыл өтсе де көруден жалықпайтын фильмнің бірі – «Көксерек». Басты рөлдегі Қамбар Уәлиев 1971 жылы Қ.Қасымовтың «Шоқ пен шерінде» Ғалымжанды ойнады. Екі жылдан кейін «Көксерекке» келді. Сәл кейін «Ән пәнiнен – 4» картинасында – Ермек, «Құрманғазы» фильмінде – бала Құрманғазы, «Шаңырақта» Ерлан рөлін сомдады. Дегенмен бала актердің ең белгілі жұмысы «Көксеректегі» Құрмаш еді. Қырғыз режиссері Толомұш Өкеевтің киносында қасқырдың күшігін қойнына салған мейірімді балаға өзі өсірген бөлтірік бас салатын. Фильм Қамбар Уәлиевтің атын шығарғанымен, актер «Көксерекке» түскені үшін қатты өкініпті. «Шыны керек, кейде осы киноға түскеніме өкінемін. Мен кинодан кейін күлмейтін жанға айналдым. Фильмнің әрбір эпизодын көңілдегідей түсіру оңайға соқпады. Кинода ашуға булыққан Аханқұл бөлтірікті менің қолымнан жұлып алып, атына қарғып мінген сәті естеріңізде болар? Құрмаштың «ағатайлап» шырқырап жүгіргені... Бірақ оны тыңдайтын Аханқұл қайда? Бөлтіріктің желкесінен ұстап, өзенге атып ұрады. Сол кезде «бөлтірігімді бер, бөлтірігімді қайтар» деп жанұшырған Құрмаш та суға белшесінен батып, күмп ете түседі де, сүйретіле суға малшынған күшігін жағаға алып шығатын жері бар ғой. Мәселен, сол бір ғана эпизодты түсіру үшін, сан рет дубль жасалды. Қанша рет қайталанса, сонша рет суық суға малшындым. Күздің күні. Әр түскен сайын бойым тоңып, қалтырап қалам да, жағада ұзақ уақыт өксігімді баса алмай отырам» деп жазды өз естеліктерінде Қамбар Уәлиев.
Осы қиындықтар бар-жоғы тоғыз жасар бала үшін оңайға соқпады. Сол күндердің зардабын есейгенде де тартты. Ақыры екі-үш жыл төсек тартып жатып Көксеректегі Құрмаш дүниеден озды. Тірі болса биыл Қамбар Уәлиев 59 жасқа толар еді. Сонда да актердің жарқын бейнесі көрермендерінің мәңгілік көз алдында қалды.
Соңғы он жылда балалар тақырыбына арналып бар-жоғы он шақты фильм түсірілген. Сәбит Құрманбековтің «Секер», Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Аңшы бала», Данияр Саламат пен Бегарыс Елубайдың «Бәйтерек», Асхат Ыбыраевтың «Сиқырлы орман», Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаевтың «Жеңіс семсері», Талғат Теменовтің «Біздің қаламыздың кішкентай ханзадасы» және «Бала ғашық» фильмі болмаса, балаларымыз Абдолла аталары баяғыда түсіріп беріп кеткен, «Алпамыс» пен «Қожаны» елуден асқан жасына қарамастан құрдас қылып әлі малданып жүрер ме еді. Балалар киносына аса қатты көңіл бөлінбейтіні осыдан да байқалып тұр. Бұған «Балапан» арнасынан әр жылдары жарық көрген «Томпақ», «Санжар мен Қайсар», «Қалқанқұлақ» сынды тағы бірнеше сериалды қосуға болады.
Қамбар қазір актер
Жазғы демалысында ауылдағы ата-әжесінің үйіне келген қала баласы, оның қасқыр аулауға шығуы туралы баяндайтын фильм біраз баланы экранға телміртті. 2012 жылғы бұл туындыда қала баласы Қамбарды сомдаған Санұржан Сүлейменов — қазір кәсіби актер. «Аңшы бала» Санұржанның кино әлеміне жасаған алғашқы қадамы болды. Жас актер одан кейін «Рэкетир-2», «Тракторшының махаббаты», «Алдар Көсе» сияқты фильмдерге түскен.
Санжар мен Қайсар
Бұл – «Балапан» телеарнасының балаларға арналған тұңғыш телехикаясы. Кішкентай Санжар мен Қайсар көп баланың сүйікті кейіпкеріне айналды. Нұрдәулет Есболған сериалдағы жаңалыққа құмар, өжет бала – Қайсардың рөлін сомдайды. 2013 жылғы сериалдың кішкентай кейіпкерлері қазір қатты өзгерген. Нұрдәулет әлеуметтік желіде танымал, парақшасын белсенді жүргізеді. Түрлі вайндар түсіріп, іс-шаралар жүргізумен айналысады.
Тентек Қайсармен салыстырғанда Санжар — білімге құштар, тәртіпті бала. Қайсар екеуі тығырыққа тірелген сайын амалын тауып, қиындықтан алып шығатын да Санжар болатын. Сериалдағы кішкентай Санжар рөлін сомдаған Абылай Жұмабай қазір 20-да. Актерлік жолын жалғастырып жүр. Жас жұлдыз Gakku телеарнасының «Бір тоқсан» сериалына да түсті.
Томпақтағы Тасболат
«Сақ киностудиясы» түсірген «Томпақ» балаларға арналған фильмнің басты кейіпкері Тасболатты танымайтын бала жоқ шығар. Ақылды, алғыр, өз достарының арсында беделді, көңілді, тапқыр баланың рөлін сомдаған Арман Қасымбеков болатын. Арман қазір 23 жаста. «Томпақтан кейінгі өмірім қалай болды дегенге былай жауап берейін, одан соң біраз киноларға шақырды, бірақ оқуға байланысты ешқандай киноға барған жоқпын. Содан екі жыл өткеннен кейін Сақ киностудиясына келіп, жұмысқа орналастым», – дейді Арман Қасымбеков.
Әр баланың жүрегінде өз батыры болады. Оны қалыптастыратын – кино атты құдірет. Сондықтан да «Балалар жылында» балалар киносына айрықша көңіл бөлуіміз керек. Әйтпесе балаға арнап фильм түсірмейтін қоғамның болашағы бұлыңғыр.