Қуатты армия – қуатты Қазақстан
Қуатты армия – қуатты Қазақстан
679
оқылды
Қазақ халқы үшін 7 мамырдың жөні бөлек. Өйткені бұл күні тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Биыл тұрақты армияның жасақталғанына 30 жыл толды. Жетістік те бар, әлі де атқарылуы тиіс істер де көп. Әдетте тұрақты армия тәуел­сіздіктің негізгі атрибуттарының бірі саналатыны бар. Тіпті, Қа­рулы Күштерді жасақтаудың идеологиялық астары да болады. Мәселен, соңғы жылдары Түр­кия өзінің құрлық әскерлерінің тари­хын сонау Мөде қаған зама­нынан тарата бастады. Сөйтіп, Түркия ресми түрде биыл құрлық әскер­лерінің құрылғанының 2131 жыл­дығын атап өтеді. Бірақ сол Мөде қаған күллі түркіге ор­тақ тұлға. Демек, қазақ та, өзбек те, түркімен де, әзербайжан да өз­дерінің құр­лық әскерінің құ­рыл­ған күнін б.з.д. 209 жылға апа­рып тіреуіне то­лық құқылы де­ген сөз. Алайда зама­науи стан­дарттарға сай келе­тін, жасақ емес, тұрақты армия ретінде құ­рылған Қазақстан Қарулы Күш­терінің тарихы бәрібір 7 мамыр­дан басталады.   ҚИЫН КЕЗЕҢДЕР ТАРИХҚА АЙНАЛДЫ Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу тарихы жай­лы көп айтылды, аз да жазылған жоқ. Қазақстанның тұрақты, кәсіби армиясы 1992 жылғы 7 мамырда Президенттің «Қазақ­стан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлы­ғы­мен құрылды. Содан соң ар­мия­ны жасақтау, білікті офицер-кадрлар жинау, Қарулы Күштерді қару-жарақпен, ұрыс техни­касымен қамтамасыз ету, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дағдарыстан шығарып, дамыту тәрізді көптеген мәселелер ше­шілді. Өткен ғасырдың 90- жыл­да­рындағы қиын-қыстау кезеңде бұл мәселелерді шешу оңай бол­ған жоқ. Алайда қиындықтарға қа­ра­мастан тұрақты армия жасақ­тай білдік. Тіпті, қазақтың бұрын-соңды тарихында ешқашан бол­маған әскери-теңіз флотын да құрдық. Бір қызығы, флот құру көне дәуірлерде де түркі баласы үшін таңсық дүние еді. Тарихта түркілердің алғашқы әскери-теңіз флотын 1081 жылы селжұқ бектерінің бірі Чака бей құрғаны айтылады. Одан соң флот тек Осман империясында ғана болды. Ал Ұлы дала халқы ешқашан флот құруға талпынған емес. Теңіз де жоқ еді. Ал 1997 жылы Қазақстан өзінің әскери теңіз күштерін құру арқылы ұлт тарихында алғаш рет тың әскери құрылым жасақтаған еді. Сөйтіп, тәуелсіз елдің мүд­делерін әуеде, жерде және Каспий теңізінде де қорғау мүмкіндігі жасалған болатын. Әрине, арада талай жылдар өтті. Ел дамуына сәйкес армия­ның да қуаты артып келеді. Өңір­лік қолбасшылықтар құрылды, түрлі техника мен қару-жарақтар да сатып алынған. Тоқсаныншы жылдары Президент елімізде ор­налас­қан стратегиялық бомбалау­шы ұшақтарды Ресейге қайтарып, орнына ұшқыштар айдап әкеткен техниканы, оған қоса жаңа ұшақ­тарды алған едік. Сөйтіп, 90-жыл­дардың ішінде Су-27, МиГ-29, Су-25, Л-39 ұшақтарына ие бол­дық. Кейін, 2010 жылдан соң за­манауи Су-30СМ ұшағы да ар­мия­мыз қолданатын техникалар қатарына қосылды. Тіпті, МиГ-31 ұшағына да ие болдық. Ал бүгінде Қарулы Күштерде Ресейдің ғана емес, АҚШ, Қытай, Түркия, Фран­ция, Израиль, Беларусь, Украина қатарлы көптеген елдің техникалары, Қазақстан қорға­ныс өнеркәсібі зауыттарында құрастырылған жабдықтар мен қару-жарақтар бар. Әскери ын­тымақтастықта да көпвекторлы бағыт қалыптасты. Бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Мәселен, 1997 жылы әскери теңіз күштері құрылғанда алғашқы бірнеше катерді Түркия сыйға тартса, қазір катерлер мен шағын кемелерді отандық зауыт құрас­тырады. 90-жылдары қорғаныс өнеркәсібінің 1 ғана зауыты жұ­мыс істеп, өзгелері банкрот болу­дың аз-ақ алдында қалса, қазір 24 зауыт өнім шығарады. армия Бүгінде Қазақстан аспанын С-300, «Бук», «Тор» тәрізді зенит­тік зымыран кешендері қорғап тұрса, Отандық «Арлан» көлік­тері, түріктің бронды машина­лары, француздармен бірлесе құрастырған «Нұр» радиолока­циялық кешендер елдің қорғаныс қабілетін арттыратын құрал екені сөзсіз. Қысқасы, Қарулы Күштер 30 жыл ішінде әжептәуір жаңғы­рып, елдің қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қоса білді.   МОБИЛЬДІ АРМИЯ ЖАСАҚТАУ – БАСТЫ МАҚСАТ Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихына үңілген адам миемлекеттік армияны заманауи, жедел әрекет етуге қау­қарлы құрылым ретінде жасақ­тауға ұмтылғанын байқайды. Әрі кәсіби әскер жасақтау да ешқашан назардан тыс қалған емес. Ай­талық, 1992 жылы Қазақстан ау­мағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметшілер саны 200 мыңнан асса, қазір Қарулы Күш­тер мен өзге де күштік құры­лым­дардың жеке құрамы 110-125 мың шамасындағы сарбаздан құрал­ған. Алғаш рет 1995 жылы келісім­шарт негізінде әскери қызмет өтеу жүйесі сынақтан өтіп, кейін тұтас енгізілді. Бүгінде Қарулы Күштер жеке құрамының 75 пайы­зы келісімшартпен қызмет ететін сарбаздар мен офицерлер­ден құралған. Қазақ сарбаздары дүниенің түрлі аймағында бітім­гершілік операцияларға қатысып келеді. 1992-1995 жылдары ТМД сыртқы шекарасын қорғау мақ­сатында Тәжікстанға жіберілген әскери бөлімдердің сарбаздары ерен ерліктің үлгісін көрсеткені де тарихта қалды. 2000 жылдардың басында Иракқа жіберілген әс­керлеріміздің аталған ел аумағын миналар мен жарылғыш заттардан тазалауға атсалысып, онда де ерлік жасаған азаматтардың бол­ғаны есте қалыпты. Одан бөлек БҰҰ аясында түрлі бітімгерлік іс-шараларға офицерлеріміз ұдайы қатысып келеді. Жалпы, Қарулы Күштер үнемі реформаланып, жетілдіріліп отырады. Аумақтық қолбас­шы­лықтар, бригада үлгісінде жасақ­талған әскери құрылым, арнайы мақсаттағы күштер дейсіз бе, қазақ армиясында ХХІ ғасыр та­лаптарына сәйкес келетін өзгеріс көп. Былтырдан бері Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ша­буылдаушы-барлау топтарының да қатары өсті. Тұтқиылдан төнуі мүмкін қатерге қарсы тұруға даяр болу мақсатында жыл сайын әскери жаттығулар өтетіні бар. Тек 2021 жылдың өзінде ел ішін­дегі жаттығуларды айтпағанда қазақ сарбаздары 20 халықаралық оқу-жаттығуға қатысқан. Ал қор­ғаныс саласына жауапты маман­дар 450 халықаралық шараға бар­ған. Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін Қарулы Күштерді одан әрмен реформалау, арнаулы жа­сақ­тар санын өсіру, армияның мобил­ділігін арттыру негізгі мақ­сат­қа айналды. Транспорттық авиа­ция, жедел әрекет ету күш­терін дамыту басты назарда. Әри­не, әскерилер жаңа техникалар жайлы сыр ашпағанымен, қару-жарақты Түркия, Қытай тәрізді елдерден сатып алу бағыттары да пысықталып жатқанға ұқсайды. Былтырдан бері Қорғаныс ми­нистрлігі өкілдерінің Қытай, Пәкістан, Түркия, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Канада қатарлы көптеген елдер­мен арадағы әріптестікті нығай­туға ұмтылып жатқаны байқала­ды. Демек, әскерилер жаһандық сын-қатерлерді естен шығармаған сыңайлы. Былтыр Қарулы Күш­терді, басқа да әскерлер мен әс­кери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырым­дамасы бекітілді. Тұжырымдама «әуе-ғарыштық және зымыран ша­буылына қарсы қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қа­лыптастыру жоспары» бар екені айтылған. Ал мұндай жүйе­нің стратегиялық түрлері арман біз үшін. Өйткені стратегиялық ЗҚҚ тек АҚШ пен Ресейде бар. Сондықтан оны армандамаймыз да. Демек тактикалық ЗҚҚ жүйе­сін құру көзделеді деген сөз. Мұның өзі Қарулы күштерде тың бағыттар қолға алынғанын көр­сетсе керек.   РЕЙТИНГ ДЕГЕНІҢІЗ – ШАРТТЫ ДҮНИЕ Негізі, жаһандағы елдердің әскери әлеуетіне баға беретін түрлі зерттеу орталықтары бар. Соның ішінде көпшілікке жақсы танысы – Global Fire Power рей­тингі. 2022 жылғы соңғы рейтинг бойынша Қазақстан 142 мем­лекет­тің ішінен 64 орынға тұрақ­тапты. Шетелдік сарапшылар 50-ден астам бағытты ескереді екен. Дегенмен мұндай рейтинг­тің шартты болатыны анық. Өйткені ел қорғау ісі статистика немесе рейтингпен өлшенбесе керек. Оған Украинадағы соғыс айқын мысал бола алады. Жалпы, армияның қуатын арттыру – жан-жақты іс. Әрі Қа­рулы Күштерде түйіні шешілмеген мәселе жоқ деуге тағы болмайды. Өкінішке қарай, 30 жыл ішінде әскердегі әлімжеттікті түбегейлі жоя алмадық. Оны генерал, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев та Aiqyn газетіне берген сұхбатында айтқаны бар. Одан бөлек оқ-дәрі қоймаларын күтіп ұстау, ескірген қару-жарақты жою, жаңа қоймалар салу қатарлы түрлі мәселелер бар. 2019 жылы Арыста, 2021 жылы Жамбыл об­лы­сында оқ-дәрі қоймасының жа­рылуы осы олқылықтың көрі­нісі. Дегенмен Жоғарғы Бас қолбасшы Қ.Тоқаев та, Қорғаныс министрлігі де армиядағы осынау олқылықтардың жойылуы үшін тиісті тапсырмалар берген. Біздің пайымдауымызша, әскерилер кемшіліктерді түзетуге ерекше кө­ңіл бөліп отырса керек. Әй­теуір, көңілде сондай үміт бар.