Минутына 1 500 сөз оқиды
Минутына 1 500 сөз оқиды
941
оқылды
Маңғыстау облысының Жа­ңаөзен қаласында тұратын 10 жастағы Әйгерім Жанатқызы бір минутта 1 500 сөзді оқиды. Анасы Перизаттың айтуынша, Әйгерімге жүкті кезінде дәрі­герлер құрсақтағы нәрестеге «Даун синдромы» диагнозын қойып, жүк­тілікті тоқтатуға кеңес бер­ген. Дегенмен Перизат пен Жа­нат басқа түсер бейнет бол­са көтеруге тәуекел етеді. 2012 жылы он екі мүшесі сау қыз бала дүниеге келеді. – Дәрігерлер қойған диагнозға сен­бегенмен іштей қобалжумен жүр­дім. Он екі мүшесі сау болып дүниеге келгенде қуанышымызда шек болма­ды. Кітап оқуға деген ынтасы ерте бас­талды. Жасы биыл онға келеді. Бі­рақ телефонға қызықпайды. 6 жа­сынан бастап кітаппен дос болды. Үйде де, жолға шықсақ та қолынан кітап түспейді. Содан Кәусария Са­ғадатқызының сабақтарын сатып алдық. Бұдан соң Әйгерімнің кітапқа деген қызығушылығы артты. Оны көрген өзге балаларымыздың да кітап оқуға ынтасын байқадық. Бес жасар ұлымыз Раян кітап оқи алмаса да, жылдам есеп шығаруды үйреніп алды. Қазір Раян көбейту кестесін жаттап алып, әрі қарай өзін дамытып жүр, – дейді Перизат Әкімжанқызы. Анасы балалардың оқуына әкесінің де ықпалы барын айтады. Әйгерімнің әкесі Жанат та балаларының зейінін ашу жолында барын салып жүр. Әйгерім Жанатқызы Әйгерімнің кітап оқудағы жылдам­дығын мұғалімдер де тексеріп көрген. Ол 1 ай ішінде оқыған жеті кітабындағы мәтіннің 70-80 пайызын есінде сақтай алған. – Кітап оқуды халық ауыз әде­бие­тінен бастадым. Қазір көпшілік оқи­тын кітаптарды оқи беремін. Мен өз­гелер сияқты телефонға көп телмір­мей­мін. TikTok мен үшін қызықсыз, – дейді Әйгерім Жанатқызы. Зерек қыз болашақта тіл маманы болғысы келетін айтты. Бала психологиясын зерттейтін ғалымдардың айтуынша, вундер­кинд­тер 4 пен 8 жас аралығында өздерінің негізгі қабілетін шыңдап үлгереді екен. Ал 4 жасында бала өзінің интел­лек­туалды мүмкіндіктерінің жартысын аңғарта бастайды. Ал 6 жасқа келгенде қабілетінің 70 пайызын танытады.

Атырау облысы