Жақында Түркияның Ыстанбұл қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан 12 спортшы аттанып, әлемнің мықтылары сыналған шаршы алаңда ел намысын қорғады. Қуантарлығы, қыздарымыз құр қайтпады. Бес боксшымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, ел қоржынына 4 қола, 1 күміс медаль салды. Осылайша, жарыста жеңіп алған жүлделер саны бойынша екінші орынды иеленді. Қазақстан құрамасынан әлем чемпионатының финалында жалғыз боксшы жұдырықтасты. Ол – Алуа Балқыбекова. Ақтық сынға дейін шығып, ел абыройын асқақтатқан спортшымен сұхбаттасқан едік.
– Алуа, жүлдеңіз құтты болсын! Бұған дейін де талай жарыстарға қатысып, топ жарып жүрсіз. Бұл жолғы әлем чемпионатынан қандай әсермен оралдыңыз?
– Рақмет! Бұған дейін бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарында мұндай үлкен жүлдеге жетпеген едім. Екінші рет қатысып отырмын. Алғаш 2019 жылы қатысқан едім. Сол кезде бірінші жекпе-жекте өзбек боксшыдан жеңілдім. Содан кейін пандемияға байланысты ешқандай әлем чемпионаты болмады. Негізі, әлем чемпионаттары екі жылда бір рет өтіп тұрады. Бірақ карантин кезінде Азия чемпионаты болды, 2021 жылы. Бұл чемпионат мен үшін маңызды еді, өйткені алдында жеңілген өзбек спортшысы да қатысты. Сол боксшыны жеңіп, мақсатыма жеттім. Ал бұл жолы бір-ақ қадам қалдым.
– Финалда түрік боксшысы Айше Чагирирмен кездестіңіз. Жекпе-жектің нәтижесіне көп көрерменнің көңілі толмады. «Алаң иелері алтынымызды алып қойды» деп наразылық білдірді. Тіпті, спорт басылымдары Қазақстанның «алтынын ұрлап алғанын», екінші раундта соққы көрсеткіші бойынша сіз алда болғаныңызбен, жоғары ұпай қарсыласыңызға берілгенін ашық жазды. Бұған не айтар едіңіз?
– Қарсыласым менен бір бас жоғары болды деп айта алмаймын. Жеңілдім деп ойламаған едім. Екеуміз бірдей жұмыс істедік. Екінші раунд аяқталып, бұрышыма келіп отырғанда, төрешілердің шешімін естіп, таңғалғанымды жасырмаймын. Күтпеген дүние болды. Ал үшінші раундта қарсыласым басым түсті. Бапкерлерім, жанкүйерлер «Сен жеңген едің» деді. Бұдан да жақсы жұмыс істеу керек пе еді деп ойлаймын.
– Жарақат алған сияқтысыз.
– Иә, шынтағымнан. Екінші айналымда Сербия елінен келген қыз қолымды қайырып жіберген болатын. Сол кезде жарысты тоқтатқызып қоя ма деп алаңдадым. Мұндай жағдайда спортшы өз қалпына келсін деп, төрешілер нокдаун санайды. Жекпе-жекті тоқтата алмайды, бірақ нокдаун ашуға міндетті. Дәрігер тексеріп, ары қарай жалғастырдық. Содан кейін жеңіске жеттім.
– Бес боксшымен кездестіңіз. Мұндай жарыстарға ешкім осал спортшысын апармайтыны белгілі. Дегенмен қарсыластарыңыздың ішінен қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?
– Үндістаннан келген қыз жастар арасында әлем чемпионы болған. Жарыстарда алдыңғы орынды бермей келе жатыр. Бойы да, қолының ұзындығы да менімен бірдей. Жарақат алғаным бар, моральдық, физикалық тұрғыдан аздап қиындық болды. Сол қызды жеңсем, жартылай финалға өтемін. Одан жеңілсем, жүлдесіз қаламын. Осыны ойлап, барымды салдым. Техникалық тұрғыда одан сәл басым түсіп, жеңіске жеттім.