Мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейеді – министр
Мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейеді – министр
449
оқылды
Енді мемлекеттік тапсырыс бұрынғыдай Білім басқармалары арқылы емес, ата-аналар таңдауы бойынша беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жаңа нормалар туралы жазбасында айтты.
«Бірінші, тәрбиешілер мен басқа да педагогтердің біліктілігіне және біліміне қатысты талаптар енгізілді. Екінші, жұмыс істейтін тәрбиешілер бойынша үлгілік штат нормативін сақтау талабы енгізілді. Мысалы, бір мұғалім күні бойы 50 баламен жұмыс істеуден бас тартуы керек, топтағы бала саны 25-тен аспауы тиіс», – деп жазды министр.
Министр балабақшада бейнекамералар орнатылуы міндетті және ғимараттар мен үй-жайлар санитарлық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес болуы қажет екенін де айтты.
«Сонымен қатар Білім басқармаларына мемлекеттік тапсырыс орналастырылғанға дейін балабақшалардың жұмысымен және онда жасалған жағдайлармен танысу құқығы беріледі. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында мұндай мониторинг балабақшалар қауымдастығы және қоғам өкілдерінің қатысуымен ғана жүргізіледі», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Тағы бір жаңалық – Білім басқармалары балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды бөлу құқығынан айырылады. Енді барлық талаптарға сай келетін балабақшалардың тізімі әзірленіп, сол бойынша ата-аналар мекемені өздері таңдай алады.
«Демек, мемлекеттік тапсырыс ата-аналар таңдаған балабақшаларға жіберіледі. Follow the quality. Болжам бойынша, бұл бәсекелестікті арттырып, балабақшалардың сапасын жақсартады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», – деп түсіндірді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы жұмыс 4 негізгі бағыт бойынша жүретінін мәлімдеді.
«Лицензиялауды қайтару. Жұмыс жағдайы мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациядан өткізу. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін, колледждер мен ЖОО-да мамандарды даярлау сапасын арттыру. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту», – деп нақтылады Асхат Аймағамбетов.