Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы шекара қызметінде жүрген жерінен белдігіне асылып өлген сарбаздың анасы шындықтың ашылуын қалап, үндеу жолдады. Ол баласы өз-өзіне қол салды дегенге сенбейді. Оның айтуынша, ұлын өлімге бәзбіреулер итермелеген.
19 жастағы Еділ Тешебаевтың өлімі қазір қоғамда үлкен шу туғызып тұр. Оның әскерге сау кетіп, өз-өзіне қол салғаны жақындарын да әбден қажытып жіберген. Марқұмның анасы үндеуін Facebook әлеуметтік желісі арқылы жолдады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзін қабылдауын сұрап отыр және істің жан-жақты тексерілуін талап етті.
"Әскерге дені сау болып кеткен бала неге өліп келеді? 2 күн емес, қазір денесін кеспей әкеп берсін. Екінші рет балаларыңды әскерге жібермеңдер! Ресейден бе, басқа жақтан шақыртсын. Қазақстанды қырып бітетін болды. Ақшадан қиналдым, ақша үшін өлдім депті. Міне, хаттары тұр жіберілген. Әскерде қандай ақша ол?! Қамтамасыз ете алмасаңдар неге әкетесіңдер?! Өзінің ауруы бар екен дейді. Ауру болса, неге аласыңдар?! Жауапсыз қалдырмаймын! Президент мырза, балам өлді деген хабар алып тұрмыз. Ақшадан қиналып өлдім деп жазыпты. Президенттің қабылдауын сұраймын", – деді марқұмның анасы.
Жауынгер 4 маусым күні асылып өлген еді. Оның жақындары Түркістан облысының Сарыағаш ауданында тұрады. Сарбаздың мәйіті туған жеріне қашан жеткізілетіні әзірге белгісіз. Анасы баласының мәйітін соймай әкелуін сұрап отыр.