Тоғыз жасар теңізші
Тоғыз жасар теңізші
1,155
оқылды
Біреу білер, біреу білмес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы Шекара қызметі департаменті жеке құрамының өз «юнгасы» бар. Теңізшілер тілінде «жас теңізші» дегенді білдіретін бұл халықаралық сөз ұрпақтар сабақтастығы мен әскери патриотизмнің баламасы деуге болады. Міне, сол кішкене бүлдіршін 9 жасар Ұлан Төлеухан жастайынан әскери қызметкер боламын деп армандап өсіп келеді. Өзінің теңізге де, спортқа да, поэзияға да жаны құмар.  width= «Талабы бар баланы бетінен қақпа, белін бу» деген нақыл Кайбулиндер әулетінің өмірлік қағидасына айналғалы қашан. Кішкене Ұланды екі-үш жасынан-ақ монтиған түріне жараса кететін әскери киім кигізіп, қызықтап өсірген ата-анасы оның жүрегіне де дәл осы салаға деген сүйінпеншілік дәнін егуді мақсат тұтпаса керек. Әйтсе де, әкесі әскери салада, оның інісі ішкі істер органдарының арнайы жасағында болғандықтан баланың «ұяда көргені...» мен «ұшқанда ілері...» әу бастан-ақ анық еді. Осы балаң тілекті тулаған теңіз толқындары нығайта түскенге ұқсайды. «Менің қызметім мемлекеттік шекара күзету болғандықтан, еліміздің көптеген қиырында қызметте болдым. Сол кезде Ұлан кішкентай болса да менімен қалмай жүргенді жақсы көретін. Шекара өмірі оны қатты қызықтыратын. Ал әскери-теңізші­лерді көргенде ол алабөтен қуанды. Өйткені ондағы ахуал құрлықтағы застава­ларға қарағанда көп өзгеше еді. Бұл 2020 жыл болатын. Мен Ақтау қаласына қызмет бабымен ауысып барған кезімде ұлым менен теңізшінің киімін тіккізіп беруді өтінді. Талабы зор, бетінен қаққан емеспіз», – дейді әкесі Ерсін Кайбуллин.  width= Осылайша, Ұланның «юнгалық» өмірі басталыпты. Жас баланың әскери өмірге деген ынтасы мен теңізші болуға деген құлшынысын көрген департамент басшылығы оны жеке құрам қатарына қабылдауға келісімін берген. Ал теңізші болудың өзіндік жоралғысы бар. Ол – теңіз суын ішу рәсімі. Палубаны жарықтандырып тұратын шамның плафонынан Каспийдің суын кезінде Ұлан қабылданып жатқан «Сардар» жағалау күзеті кемесінің экипажындағы әріптес ағаларының бәрі ішкен. Бұл буындар арасындағы рухани сабақтастықты ғана емес, рәсімнен өткен адамды теңіз қабылдады дегенді білдіреді. Амандыққа телінетін ырым бойынша, теңізші боламын деген адамды ұжымнан бұрын теңіз қабылдауы керек екен. Ал суды ішкен адамға серти­фикат беріледі де, ол ресми түрде теңізші болып саналады. Ұлан осылайша «жас теңізші» атанды. теңізші «Маған әскери-теңізші болған, кемеде жүзген қатты ұнайды. Еліміздің шекарасын күзететін ағаларымның күндіз-түні кірпік қақпай, әскери кезекшілікті қалай атқаратынын білемін. Өзім де соларға ұқсағым келеді. Олардың маған сенім артып, көп нәрсені жалықпай үйретіп, қолдау көрсететініне мақтанамын. Өздері апталап, он күнге теңізге рейдке кеткенде ай­лақ пен жағалаудағы дайындық жұмыс­тарына көмектесемін. Ал бір тәуліктік шолулар кезінде мені ала кетсе, қатты қуанамын. Сол сапарлар барысында бекіту арқанын шешіп беру, жүк көтергіш арқанды бірте-бірте босату, зәкірді көтеру сияқты амалдарды қалай орындалатынын меңгеріп алдым. Мен сияқты теңізші болғысы келетін достарым бар. Соларға үйренген­дерімді айтып беріп отырамын. Оларға менің формам қатты ұнайды. Өскенде теңізші болғым келеді», – дейді «юнга» Ұлан Төлеухан.  width= Жалпы, жеке құрам қатарына «жас шекарашы» қабылдау дәстүрі Мемлекеттік шекара қызметінің қай өңіріндегі бөлімшелерінде де бұрыннан қалыптасқан. Мектептермен тығыз байланыста әскери-патриоттық клубтар құрып, жас ұрпақты тәрбиелеуде жүйелі түрде кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. «Жас теңізші» де сондай қоғамдық бастамалардың нәтижесі. Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастамасымен Ақтау қалалық №6 мектепте «Жас теңіз шекарашылары» сыныбы ашылған екен. Ұлан сонда барлық іс-шараға белсенді қатысып, жас шекарашылар мүшесі атанған. Былтыр шекара қызметі дирек­торы­ның қолынан «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл оның бұған дейін де сабақтан қолы босаса әкесіне еріп, еліміздің көптеген застава­сында болған әскери өмірге деген ынтасы үшін берілген баға. Ата-анасы ұлының талабын қайтарған емес. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда алғыр. Әскери саламен қатар поэзияға да жаны құмар. Классик ақындардың өлеңін жатқа айтады.  width= Ал әскери-теңізші ағалары оны «Теңіз шекарасының тұмары» деп атайды. Ол – оларға әрі дос, әрі көмекші. Болашақта теңіз шекарашысы боламын деген баланың талабын құптап, оған Ту көтеруді, карта­ларды зерделеуді, шолу жасап, жол табуды үйретеді. Бұл «юнга» үшін теңіз әліппесінің алғашқы парақтары ғана. Ендеше қарт Каспийдің айдынды тербеген айбынды елде жас теңізші өсіп келе жат­қаны кіші ұрпаққа үлгі болса, аға ұрпаққа мақтаныш!