Армияның ұтқырлығы авиациямен ғана бағаланбайды – Руслан Жақсылықов
Армияның ұтқырлығы авиациямен ғана бағаланбайды – Руслан Жақсылықов
544
оқылды
Биыл Қазақстан Қарулы Күш­терінің құрылғанына 30 жыл тол­ды. Армияның азды-көпті же­тіс­тігі де бар. Техника біршама жа­­ңарды, әскерді жасақтаудың түрлі үлгілері сынақтан өтіп, оңтайлысына тоқталдық. Әрине, қазақ жасағы от пен оқтың ор­та­сына кірмей-ақ қойсын, бірақ армия елді түрлі қатерлерден қорғауға қауқарлы деуге де бо­лады. Дегенмен қаңтардағы дүр­белең кезінде Қарулы Күштерге қатысты түрлі сын айтылғаны рас. Тіпті, әскерилердің тәуе­кел­ге бара алмауы Президенттің де көңілін қалдырғандай болған. Демек, салаға қатысты сауал көп деген сөз. Сондықтан біз Қорға­ныс министрі, генерал-полков­ник Руслан Жақсылықовқа бір­қа­тар сауал қойдық. Бірден ай­тайық, армия дегеніңіз – кешенді құрылым, онда білім, мәдениет, денсаулық сақтау дейсіз бе, түр­лі сала бар. Әскердің әлеуметтік жағдайының өзі бір төбе. Сол се­бепті министрден тек страте­гия­лық бағыттарға қатысты мә­се­лелерді сұрадық. – Руслан Фатихұлы, Президент Қарулы Күштерді реформалау қажет екенін бірнеше мәрте айтты. «Қаңтар оқиғасына» дейін де бірқатар тапсырма бергені есте. Атап айт­қанда, арнаулы күштерді көбейтуді тап­сырғаны бар. Жалпы, реформа қай бағыттан басталады? Армиядағы арнаулы күштерді көбейтуден бе, қару-жарақ пен техниканы дамытудан ба, әлде тұтас Әскери доктри­надан ба? – Біз бұл жерде армияны реформалау тұрақты түрде жүргізілетін процесс екенін ұмытпауымыз керек. Оның мәні мен мазмұны әлемдегі геосаяси процестерді талдау нәтижелеріне, қарулы күресті жүргізу сипаты мен әдістерінің өзгеруіне байланысты түрленіп отырады. Өзіңіз білесіз, былтыр ел Президенті мемлекеттің әскери ұйымын одан әрі дамыту мен оның қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге арналған екі негізгі құ­жатты бекітіп берді. Олар – 2021-2025 жыл­дарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен Қарулы Күштерді, бас­қа да әскер­лер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың тұжы­рым­дамасы. Бұған 2017 жылдан бері қолда­ныста келе жатқан Әскери доктринаны да қосыңыз. Сонымен бірге қазір Әскери доктри­наны қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволық ұйымдардың өкілдері кіретін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Ұсыныстар негізінде Әскери доктри­наның кейбір бөлімдерін өзекті ете түсуге байланысты болжанатын өзгерістер мен толықтырулардың сипаты айқындалды. Соның ішінде соңғы жылдары жүргізіл­ген әскери реформаларды ескере отырып, жұмыс ертерек басталған болатын. Ал қаңтардағы оқиғалар бұл процесті тездетті десе болады. Әскери-саяси жағдайдың, оның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуі аясында доктринаны жаңа жағдайға бейімдеу көзделіп отыр. Сондай-ақ жаңа редакцияда күрестің гибридтік әдістеріне қарсы іс-қимыл жасау және тиісті күштер мен құралдарды ұлғайту жөніндегі шаралар қарастырылады. Жақын арада жаңа Әскери доктри­наның жобасы ашық нормативтік-құқық­тық актілердің интернет порталында және Қорғаныс министрлігінің сайтында тал­қы­лау үшін жарияланатын болады. Бұл бұрын жүргізілген терең ақпарат­тық-талдау жұмыстарының, Қарулы Күш­т­ердің Жоғарғы Бас қолбасшысының көптеген тапсырмаларының нәтижесінде жүзеге асырылып жатыр. Яғни, тиісті іс-шаралар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарына енгізіліп қойған. Ал Мемлекет басшысының тап­сырмасынан кейін бұл жұмыс айтарлықтай жанданды. Сонымен қатар биыл Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, Арнайы операция күштерінің қол­бас­шылығы құрылды. Бұл күштер әскери қатерлер­дің гибридті нысандарына жедел назар аудару, заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы күрес пен антитеррорлық опе­ра­цияларға қатысуға арналған. Қарулы Күштерді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техника үлгілерімен жарақтандыруды одан әрі жаңарту соңғы әскери қақты­ғыстарда ұтқыр әрі дәлдігі жоғары жүйелер мен кешендерді қолдану тәжірибесін ескере отырып, жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Осылайша, Қарулы Күштерді рефор­малау елдің әскери қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатердің барлығын ескере отырып жүргізіледі. – Бізге жеткен ақпараттарға қараған­да, тәуелсіздік алғалы бері оқ-дәрі қой­мала­рының 20 пайызы ғана инвентариза­циядан өткен деседі. Рас па? Егер рас бол­са, Қа­рулы Күштердегі реформалардың бірі ескі-құсқы мен жаңаны түгендеуден, әскери бөлімдерді орналастыру, нөмірлеу, қой­малардың орындарын ауыстыру тәрізді істерден басталғаны жөн емес пе? – Оқ-дәрілердің 20 пайызы ғана түгендеуден өткендігі туралы Сізге жеткен ақпарат нақты емес. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қарулы Күштердегі түгендеу жыл сайын жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Алайда әңгіме үлкен көлемде сақ­тау туралы болып отыр. Кейбір қоймаларда олардың мыңдаған тоннасы кездеседі. Сондықтан түгендеу жұмыстары қару-жарақ пен әскери техниканың және оқ-дәрілердің бір бөлігін қамту арқылы жүргізіледі. Келесі жылы тағы бір бөлігі тексеріледі. Осылайша, бірнеше жыл ішінде бүкіл сақтау объектісі бақылауға алынатын болады. – Мұны неге айтып отыр десеңіз, қазір технология заманында қазақ әскерінің әлеуетін шартты түрде кез келген адам біледі. Айталық, жер серігінен фото түсіретін компаниялардың ақылы қызметін пайда­лансаңыз, оқ-дәрі қоймаларының, әуежай­лардың, әскери бөлімдердің қайда орналас­қанын оп-оңай тауып аласыз. Оның үстіне, Қазақстан Қарулы Күштерінің көп бөлімі КСРО кезінен қалған казармаларда орна­ласқан, нөмірлеуі де өзгермеген сияқты. 4 орынды санмен нөмірленсе, Ұлттық ұлан мен шекара әскері, 5 орынды санмен нөмір­ленсе, армия күштері екенін білеміз. Ме­ніңше, өзгеріс осыдан басталуы керек қой. Сіз не дейсіз? – Қорғаныс министрлігінде әскери бөлімдер мен ұйымдарға нақты және шарт­ты атаулар беру және оларды хат ал­масу кезінде қолдану ережелері әзірленген. Шартты атаулар әскери бөлімдерге олар­дың нақты атауларын, қандай құрылымға бағынатынын, қызмет сипатын және Қа­рулы күштер түріне, әскер тегіне, арнайы әскерлерге, материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскерлеріне тиесілігін жасыру мақсатында беріледі. Осы ере­желерге сәйкес, әскери бөлім­дер­дің шарт­ты атауы бес таңбалы сан көрсе­тілген сөз­дерден тұрады. Біріншіден, 30 жыл ішінде әскери бөлімдердің нөмірленуі мен шартты атауы үлкен өзгерістерге ұшырады. Көптеген құрамалар мен бөлімдер таратылды. Олардың орнына жаңа бөлімдер құрылды. Тиісінше, оларға өз нөмірлері немесе ескі, жойылған әскери бөлімдердің нөмірлері берілді. Сондықтан Кеңес армиясында берілген нөмір бойынша белгілі бір әскери бөлімнің әлеуетін бақылау мүмкін емес. Екіншіден, сіз айтқандай, заманауи технологиялар әскери бөлімдердің әлеуеті мен орналасуын «есептеуге» мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз халықаралық бақылаушыларға «Вена құжатына» сәйкес бірқатар мәліметтерді ұсынамыз. Осыған байланысты қарулы күштердің толық «жабықтығы» туралы айтудың қажеті жоқ. Сонымен бірге мемлекеттік құпия­ларды қорғау туралы заңнамада «жабық» сегмент көзделген. Елдің қорғаныс мүд­десіне сәйкес оларды жария етуге бол­майды. Бұл мәселе құзыретті органдардың бақылауында және әскери құпияны сақтауға байланысты алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатыр. Республикалық мемлекеттік мекемені бес таңбалы санмен әскери бөлімдер орналасқан жердегі әділет органдарында тіркеу кезінде мемлекеттік мекеменің атауы мемлекеттік меншік түріне (рес­публикалық немесе коммуналдық) тие­сілігін, ұйымдық-құқықтық нысанын және ведомстволық бағыныштылығын қамтиды. Әскери бөлімдер нөмірлерін қайта өзгертудің қажеті жоқ, өйткені бұл қосымша материалдық және ақшалай шығындарға әкеледі. – 2017 жылы қабылданған Әскери доктринада «гибридті күрес» деген ұғым бар. Жұмсартып айтылғаны болмаса, ол кәдімгі гибридті соғыс. Біз бұл ұғымға көп назар аудармаудың кесірінен қаңтарда опық жеген сияқтымыз. Келісесіз бе? – Күштік құрылымдар қаңтарда туын­даған қауіп-қатерлерге төтеп бере алмады дегенге келіспеймін. Иә, елдегі жағдайдың мұндай ауқымдағы тұрақсыздығы алғаш рет болды. Сондықтан қауіпсіздік күш­терінің әрекеттерін үйлестіруде, функция­ларды бөлуде, қандай міндеттерді орындау керек екенін пысықтауда ойланарлық жағдай болғаны рас. Бастапқыда біздің жауынгерлер қаруланбаған еді, бірақ көпшіліктің қыспағына қарсы тұруға тырысты. Деструктивті күштер күрестің зорлық-зомбылық түрлеріне көшкеннен кейін ғана жеке құрамды қаруландыру туралы шешім қабылданды. Десек те, қысқа мерзімде жұмыс ретке келтіріліп, жағдай бақылауға алынды. Әскери ғылымда «гибридті күрес» деп әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекет аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыруға әскери күш, әскери емес құралдарды (эко­номикалық, ақпараттық, саяси), терро­ристік, экстремистік ұйымдар мен сепа­ра­тистік қозғалыстарды кешенді қолда­нуды көздейтін тәсілді айтады. армия Егер гибридті қақтығыстағы Қарулы Күштердің рөлі туралы айтатын болсақ, онда армия әскери күшке, ішінара ақпа­раттық әсерге қарсы тұра алады, сонымен қатар әскердің қарсы тұратын күштері классикалық үлгідегі жау әскері немесе ел ішіндегі қарулы содырлар болуы мүм­кін. Бірақ армия агрессордың саяси және экономикалық қысым жасау тәсіліне қар­сы тұруға арналмаған. Яғни, «гибридті күресте» мемлекет пен қоғамның барлық құрылымдарының келі­сілген әрекеттері қажет. Біз мұны қаңтарда жасай алдық па? Мемлекет үлкен сынаққа төтеп бер­геніне сенімдімін. Біз конс­титуциялық құрылысты сақтап қал­дық. Халықтың да басым бөлігі басшы­лық­тың саясатына қолдау көрсетті, қа­рапа­йым бейбіт өмірге оралуды қалады. Бұл ретте әскери адамдардың өр ру­хын, олардың берген анты мен әскери бо­рышқа адалдығын ерекше атап өткім ке­леді. Сындарлы сәтте бірде-бір сарбаз бен офицер қорқақтық танытқан жоқ. Гибридті соғысқа дайындық Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда көптен бері жүргізіліп келеді. Бұл мәселелерді біз ел басшылығы мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен оқу-жаттығуларда, жатты­ғуларда, әскери ойындарда сан мәрте пысықтадық. Бұл сөз жүзінде ғана емес, нақты тә­жірибе түрінде де дәлелденген. Осы жерде мынаны ескерген жөн, өмірде болатын оқиғалар әрдайым бұрын әзірленген оқу жоспарына сәйкес келе бермейді. Яғни, іс жүзінде не болатынын болжау өте қиын. Бірақ біз қорытынды жасадық, бүгінде қателіктерді жою бағытында жұмыс істеп жатырмыз. – Әрине, гибридті соғыс тәсіліне қарсы тұру үшін барлық күш құрылымдары, ішкі саясатқа жауапты мекемелер, тіпті білім беру мен ағарту ұйымдары, масс-медиа да өзара күш біріктіруі тиіс. Қорғаныс ми­нистрлігі гибридті соғыс тәсілдеріне қарсы ІІМ мен ҰҚК-ны қоспағанда өзге қандай ведомствомен тізе қоса жұмыс істейді? – Мемлекеттің әскери ұйымы дегеніміз – Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің жиынтығы. Олар­дың бірлескен қызметі мемлекеттің әске­ри қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтама­сыз етуге бағытталған. Осылайша, бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар тартылған. Былтырғы қараша айында Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстан Респуб­ли­касының қорғаныс жоспарында қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің гибридтілігі және елдегі ішкі жағдайды әскери емес құралдармен тұрақсыздандырудың баста­луынан бастап, агрессияның туындауына және әскери күш қолдануға дейінгі әскери жанжалдың дамуының ықтимал кезеңдері ескерілген. Қорғаныс министрлігі осы жоспар шең­берінде мемлекеттің әскери қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге бағытталған әске­ри, саяси, экономикалық және өзге де шаралар бойынша барлық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. – Армияның мобильділігін арттыру жиі айтылып жүр. Ол үшін транспорттық авиа­ция паркін күшейту керек деседі. Президент солай тапсырған. Бірақ әуежайлар желісі қалай болмақ? Мәселен, С-295 ұшағы шағын әуежайға қона алатынына өз басым күмәнданамын. – Әуе қорғанысы күштерінің авиация­лық паркі қазіргі заманғы жойғыш ұшақ­тармен, әскери-көлік ұшақтарымен, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен толықтырылып жатыр. Сонымен қатар барлау тапсырмаларын орындау, кедергі қою және жерүсті ны­сандарына дәл соққы беруге арналған екпінді-барлау, барлау және тактикалық мақсаттағы ұшқышсыз басқарылатын ұшу құрылғылары сатып алынбақ. Әскери авиацияны сатып алу бізде бар инфрақұрылымды, оның ішінде ұшу алаңдарын ескере отырып жүргізіледі. Қазақстан аумағындағы әуе айлақтардың С-295 үлгісіндегі әскери-көлік ұшақтарын қабылдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар әртүрлі әуе кемелерінің ұшуы мен қонуын қамтамасыз ету үшін жабдықталған арнайы автомобиль жолдары бар. Сіз айтып отырған С-295 әскери-кө­ліктік ұшағына келетін болсақ, ол еліміз­дегі кез келген әскери әуежайға қона ала­ды. Олар тактикалық-техникалық си­пат­тамаларына сәйкес, тақыр жерге де қона алады. Бұл мүмкіндіктерін жаттығу­лар кезінде бірнеше рет көрсете алды. Бұл ретте армияның ұтқырлығы авиа­цияның болуымен ғана емес, сондай-ақ жерүсті жеткізу құралдарымен де айқын­далады. Бұл, ең алдымен, теміржол көлігі, сондай-ақ дөңгелекті техникаға да қатысты. – Стратегияға қатысты тағы бір сұрақ. Былтыр Қарулы Күштерді, басқа да әскер­лер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада «әуе-ғарыштық қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспары» бар екені айтылған. Ал мұндай жүйенің стратегиялық түрлері біз үшін арман. Өйткені зымыранға қарсы стратегиялық қорғаныс жүйесі тек АҚШ пен Ресейде бар. Демек, зымыранға қарсы тактикалық қорғаныс жүйесін құру қажет. Ал бұл бағытта ресейлік кешендерден басқа нұсқа қарас­тырыла ма? Тым болмағанда РЛС, радио­электроникалық қорғаныс жүйелері дегендей. Білуімше, француздармен бірге «НҰР» РЛС-ін жасағанбыз... – Бүгінде әлемдегі жетекші елдердің өзі де ЗҚҚ-ның тиімді жүйелерінің құ­ры­лысында айтарлықтай қиындықтарға тап болуда. Қазақстанға келер бол­сақ, зымы­ранға қарсы қорғаныстың кей­бір эле­мент­терін құру туралы сөз болып отыр. Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру және дамыту тұжы­рымдамасы шеңберінде ғарыш кеңістігінен бақылау, зымыран шабуылы туралы барлау және хабарлау жүйелерін қамтитын әуе-ғарыш қорға­нысының базалық элемент­терін құруға және әуе-ғарыш қорғанысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар кешенді шаралар жүргізу көзделген. Сонымен қатар қорғаныс құралдарын жоспарлау кезінде потенциалды қар­сы­ластың ықтимал арсеналын да әрдайым ескеру қажет. Яғни, қажеттілік пен жет­кіліктілік арасындағы тепе-теңдікті сақ­тау керек. Олай болмаған жағдайда ешқан­дай экономика мұндай жүктемені көтере алмайды. Сіз «Нұр» радиолокациялық стан­ция­сы туралы өте дұрыс айттыңыз. Бұл біздің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніміздің сер­пінді даму көрсеткіштерінің бірі. Қа­зақ­стан-француздық «Нұр» РЛС GM 403 ана­­логы заманауи элементтік базада жо­баланған және радиоэлектрондық әсер ету жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Аталған әскери техника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін қазақстандық «Гранит-Талес Электро­никс» кәсіпорнында өндірілді. 2019 жыл­дан бастап Қазақстан әскерінде қол­да­ныста, пайдалану нәтижелері бойынша әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандарының пікірі жақсы. Бүгінде «Нұр» радиолокациялық станциялары еліміздің түрлі өңірлерінде жауынгерлік кезекшілік атқарады. Жалпы кез келген мемлекеттің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне қатысты ақпараттар жабық әрі жалпыға бірдей қолжетімді емес. Сондықтан сізге еліміздің әуе шабуылына қарсы қорға­нысының әлеуеті мен тиімділігі жайлы ешкім егжей-тегжейлі ашып айтпайды. – Зымыранға қарсы қорғаныс туралы сөз еткенде бронды көліктің белсенді қор­ғанысын атап өтпеуге болмайды. Танктердегі динамикалық қорғаныс элементтері зама­науи құралдарға қарсы дәрменсіз болып бара жатыр. Не істемек керек? Динамикалық қорғанысты, белсенді қорғаныс элемент­теріне көптеп ауыстырамыз ба? – Қару-жарақтың дамуы зақымдау құралдары мен қорғаныс арасындағы бә­секелестікті күшейтті. Сауытты тех­никаға келсек, (танктер, жаяу әскердің жа­уын­герлік машиналары, броне­транс­пор­тер­лер) қазіргі уақытта зақымдау құ­рал­дарының мүмкіндігі техниканың қорғаныс жүйесінен асып түседі. Бұған соңғы жыл­дардағы жергілікті әс­кери қақтығыстарда (Сирия, Таулы Қа­рабақ, Украина) ұш­қыш­сыз ұшу аппа­раттарын, жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілерді, сондай-ақ танкке қарсы басқарылатын зымырандарды кеңінен қолдану айырықша ықпал етіп отыр. Бұл зақымдау құралдары сауытты техника­лардағы динамикалық және белсенді қорғаныс құралдарының әлсіз жақтарын пайдаланады. Әдетте, сауытты техникаға зақым жоғарыдан жасалады, өйткені мұн­дағы құрыш тым жұқа, ал жо­ғарыдан ке­летін зымыран мен снарядтың тию бұ­ры­шына байланысты белсенді қор­ғаныс ке­шендерінің тиімділігі шектелуі бола­ды. Сонымен қатар тандем оқ-дәрілері ке­ңі­нен қолданылады, бұл бекіністі ны­сан­дардың қорғанысын бұзуға мүмкіндік береді. Динамикалық қорғаныс тиімділігін жоғалтатынын және белсенді қорғаныс кешендері қару-жарақтың айтарлықтай қымбаттауына әкелетінін ескере отырып, оларды қолданумен қатар, көрінетін, инфрақызыл және жылу диапазондарында бүркемелеу құралдары қолдану жағы ескеріледі. Бронды техниканы қолдану тактикасын жетілдіру, конструкцияларда заманауи материалдарды қолдану назарда болады. Қорғаныс министрлігінде қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде олардың оқ-дәрілері мен дина­микалық қорғаныста­рының қазіргі жай-күйі мен даму перс­пективаларына тұрақты мониторинг жүр­гізіліп тұрады. Танктерді қорғау эле­мент­терінің жаңа үлгілерін сатып алу қар­жының бөлінуіне қарай жоспарлы тәртіппен жүргізіледі. – Қазіргі армияны жер серігінің қолда­уынсыз елестету мүмкін емес сияқты. Қа­зақстан қашан өзінің әскери жер серігін ұшырады? Жоспар жоқ па? – Расында, қазіргі уақытта әскери мақ­саттағы жасанды жер серігі әлемнің кез келген күшті және заманауи армия­сының атрибуты болып есептеледі. Ондай жер серіктері үлкен шығын және еш­­қандай коммерциялық дивиденд әкел­мей­ді, тек бір тапсырманы – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ғана орындайды. Көптеген елдер үшін бұл керемет мәртебе әрі сән-салтанаттың белгісі, өйткені ол тым қымбат. Сондықтан әскери һәм әлеуметтік-экономикалық міндеттерді бірдей орындайтын қос мақсатты жер се­ріктерін жасау танымал болып келе жатыр. Бізде Жерді қашықтықтан зондтаудың дәл осын­дай жер серігін жасау жобалау саты­сына жетті. – Әңгімеңізге рақмет!